Қазақтың кемеңгер Абайы – қараңғы түнекті қақ жарып туған жарық ай, әлемдік деңгейдегі айрықша құбылыс болды.
Абайдың артықшылығы – ол өлеңді ермек етіп, сөзбен сурет салып қана қойған жоқ, қазақтың бойындағы қыңырлықпен, надандықпен күресті, ұлт әдебиетіне жан бітіріп, іші-сыртын түзеді, терең ақыл-парасатымен, асқан шыншылдығымен өлең, сөзге өзгеше мән-мағына беріп, мейлінше түрлендірді. Біз үшін ол – даналықтың сарқылмас қайнары іспетті.
Шын хакім, сөзің асыл – баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанның,
Әлемнің құлағынан әні кетпес! – деп Мағжан ақын айтқандай,
Абай танымы, Абай ілімі туған халқымен бірге жасай берері анық.
Осы орайдағы даусыз бір шындық – Абай дүниетанымын әлі толық аша алмай жүргендігіміз. Ал мұның себебі – осы бағыттағы ғылыми ұстанымдар мен көзқарастың, методологияның ұзақ жылдар бойы кеңестік идеология талабына қызмет етіп келгендігінде. Абайтанушы, көрнекті ғалым Мекемтас Мырзахметұлының пікірінше, тек ұлттық, шығыстық таныммен қарағанда ғана Абайға жақындай аламыз. Өкінішке қарай, күні кешеге дейінгі бүкіл оқулықтарда бұл жағы ескерілмеді. Абайдың қалыптасу кезеңі баяндалған ғылыми еңбектердің барлығында ақынның сусындаған бұлағы, даналығының көзі ретінде – тек орыс және Батыс әдебиеті, мәдениеті көрсетілді, біз Абайды солар арқылы адам болды, ақын болды деп ұқтық. Ал Абайтану ғылымының бірден-бір негізін салушы Мұхтар Әуезов дейтін болсақ, ғұлама жазушы Абай дүниетанымының үш рухани бұлақтан құралатынын және оның қазақ халқының рухани әлемі мен шығыстың рухани қазынасы және батыстың әдеби әлемі екендігін айтқан. Біз осы арадан шығыс әлемін мүлде жұлып тастадық.
Ол аздай, енді Абайдың Қара сөздеріне соқтығу өршіп тұр. Осы орайдағы пікірлердің қаншалықты негізді-негізсіз екендігін біз бірнеше абайтанушы, әдебиеттанушы мамандар көзқарасымен сараптап көруді ұйғардық.
Жабал ШОЙЫНБЕТ, абайтанушы, ғалым: Абайды жалаң түсіну теріс түсінікке апарып отыр
Халқымыздың ұлт ретіндегі мықтылығы әрқашан рухани деңгейінен көрінеді. Қазақ ұлты кең далада қалай еркін өссе, ақыл-парасаты мен ой-санасы да сондай кең, терең болған.
Қоғамдық жағдайлар салдарынан, әсіресе отаршылдардың бізге жасаған қиянатынан, зұлымдығынан біз мұхиттың тереңдігіндей сол даналығымыздан қол үзіп қалдық. Сол жоғалтқанымызды қайта табу үшін де Абайға оралып отырмыз. Ата-бабаларымызбен ғасырлар бойы бірге жасасқан рухани ілімнің Абайда тұрғанын көріп, Алаш көсемдері бірден «Хакім Абайдан үйренейік, соған қарап бой түзейік» деп ұмтылыс жасаған. Алаш көсемдері Абайдың даналығын қолдап қана қойған жоқ. Оны жеткілікті дәрежеде оқып-үйреніп, ары қарай кеңінен насихаттады және өмірде де пайдаланды.
Ал Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бастап Абайға шабуыл күшейді. Осы бағытта үлкен бағдарлама жасалды. Мұндағы мақсат – қазақ ұлтын өзінің тілінен, дінінен, салтынан айыру, сөйтіп мәңгүрттендіру болған. Бір адам емес, мың адамды соңынан ерте алатын жігіттеріміздің өзі солардың арбауына түсті. Абайға қазіргі шабуыл – cол кезінде басталған нәрсенің жалғасы. Мұның артында үлкен күш және үлкен мәселе тұр. Біз Абайды ақын ретінде ғана таныдық, хакім Абайды әлі тани алған жоқпыз.
Дұшпандарымыздың қорқатыны: «Хакім Абайды таныған кезде қазақ ешкімге әл бермей кетеді» деп, соны танытпауға күш салып жатыр. Абайды жоққа шығарудағы мақсат – сол. «Абай деген жай адам болған, тіпті болмаған» немесе «оған біреу жазып берген» деген дақпырттарды елдің санасына сіңірмекші. Міне, біз осымен күресуіміз керек. Өкінішке қарай, күресіміз әлсіз болып тұр.
Ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының өзі: «Мен Абайды оқығанда бірден ала алмадым. Абайдың әлемі өте күрделі, терең. Ол Абайдың кемшілігі емес, оқырманның дайындығының жоқтығы» деген. Содан кейін Ахмет бастаған Алаш көсемдерінің барлығы: «Біз енді алдағы ұрпағымызға Абайды оқытуымыз керек» деді. Тек Абайды дұрыс түсіндіре білуіміз керек. Мен кездесулерде жастарға: «Айналайын, Абай туралы пікір айтқың келсе, оның өлеңдерін, Қара сөздерін тұтас оқы, қайталап оқы. Ал әр сөзін әр жерден жұлып алып алсаң, Абайды терістеймін деп өзің де теріс жолға түсіп кетесің» деймін.
