ffin.kz

Ұрпақ өмірі құнсызданған қоғам болашағы баянсыз

Ұрпақ өмірі құнсызданған қоғам болашағы баянсыз almaty-akshamy.kz

Адам түгіл, құмырсқаға да қылдай қиянаты жоқ қазақы орта үшін кісі өлтіру деген баяғыда ең өрескел, ең сорақы жағдай еді. Содан да шығар, «Қыз Жібек» фильмі ең алғаш көрсетілген кезде ауылдастары «Балаң кісі өлтірді, не деген жауыз еді» деп, Асанәлі Әшімовтің анасына кейіпті дегенді естіп едік.

Кісі қаны төгілгенін кинодан көргеннің өзінде денесі түршігетін сол аңғал да таза, дархан көңіл қазақтың бүгінгі болмысы жан шошытады. Адамды адам мерт қылғаны былай тұрсын, бауыр еті баласына өз анасы Әзірейіл болар деп кім ойлаған?! Ал мұның себебі неде және онымен қалай күрескен жөн?!

Соңғы жылдары не жағдай болмады! Таразда бір әйел кішкентай екі қызын жастықпен тұншықтырып өлтірді. Сарығашта да біреу күйеуінің галстугімен қылқындырып, екі перзентін жазым қылды. Алматыда бір әйел қыздарын көпқабатты үйдің терезесінен итеріп құлатты. Бұдан басқа, еліміздің басқа да бірқатар аймақтарында балаларын «ұрып өлтіріпті», «өртеп жіберіпті», «пышақтап тастапты» деген сорақы әңгімелер шықты. Нәзік жандылардың мұндай қылмысқа баруына, негізінен, жұбайына деген өкпе-реніш пен тұрмыстық қиындықтар себепкер болған-мыс. Яғни олар – оң-солын танып үлгермеген бойжеткендер емес, ес тоқтатқан, отбасылық өмірдің ащы-тұщысын татып үлгерген әйелдер. Тек олар өз өміріне, тұрмыс-тіршілігіне наразы, отбасындағы әр түрлі себеппен туындайтын ұрыс-керіс, дау-жанжал, түсініспеушіліктен шаршаған, жүйкесі тозған.

Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда адам өз ісіне есеп беруден қалады және ақылға сыймайтын іс-әрекеттерге барады, өзін ренжіткен, жанын ауыртқан кісіден қандай жолмен, қандай әдіспен болса да өш алуға тырысады. Құдды ежелгі грек мифологиясындағы махаббатының жолында небір құрбандықтарға барған, бірақ кейіннен Ясонның опасыздығына күйініп, одан кек алу үшін екі перзентін өз қолымен өлтірген Медея дерсің. Бірақ біз грек емеспіз ғой. Салтымыз да, санамыз да бөлек. Қай-қайсымызды да анамыз «сенің табаныңа кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» деп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, үкілеп, үлпілдетіп өсірмеп пе еді? Сол жарқын үлгі-өнегені бүгінгі қыз-келіншектеріміздің жалғастыра алмағаны өкінішті, әрине.

Негізінен, кінәні заманға артамыз. «Қазір уақыт басқа», «жүйкеге салмақ түсіретін жайттар көп» дейміз. Бірақ өмірдің өңі тұтастай теріс айналып кеткен жоқ қой. Жаңа заманмен келген жаңа үрдістер бар. Күйзеліске ұшырап, ойы онға, санасы санға бөлінген кез келген адам арнайы мамандардың көмегіне жүгініп, ақыл-кеңес ала алады. Мәселен, батыстың халқы психологтің көмегіне жүгінуді ар санамайды. Алайда қазақтың салғырттығы, бәлкім, жалған намысы психотерапевт, психоневролог кабинетінің есігінен де сығалатпайды. Психологке барса да ешкімге зияны жоқ, ақыл-есі түзу адамдар барады. Ал жүйкесі сыр бергендер сырқатын мойындамақ түгіл, соның салдарынан тіпті істі болып жатса да, «менің ақыл-есім орнында», «жынды емеспін» деген сөзінен танбайды.

