ffin.kz

Сүйіңіз, сүйгеніңіздің сүйіктісі болыңыз...

Сүйіңіз, сүйгеніңіздің сүйіктісі болыңыз... Коллажды жасаған Нұрбосын ӨРІСҰЛЫ

Қозы Көрпеш пен Баян сұлу – мәңгілік махаббат символы


Ғашықтар күнінің тұрақты тойланып келе жатқанына 13 жыл болғанымен, алғаш Қозы Көрпеш – Баян сұлу күнін республика көлемінде атап өтуді 1999 жылы Дархан Мыңбай ұсынған болатын. Бастама көптің көңілінен шықты. Бірақ мемлекет бойынша нақты күні белгілен­бегендіктен, еліміздің әр өңірінде бұл мереке әр кезде атап өтіліп жүрді.


Ұлттық ғашықтар күнін белгілеудегі мақсат – жастардың жат ағымдарға бой алдыруына жол бермеу, аты да, заты да қазаққа бөтен «әулие Валентиннен» алыстату еді. Иә, осыдан 10–15 жыл бұ­рынғы уақытпен салыстырғанда «Вален­тин күнін» күтіп, қызыл жүрекшелер тарататындар қатары әлдеқайда азайды.


Әр адам үшін өзінің өмірлік серігін, жүрегінің жартысын жолықтырған күн – махаббат мерекесі. Дегенмен, жы­лына бір рет махаббат күнін атап өтіп, бір-біріне сый-құрмет көрсету, гүл сый­лау ешбір жұпқа артықтық етпесі анық. Біз бүгін елге белгілі танымал жандар­дың ерекше махаббат хикаясы туралы баяндаймыз.


Меруерт ӨТЕКЕШОВА: Мәңгілік жүрегімде



- Ел бізді «Қыз Жібек» фильмінде танысып, үйленіп кетті деп ойлайды. Киносынақ кезінде танысқанымыз рас. Бастапқыда мүлдем сөйлескен де жоқпыз. Бірақ күнде түсіру алаңында кездесіп қалғандықтан, бірте-бірте бауыр басып кеттік. Екеуміз де жаспыз, екеуміз де әдеміміз. Сөйтіп жүріп, бір-бірімізге ғашық болып қалдық. Екінші курста оқып жүргенде Құман екеуміз Ғани Мұратбаев туралы «Біздің Ғани» деген киноға түстік. Құман Ғани рөлін сомдаса, мен оның зайыбы Раушанды ойнадым. Содан кейін екеуміз үйлендік. Тойымыз кино секілді өтті, «Қыз Жібек» киносындағы образдарымызбен киініп шықтық. Менің бетімді Шеге (Әнуар Молдабеков) домбырамен ашты. Асанәлі ағамыз асаба болды. Ресми некемізді тіркеу киностудияда болды. Кейіннен театрда да бірге жұмыс істедік. Құман дәл Төлегендей ашық-жарқын, адал адам болды. Құманмен өмірімді байланыс­тырғаныма еш уақытта өкінбедім. Өнерде де, өмірде де мәңгілік серігім болды.


Жүрсін ЕРМАН: «56 жыл ғашық болдым...»



- Біз мектепті бітіре салысымен таныстық. Бір-бірімізді бойжеткен мен бозбала кезімізден білеміз. Бақытжамалдың жездесі Боздақ деген ауылда тұратын. Сол жерге менің туған ағам мал дәрігері болып барды да, Ауыл шаруашылығы қыз­меткері күні болды. «Вечер» жасайтын едік. Сол кезде ұнатып қалдым. Қыр соңынан қалмай қойдым. «56 жыл ғашық болдым мен саған, 56 жыл өмір сүрдім ендеше» дегендей ғой.


Ұлту ҚАБАЕВА: «Бәрі достықтан басталған...»



- Өнер студиясына түскен кезде, бәріміз де жан-жақтан келдік. Ол кезде колхоз жұмыстарына жіберуші еді. Сонда бізді Панфилов ауданы­на картоп теруге жіберді. Әңгіменің бәрі картоптан басталды. Ол кезде бір ай, бір жарым ай сол колхоз жұмысында жүретінбіз. Сол кезде таны­сып, білісіп, дос болдық. Әңгіме достықтан басталып, арты махаббатқа ұласты. Алғашқы кезде оның ұнатқан қызы болды, мен оны ұнатқан қызымен кездесуіне көмектесіп жүретінмін. Сөйтіп жүріп, ол қыз тұр­мысқа шығып кетті, Рамазан әскерде жүргенде алып қашты. Біздің достығымыз махаббатқа ұласты, сөйтіп, үй болып кеттік.


Біздің дәйектеме



  • Ғашықтар күнін атап өту жайлы ұсыныс осыдан 20 жыл бұрын айтылған.

  • 1999 жылы қоғам қайраткері Дархан Мыңбай мәңгілік махаббат символы – Қозы Көрпеш – Баян сұлу күнін белгілеу туралы ұсыныс айтқан.

  • Қазақ халқында бұл жұп – мәңгілік махаббат пен кіршіксіз сезімнің символы.

  • Бұл күн ұлттық мәдениетімізге, халқымыздың салт-дәстүрлері мен адамгершілік рухына негізделген дәстүрге айналып келеді.