Бізге кезінде шынымен де үзіп-жұлып оқытты ғой Абайды. Саясат өзіне не керек болса, соны миымызға сіңіріп жіберді, әсіресе мен қатарлы адамдардың санасына. Бұл теріс түсінікке оңай апарады. Жамандайын деп тұрсаң бір жерден бір нәрсені жұлып аласың да: «Абай, міне, былай деп айтқан» деп шыға келесің. Міне, осы мәселеде өте сақ болуымыз керек.
Балабақша, мектеп, жоғары оқу орындары болсын, менің балаларға айтарым: «Сендер Абайды құры жаттамаңдар. Абайдың он өлеңін жаттағаннан гөрі, бір Қара сөзін түсінгенің артық» деймін. Біз соған ұмтылуымыз керек. Абайды жалаң түсіндіруден барып қазір түрлі теріс түсініктер туындап отыр.
Қанат ТІЛЕУХАН, жазушы: Біз Абайдан алыстап барамыз
Біз Абайдан безінгенбіз. Абайға деген махаббат тек тілде ғана. Бір ағамыз «Абай қазақты сынаудан басқа шаруа қылды ма?» дейді. Үндемедік. Қазақы тәрбие ғой сол баяғы. Үлкенге қарсы шығуға болмайды.
Абай бірінші өзін аямаған. Өзін ар сотына салады.
Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес...
Біз осылай айта аламыз ба? Абайшыл болсақ айтуға тиіс едік қой. Жоқ, бойымыздан тарыдай мін таппаймыз. Өзімізге өзіміз ессіз ғашықпыз. Ақын:
Осынша ақымақ болғаным,
Көрінгенге қызықтым.
Ғаділетті жүректің,
Әділетін бұзыппын, – дейді. Осылай жырлап келіп:
«Сіз білесіз» дегенге,
Күнге күйіп пісіппін, – деп мақтанбасқа мақтанғанын айтады.
Біз Абай тойын жасаймыз. Абайдың туған күнін мейрам қылдық. Тұтас бір облысымыз Ұлы ақынның атымен аталады. Қазақстанның әрбір аймағында Абай ауылы бар. Мектептер, көшелер қанша ма?! Бірақ біз Абайдан алыстап барамыз. Абай аңсаған қоғамды орната алдық па? Абай аңсаған қазақ бола алдық па? Ұрлық пен қарлық. Алдау мен арбау. Сөзде тұрмау. Өсек сөзге үйір болуымыз. Бұның барлығы – Абайға қарсылық. Біз рас, шынында, Абайға қарсымыз...
Асан ОМАРОВ, абайтанушы, ғалым: Хакім қазақты жылатып айтып, көзін ашты
«Отыз жыл бос өтті, Абай сілтеген бағыттан жаңылдық, «әй, қап!» деп сан соғудың орнына, «Абайдың қазақты бірде-бір рет мақтамағаны, тек жамандай бергені несі?!» деп тулайтындар шығып жатыр.
Мысалы, Жанұзақ Әкім жақында aбай. кз. порталында жарық көрген «Қара сөзді оқыған сайын қазақ нақұрыстана береді...» деген мақаласында бар кінәні Абайға артып, хакімді жерден алып, жерге салыпты. «Абай айтып кеткен кемшілік мінездерден арылып болдық» дегені ме, бұл пақырың «асыл мұраға ревизия жасайық» деп, қара сөздердегі «қазақты ұлт ретінде қаралап, рухын жер қылатын сөйлемдерді алып тастауды» ұсыныпты. Ол-ол ма, «Қара сөздерді Абай жазбаған, 1930 жылдары НКВД жазған» дегенге дейін барыпты.
Автор ұлы тұлғаны мұқату арқылы өзінің білгіш, оқымысты екендігін көрсетіп қалуды көздеген сияқты. Әйтпесе осы күнгі қазақтың әңгүдік, нақұрыс, мәңгүрт болуына Абайды кінәлау сау ақылдың ісі ме?! Одан асқан кімің бар?! Біле білсек, адам болам деген талай буын Абайдан үлгі алып өсті. Хакім қазақты жылатып айтып, көзін ашты. Көпшілік ащы сынды дұрыс қабылдап келді, солай бола да бермек. Ал Жанұзақ Әкім сияқты хакімді түземекші болғандардың Алла тағала тұрмақ, өзінің болмысын тани алмаған деңгейі паш етіліп, масқарасы шығып отыр.
Абай советтік дәуір тұтқында қалып отыр, бұл рас, мәселен, толық жинағына бір ауыз жаңа сөз қоса алмадық. Соның салдары болар, Абай деңгейінде бір өлең я бір қара сөз жазып көрмесе де, кемеңгерге сын айтып, «оны оқытпайық, шектейік» дейтін, қала берді, даналық танымдарына «дидактика» деп қарайтын бөспелер көбейіп кетті. Абай – мәңгілік піріміз, оған соқтығу «атың шықпаса жер өртенің» кері ғана. Сондықтан: «Екі күймек бір жанға әділет пе?», «Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!» деп өзі ескертіп кеткендей, оңды-солды шабуыл жасауды доғарып, сөзіне бағатын кез келді.