ffin.kz

Сыйлық араздасуға себеп болмауы тиіс

Сыйлық араздасуға себеп болмауы тиіс Сурет ЖИ

Соңғы уақытта ел арасында түрлі пікір туғызып жүрген мәһір мәселесіне нүкте қойылды. Күні кеше ғана Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызға берілетін қалыңмалды мәһір деп санауға болатыны жөнінде арнайы пәтуа шығарғанынан хабардар болдық. 

«Мәһір – шариғат шарты» екен деп, кейбір қыздардың тұрмыс құрар-құрмастан ашкөздікке салынып, күйеу жігіттен аспандағы айды талап еткен жағдайлары жиілеп кеткені шындық. Қала мешіттерінің бірінде имам болып жүрген таныс жігіт жуырда ғана сондай бір оқиғаға куә болғанын айтты. Неке қидыру рәсімінің бірінде қалыңдық күйеу жігіттен өзінің атына жеке пәтер алып беруді сұрапты. «Оның қажеті қанша?! Баспанасыз емеспіз, ата-анамыз онсыз да бізге пәтер сыйлап жатыр ғой» десе: «Жеке пәтер менің болашақтағы қауіпсіздігім үшін керек» депті қымсынбастан.

Жалпы, тек ол ғана емес, некелесу шарты ретінде қымбат көлік, пәтер, басқа да бағалы бұйым сұрайтындардың көпшілігі мәһірді «ертең ажырасып кетсем немесе әлдеқандай жағдай бола қалса, күнкөрісім үшін қажет» деп ойлайтын көрінеді. Ал енді осындай бақай есеп пен теріс пиғыл жақсылыққа жеткізе ме?! Қалыңдығының буынсыз жерге пышақ ұрғанынан қолайсызданған жігіттердің көпшілік алдында не айтарын білмей салы суға кеткендері де, «Маған мұндай дүниеқоңыз әйелдің қажеті жоқ» неке қиюдан мүлде бас тартқандары да болғанын әлеуметтік желіден жұрт көріпіліп отыр.

Мәһір мөлшерінің шамадан тыс болуын ислам діні де құптамайды. Жас жұбайлардың шаңырақ көтерер алдында бір-біріне артық салмақ салып, орынсыз қинамай, түсіністік танытуы – ары қарай да сыйластықпен, жарасымды өмір сүруіне кепіл болмақ.  

Бұл ретте, тарихшы, этнограф Мақсат Алпысбес: «Мәһір, ол – сыйлық. Ал сыйлық деген – араздасу үшін емес, сыйластықты одан әрі арттыру үшін беріледі. Егер араздық тудырса, ол сыйлық емес. Еуропа елдерінде «неке шарты» деген ұғым бар. Онда екі жас некеге дейінгі өздеріне тиесілі материалдық мүліктерін кейін дау тудырмайтындай келісіп бекітіп алады. Ал біздің қазақ қоғамындағы неке заңдылығында материалдық құндылыққа көз тігу, соған басымдық беру деген түсінік жоқ», – дейді. Сондайқ, тарихшының: «қалыңдыққа сый беру қазақ салтында да бар дүние. Сол үшін де араб, парсы халықтарының өздерінің ұлттық мәдениетіне, шариғат заңдарына қатысты дәстүр-ғұрыптарын қазаққа әкеліп тели берудің қажеті жоқ. Біз зайырлы қоғамда өмір сүріп жатқаннан кейін әлеуметтік мәселелердің бәрін дін талаптарына бағындыра беруге болмайды», – деген тұжырымы да көкейге қонады.

«Ата салтың – халықтық қалпың» деп салтәстүрді елдіктің, бірегейліктің өзегі санаған бабаларымыздың қыз ұзатуы мен келін түсіруінің де өзіндік жөн-жорасы қалыптасқаны мәлім және қалыңмалдың мәһірге саналатындай жөні бар. Өйткені ол да айналып келгенде қалыңдықтың жасау-жабдығы ретінде өзіне беріледі. Енді ғана бас құрап, жаңа өмір бастаған жастарға бұл да болса көмек.

«Ештен кеш жақсы» демекші, мәһір жөнінде уақыт өткізіп барып болса да бір ұйғарымға келген діни басқарма:

«Қазақ дәстүрінде қалыңмал – қалыңдық үшін берілетін мал-дүние. Егер екі жас ажырасқан жағдайда қалыңдық малы қыздың иелігінде қалатын болған. Осы тұрғыдан қалыңмалды мәһір деп санауға болады. Ал «әке еңбегі», «ана сүті», т.с.с. қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік мәһірге саналмайды. Сондай-ақ, қыздың жасауын әкесі өз мүлкінен алып берсе, бұл мәһір болып есептелмейді. Қалыңмал берілмейтін өлкелерде неке қию барысында мәһірді белгілеуі тиіс. Мәһір белгіленбеген жағдайда некесі дұрыс болады. Бірақ күйеуі мәһр-мисл береді»,  деген пәтуа шығарыпты.

Байқап жүргеніміздей, соңғы кездері ел арасында жиі талқыланып, жиі пікірталас тудыратын да дін мен дәстүрге, шариғатқа қатысты мәселелер болып тұр. Сондықтан әңгімені ушықтырмай, әр нәрсеге дер кезінде байыпты байлам жасауды ескерген жөн. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:32

12:13

11:56

11:52

11:40

11:29

11:11

11:05

10:49

10:47

10:36

10:16

10:08

09:54

09:17

09:03

08:49

08:05

19:58

19:03

19:00

18:35

18:08

17:48

17:41