  • Қазақстанда тек 2011 жылдан бастап бұл күн мерекелік күн ретінде тойлана бастады. Осы жылы Алматы қаласы әкімдігінің жастар саясаты басқармасы бұл күнді өздерінің ресми шараларының қатарына қосты.

  • Қозы Көрпеш — Баян сұлу эпосы – халқымыздың асыл қазынасы. Бір-біріне қосыла алмаған қос ғашықтың қайғылы махаббатын жырлайды.

  • Лиро-эпостық жыр XIII-XIV ғасырлардан бастап жырланып, XIX ғасырдың орта тұсында қағазға түсірілді.



Нұрлан ҚОЯНБАЕВ:  «Таразға іздеп барсам, ол шымкенттік екен»



- Мен оқу орнын бітірген жылы Аграрлық университетте ректордың көмекшісі болып жұмыс істедім. Әйгерім 1-курс студенті бол­ды. Сырттай таныс болдық. Кейін бір мей­рамханада кездесіп қалдық. Сол жерде жа­қын таныса бастадық. Ол кезде менің елге танылып жүрген кезім. Соны пайдаланып, өзімді іскер адамша көрсеттім. Телефон нөмірін алып, бір аптадан соң хабарласам дедім. Оған дейін қолым тимейтінін айттым. Бірақ үйде бос жаттым. Бір аптадан соң ха­барласып сөйлестік. Кейін Әйгерімнің ата- анасымен танысу үшін Таразға бардық. Әй­герімге хабарлассақ, ол Шымкентте екенін айтты. Ол, сөйтсем, шымкенттік екен. Қайта Шымкентке жол жүрдік. Осылайша отбасы­лы болғанымызға 15 жылдан астам уақыт өтті.


Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ, жазушы: Ұғым аясын кеңейту маңызды



- «Валентин» күнін тоқтату үшін осындай «Ғашық­тар» күнін ойлап тапқаны – құптарлық іс. Әйткенмен, осы ұғымды қыз бен жігіттің арасындағы махаббатпен ғана байланыстырып, соның аясында ғана қалдыруға болмайды. Бұл күнді ананың балаларына махаббаты, баланың ата-анасына махаббаты сияқты кең ауқымда қарастыру керек, сонда қоғамға тез сіңіп кетеді.


Осы мейрамның дербестігімізбен бірге қазаққа қайта оралғаны жөн болды. Өйткені, әр халықтың өзіне тән ұлттық дүниесі болары анық. Ең бастысы, заманға сай етіп, ұғым аясын кеңейту маңызды деп білеміз.


Ардақ БЕРКІМБАЙ, тарихшы, этнограф: Салт-дәстүрлеріміздің тәрбиелік мәні бар



- Махаббат күнін ұлттық танымымызға, салт-дәс­түрлерімізге қайшы келмейтіндей етіп атап өткен абзал. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу күні» деген атау сәтті қойылған деп ойлаймын. Енді осы күнге арнап символ ойлап табу керек. Қазақ дәстүрінде «қызға қырық үйден тыйым» деп қыз баланың тәрбиесіне ерекше мән берген. Өз сезімін бірінші болып сөзбен жеткізбеген. Сондықтан бойжеткендер сезімдерін кестелі орамал сыйлау арқылы білдірген. Ата-бабала­рымыздан қалған салт-дәстүрлеріміздің барлығының жөн-жосығы, тәрбиелік мәні бар.



Бұл атаулы күнді ежелгі дәстүрлерімізді жаңғыр­тып, заманға сай қолдана білуіміз керек. Бозбалалар мен бойжеткендер бастаңғы жасаса болады. Ертеректе ауылда үйдің үлкендері жолаушылап кеткенде, ауыл жастары сол үйге жиналып, бастаңғы жасаған. Ол, әрине, үлкендердің рұқсатымен болған. Осындай кештерде құрбы-құрдастар ара­ласып, бір-бірін жақын танып, бойжете бастаған қыздар жағы қонақ күтудің жол-жоралғыларын үйренеді. Ән айтылып, күй шертіліп, ойындар ойнал­ған. Айлы, жарық түнде ақсүйек ойнаған. Алтыбақан құрылып, бозбалалар мен бойжеткендер махаббат әндерін шырқап, бір-біріне жеткізе алмай жүрген сезімдерін тұспалдап жеткізген. Наурыз мейрамында бойжеткендер жігіттерге «ұйқыашар», ал бозбалалар қыздарға «селт еткізер» сыйлықта­рын жасаған. Яғни білезік, жүзік, сырға, моншақ сынды сәндік бұйымдарды сыйлаған.



Махаббат күніне орай білезік пен кестелі орамалды символға айналдыруға болады. Кестелі орамалдарға Қозы Көрпеш – Баян сұлудың бейнесін салып, арнайы белгісі бар білезіктер шығаруға болады. Қызыл жүрекшелерді ұлттық нақышта жасап, ұсынса көпшілікке қолжетімді болар еді. Мұның бәрі - өз сезіміңді білдірудің көрінісі. Осы дәстүрлерімізді «Қозы Көрпеш – Баян сұлу күнінде» жаңғырта білсек, өзіміздің ұлттық нақышта­ғы «Махаббат күніне» айналар еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:14

13:43

13:13

12:44

12:12

11:41

11:11

10:43

10:36

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30