· Мәселе
Ата-әжелеріміз жүріп өткен жолдағы ұлттық тәрбиеден ауытқып барамыз ба, соңғы уақытта отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегінің қатары көбейіп бара жатыр.
Қыңыр қылық қыр асырмас
Бүгінде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесі күн тәртібінен түспей тұрған өзекті һәм маңызды тақырыптардың біріне айналды. Бұрын бұл тақырып ашық айтылмайтын. Өйткені, біздің ата-бабамыз «бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде» деген жазылмаған дала заңдарымен отбасындағы жанжалды біреудің білгенін жөн санамаған. Ал қазір қит еткен қыңыр қылық отбасы шеңберінде ғана қалып қоймай, қоғамда кеңінен талқыға түсе бастады. Өздеріңізге белгілі, қоғамды дүр сілкіндірген марқұм Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол бермеу шаралары қолға алынып, тіпті арнайы заң қабылданды. Бірақ сонда да қоғамда бұл мәселеге қатысты қылмыстық құқықбұзушылықтар азаймай тұр.
Әйеліне қол көтеріп, отбасының шырқын бұзатын қара күш иелері әлі де көп. Мәселен, осыдан бір апта бұрын әлеужеліге тағы бір жан түршіктірер оқиға жүктелді. Көріп-білгеніміз Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданында ер адам дүйім жұрттың көзінше әйелін пышақтап, ауыр халге түсірген. Жаға ұстатар жағдайдың қалай болғанын сол жердегі кездейсоқ куәгерлер ұялы телефонға түсіріп алыпты. Әйелін өлтірмек болған қылмыскер маңайына ешкімді жолатпай, қолындағы пышақпен көпшілікке де сес көрсеткен. Тіпті тәртіп сақшыларына да бағынбаған, бірақ кейін ұсталып, қамауға алынған.
Ал оның алдында Атырау облысы, Мақат ауданының экс-әкімі Ринат Ибрагимовтің әйелін тепкінің астына алып, омыртқасын сындырғаны туралы естігенбіз. Күні кеше ғана әйеліне әлімжеттік көрсетті деген айыппен Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ӘҚБтК-нің 73-бабының 1-бөлігі бойынша Марат Әйтеновке қатысты іс қаралды. Ол да әйеліне әлімжеттік көрсетіп, экс-жұбайы Дана Әтешованы балаларымен қосып үйден күштеп шығармақ болған. Даулы оқиғадан соң сот шешімі шығып, әйелін балаларымен үйінен қуып шыққан Марат Әйтенов 5 тәулікке қамауға алынды. Тағдырлары бүлініп, үрей мен қорқыныштың жетегінде өмір сүріп жатқан әйелдерді тізе берсең тізім жалғаса беретіндей...
Интернет тәрбиелеп жатыр
Деректерге сүйенсек, Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық әкімшілік құқықбұзушылық 90%-ға көбейіп кеткен. Өткен жылы Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 69 әйел, 7 бала қайтыс болған. Қоғамды алаңдатқан мұндай қылмыстардың орын алуына не себеп? Оған кім кінәлі? Зерттеулерге көз жүгіртсек, отбасылық жанжалдарға негізінен құмар ойынға тәуелділік, маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жағдайлар себеп болатын көрінеді. Байқайсыз ба, қазір көшеде, үйде, дүкенде, көлікте, тіпті ұйқыдан тұрғанда да қолымыздан телефон түспейді. Интернет қолжетімді болғаннан кейін шығар, сол құрылғыда көзің де, өзің де қызыға қарайтын көріністермен қоса, әдепсіз іс-әрекеттер де толып жүр. Сол бір құлаққа түрпідей тиетін бейпіл сөздер мен бейәдеп көріністер үлкендермен бірге бала-шағаға да ортақ. Демек, бізді интернет тәрбиелеп жатыр.
Қазақ үшін отбасы – қасиетті ұғым, қастерлі құндылық. Адам баласына берілетін тәрбиенің ең негізгі діңгегі де отбасында қалыптасады. Әке – отбасының тірегі, ана – сол шаңырақтың берекесі. Сондықтан жанұядағы тыныштық екеуіне де тікелей байланысты. Ал бала үйде көргенін істейді, естігенін айтады. Демек, қоғамдағы кез келген мәселе тәрбиеге келіп тіреледі. Бүгінгі бала ертеңгі бір үйдің отағасы, отанасы. Егер әкесі шешесін екі күннің бірінде тоқпаштап ұрып жатса, кейін ол үйде өскен ұл өзі үйленгенде «е-е, күйеу болу осылай екен ғой...» деп жұбайына жұдырық ала жүгірсе кімді кінәлаймыз? Ал анасының күнде таяқтан көз ашпай жылап жүргенін көріп өскен қыз, кейін осындай қорлыққа көнеді деп ойлайсыз ба? Демек, барлығы тәрбиеде. Балалар ата-ананы сыйлауды, әйел затын құрметтеуді кішкентай кезінен бойына сіңіріп өскенде ғана отбасында зорлық-зомбылыққа орын болмайтыны анық.