Осы арада мынандай ой келеді: әдетте, жергілікті емдеу мекемелері жүкті әйелдердерді тізімдеп, бақылауға алады. Сөйтіп, өкпе, бауыр, бүйрек, жүректен бастап, қыл аяғы тісіне дейін емдетіп, медициналық тексеруден өткізеді. Сол кезде неге психикалық тұрғыда тексеріп, қажет болса, тиісті ем-дом қабылдатпайды?!  Жүкті болу, өмірге бала әкелу – әкелу үлкен процесс. Сәйкесінше, босанған адамның психикасы да да үлкен өзгеріске ұшырайды. Кейбіреулер күйзеліске тап болады. Дәл сол кезде білінбегенімен, санада, ойда, бойда қалып қойған болмашы сызаттың өзі күндердің күнінде белгі береді. Отбасындағы қайшылық, әлдебір оқыс оқиға күтпеген жерден жағдайды ушықтырып жіберуі мүмкін. Әдетте жүктілікке орай, материалдық көмек беріліп, әлеуметтік қолдау жасалады. Бұл дұрыс, әрине. Бірақ сонымен қатар, аяғы ауыр немесе жас босанған аналарға психологиялық көмек те көрсетілсе, артықтық етпес еді. Қалай болғанда да, тұрмыстық қиындықтармен бетпе-бет келген жас ананың ішінен тынып, жан дүниесінің күйзеліске түсуіне жол бермеген абзал. 

Жарайды, мұны бір деңіз. «Бәледен бәле балалап, Көбейді хабар жаманат...» демекші, жүре-бара бұдан да зорын көрдік. «Баланы әжетханаға туып тастапты», «нәрестені жолдың бойына лақтырып кетіпті», «шақалақты қорапқа салып, қоқыста қалдырыпты»  деген сұмдыққа да куә болдық. Аң екеш аңның өзі баласын қорғаштап, ол үшін жан беруге дайын тұрады. Сонда он сегіз мың ғаламдағы ең саналы субъект саналатын адамзат ұрпағының аң құрлы мейірімі қалмағаны ма?! Адамзат қоғамының хайуаннан бетер тағыланып, адамдықтан, адамгершіліктен жұрдай болғаны ма?!

Сұрақ көп. Ал жауап жанды ауыртады. Рас, шақалақтарды әркім әртүрлі жағдайда күресінге тастаған. Біреу жоқшылықтан, тұрмыстағы тапшылықтан қорықса, енді біреулер оң жақта отырып аяғы ауырлап қалғандықтан, жұрттың сөзінен қашып, осындай ессіздікке барған. Бұл сұмдықтардың қай-қайсысы да айналып келгенде, «ана» деген ұғымның қадірі кете бастағанын, сонымен қатар, бала, яғни ұрпақ өмірі құнсызданғанын айғақтап отыр.

Мұндай жағдайда отбасылық құндылықтар ұғымын жұрт санасына қайта сіңіріп, қайта қалыптастырмайынша, жағдайдың оңалуы қиын. Ұрпақ тағдырына әке мен шеше бірдей міндетті болатын отбасылық жауапкершілікті арттыру шарт. Жоғарыда айтылған оқиғалардың бәрінде кінә, негізінен, әйелге артылып, жазықты сол болып саналады. Ал нәрестенің пайда болуына қатысы бар ер адам қайда?! Ол кім?! Бәлкім, бейкүнә қызды тұзағына алдап түсіріп, абыройынан айырған алаяқ шығар? Немесе бір сәттік сезімге ғана елтіп, күнәға батқан, кейіннен есін жиып, баладан да, оның болашақ анасынан да бас тартқан отбасылы еркек болар?! Қалай болғанда да, осы жағдайға себепкер болған екінші бір адам бар ғой. Жазаға тартсақ, оны да тартайық. Жағдайды осыншама ушықтырғаны үшін ол да – күнәһар.

Қалай десек те, тәрбие мәселесіндегі ең жауапты міндет – отбасының, ағайын-туыстың еншісінде. «Қызға – қырық үйден, қала берді, қара күңнен тыйым» деген жай ғана айтыла салған сөз емес. Бұл – ата-бабаларымыздың берік ұстанымы. Қыз балаға ерекше мән беріп, жүріс-тұрысын, қылығын, мінез-құлқын жіті қадағалау, ал ұл баланы қыздың ар-намысын аяққа таптамайтын, обал-сауапты ойлайтын адал азамат етіп тәрбиелеу – адамы аңнан бетер болып тұрған бүгінгі алмағайып заманда аса қажет.    

Өмірде неше түрлі жағдайлар бар. Жақсылық пен жамандық қатар жүреді. Ақ пен қара, қуаныш пен қайғы итжығысқа түсіп жатады. Біреу алдайды, біреу алданады. Осындай әділетсіз шайқаста опырылып түспей, перзентін өз бақыты үшін күресе білуге үйрету де – ата-ананың бір борышы. Бір қателікпен өмір тоқтап қалмайды. Бүгін батқан күн ертең қайта шығады. Сол жарық күн үшін күресу мен өмірді ары қарай абыроймен жалғастыруға күш беретін қажыр-қайратты, ақыл-парасатты өз бойыңнан таба білудің өзі – ерлік. Адамның адамшылығы да, бәлкім, осында...   

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39