«Әйелді ұрма, сағы сынады...»
Бүгінде қоғам өмірін нәзікжандылардың еңбегінсіз елестету мүмкін емес. Қазір билікте де, бизнесте де, ғылым мен мәдениетте де қызмет атқаратын әйел-аналардың қатары көп. Таңның атысы күннің батысы бір тыным таппайтын жандар, үйдегі ұсақ-түйек қыруар тірліктің де ұйытқысы. Ерінің тапқан табысын берекелендіріп, қызметте абыройын асқақтатып жүрген де әйелдер.
Әулеттің ұрпағын жалғастыру, отбасының қамын ойлау, туысқандардың көңілін табу, реті келсе қызмет істеу... Міне, бұл қазіргі қазақ әйелінің бейнесі. Ендеше, үйін тазалап, бала-шағаға уақтылы тамағын беріп, жуылған киімдерді үтіктеп, арасында, түрлі тәттілер пісіріп, азаматының жағдайын жасап, балаларын ойнатып, сабағын оқытып, тізбектесең кете беретін үй шаруасының шашауын шығармай отырған әйел-аналар неге зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы тиіс? Баяғыда әжем «әйел қырық шырақты, бірі сөнсе бірі жанады» деп айтып отырушы еді. Расында да, заты әйел демесеңіз, Жаратқанның сол нәзікжандыларға көрінбейтін қайрат беріп, жүктеген міндеттері аз емес қой. «Әлемді, жерді жап-жарық етіп отыратын екі нәрсе бар: біреуі – күн, екіншісі – әйел» дейтін ел аузындағы осы бір қанатты сөзден де нәзікжандылардың бүкіл болмысын көрсетпей ме? Әйел бар жерде береке бар. Әйел бар жерде отбасында тазалық, тәртіп бар. Әлбетте, үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Кейде келіспей қалып, ерлі-зайыптылардың арасында реніш болып жататын кездер болып тұрады. Бұл барлық отбасында кездесетін жағдай. Ендеше, отбасы үшін бар күш-жігерін жұмсайтын нәзік жаратылыс иесіне қол көтеруге бола ма? Аялаудың орнына аямайтыныңыз не?..
2024 жылғы 15 сәуірде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге бағытталған заңға қол қойды. Жаңа заң әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейтуді көздейді. Осылайша бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру әкімшілік құқықбұзушылық ретінде сараланып келсе, енді осы тектес қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Жазаларға 80-нен 200 АЕК-ке дейін айыппұл, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту және 50 тәулікке дейін қамауға алу жатады.
«Әйелді ұрма, сағы сынады, баланы ұрма, бағы сынады» деген ата-бабаларымыз әйелді де, баланы да ұрмай-соқпай-ақ ақылмен басқара білген. Ендеше, отбасы берекесін кетірмей, татулықта ұстауды есті азаматтар ескеріп жүрер. Иә, заманға қарай адам да даму керек. Бірақ ол біздің ата-бабамыздың өткен жолы мен тағылымын ұмыт деген сөз емес. Жаһандану процесінің жетегінде кетпеу үшін біз ұлттық тәрбиеге ерекше мән беруіміз қажет.
Есіңізде жүрсін!
Әлімжеттік жасау, біреуді ұрып-соғу арқылы денсаулығына, өміріне қауіп төндіру, ар-намысына тию – мұның бәрі заң бойынша жауапқа тартылатын қылмыстық әрекеттер болып табылады.
Сіз білесіз бе?
- · 2022 жылы әлем бойынша 89 000 әйел мен қыз қасақана өлтірілген, олардың ішінде 48 000-ға жуығы жыныстық серіктесінің не өз отбасы мүшелерінің бірінің қолынан өлген.
- · Әр үшінші әйел өмірінде бір рет болса да физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық көреді екен.
- · Әйелдер мен қыздардың 86%-ы гендерлік зорлық-зомбылықтан құқықтық қорғау жоқ елдерде өмір сүреді.