Әлемнің үздік әртістері Алматының цирк күмбезінің астына жиналады
Көрерменді қызықтыру, таңқалдырудың негізгі тетігі – ешқандай сақтандырусыз қауіпті жағдайда өнер көрсету. Бұл өнерде қателесуге болмайды. Циркте жіберген қателікті қайта түзеуге мүмкіндік жоқ. Әр нөмір бір-ақ рет көрсетіледі. Қателік жіберсе, жарақат алуы мүмкін немесе өміріне де қауіп төнуі ғажап емес. Сондықтан цирк – фальштен таза, фонограммадан ада өнер. Мұнда кинодағыдай екінші дубль деген жоқ. Цирк – тәуекел мен қауіп-қатері көп ерекше өнер. Осынау таңғажайыпқа толы бұл өнер балаларға ғана емес, үлкендер үшін де қызықты әрі әсерлі.
Цирк күніне орай бүгінгі Қазақ мемлекеттік циркінің тыныс-тіршілігін біліп, алдағы бағдары мен жоспарын анықтау мақсатында аталған өнер ордасының директоры Мақсат ЖАЙЫҚОВПЕН сұхбаттасқан едік.
Қазақ мемлекеттік циркі
Мақсат Жайықовтың айтуынша, бүгінде атақ-абыройы аспандап тұрған Қазақ мемлекеттік циркінің әлемдік аренадағы беделі жоғары. Сонымен қатар, ғаламтор, әлеуметтік желі, қала берді, әлемді әбігерге салған індет қазақ циркінің жұмысына кедергі келтірген емес. Оның айтуынша, цирк ешқашан көрерменсіз қалған емес әрі циркке келушілердің қатары сиреген жоқ.
– Қазақ циркі – әлемдік цирк өнерінде сан қырлылығымен, жаңашылдығымен өзіндік орнын айшықты түрде белгілеген өнер ордасы. Сан түрлі өнердің ішінде цирк өнері, цирк мәдениетінің орны бір төбе. Цирк – қиын сала. Олай дейтін себебіміз - әртіс сахнада, көрерменнің көз алдында өнер көрсетуі тиіс. Көрерменге түрлі эмоцияны тікелей сезіндіре алуы керек, – дейді цирк директоры.
Бәріне тоқталмай, кейінгі жылдарды ғана қамтитын болсақ, цирк ұжымы түрлі халықаралық байқауларда қанжығасын майлап, еліміздің мерейін үстем етуде. Жалпы алғанда, цирктің жетістігі аз емес.
– Біздің цирк халықаралық фестивальдерге үнемі қатысады. Бұл да қазақ циркінің әлемдік деңгейде өте жоғары бағаланатынын білдіреді. Өйткені, мұндай фестивальдерге шақырту алудың өзі оңай шаруа емес. Мәселен, 2022 жылы біз халықаралық дәрежедегі үш фестивальге қатыстық. Соның бірі – Астана қаласында өткен жыл сайынғы «Азия жаңғырығы» XIII цирк өнерінің фестивалі. Онда әлемнің 13 мемлекетінен сексенге жуық қатысушы өнер көрсетті. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Құрманғали Досбатыровтың жетекшілігімен белдіктегі әуе дуэті «Жаңбырмен көкке самғау» нөмірі 2-орын алып, күміс медальға және Тәжік мемлекеттік циркінің арнайы сыйлығына ие болды. Равиль Сейдгариевтің жетекшілігімен «Даршылар» нөмірі алтын медальды – 1-орынды жеңіп алды!
Сондай-ақ, өткен жылы күз айында Саратов қаласында «Принцесса цирка» халықаралық фестивалі өтті. Оған да оншақты мемлекеттен жүзден астам қатысушы келді. Тек қыздар ғана қатысқан фестивальде Анастасия Демидова деген қызымыз қола тәжін алды. Бұл қазақ цирк өнерінің үлкен мектебінің қалыптасқанын білдіреді. Халықаралық аренада өзіміздің шегелеп қойған орнымыз бар, – дейді М.Жайықов.
Бұдан өзге, жыл сайын Қазақ мемлекеттік циркінің әртістері Монте Карлода, Жирона, Қытай еліне және әлемнің тағы басқа мемлекеттеріне сапарлап, өнер көрсетеді. Қазірдің өзінде цирктің бір топ әртісі бір жылдық келісімшартпен Англияда өнер көрсетіп жүр екен. Бұл да үлкен жетістік.
– Цирк өнері көбіне көшпелі дәстүрмен дамитындықтан, Қазақ мемлекеттік циркі жыл бойы басқа елдерге барып, авторлық бағдарламасын көрсетіп, шетелдік цирк мамандарының тәжірибесін үйреніп келуге тырысады. Жылына оншақты шақырту аламыз. Португалия, Испанияда жұмыс істеп келді. Келісімшарт, меморандум бойынша Алматыға да басқа елдерден түрлі цирк ұжымы келіп, өнер көрсетеді, – дейді Мақсат Жайықов.
Керек дерек
- Цирктің кәсіби ұжымының тұңғыш қойылымы 1970 жылдың 24 шілдесінде Саратов цирк манежінде қазақ ұлттық «Медеу» бағдарламасымен ашылған еді.
- Қазақ мемлекеттік циркінің әртістері әлемге әйгілі Монте-Карло (Монако), Мәскеу, Ижевск (Ресей), Ухань және Учао (ҚХР), Астана, Рига (Латвия), Латин (Италия), Якутск (Саха Республикасы), Фигейрос (Испания), Париж (Франция) қалаларында өткен түрлі беделді халықаралық цирк байқауларының бірнеше дүркін жеңімпазы.
- Елімізде ресми түрде тіркелген төрт цирк (Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды) бар. Оның үшеуінде ғана штат бар. Ал Қарағандыдағы цирк штатында артист жоқ, бірақ цирк алаңы бар екен.
Көрерменге берері көп ұжым
Талай асулар мен биіктерді бағындырған цирк ұжымы әркез шығармашылық ізденіс үстінде екенін тілге тиек еткен цирк директоры тағы бір жағымды жаңалығымен бөлісті. Биыл шілде айында Қазақ мемлекеттік циркі халықаралық деңгейде фестиваль ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
– Шілденің 24-і – Қазақ мемлекеттік циркінің туған күні. Сол күнге орайластырып үлкен фестиваль ұйымдастыруды қолға алдық. Дайындық жұмыстары басталып кетті. Төрт күнге созылатын фестивальге 15 мемлекеттің өнерпаздары қатысады. Яғни әлемнің үздік әртістері Алматының цирк күмбезінің астына жиналады. 10 мемлекеттен эксперттер келеді. Венгрия, Болгария, Франция, Италия, Ресей және Орта Азия елдері цирк өнерінің майталмандары қатысады.
Фестивальдің атауы әзірге белгісіз. Бірақ бұл атау Алматының визит карточкасы болатындай атау болса екен деген ниет бар. Бұл шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – халық арасында цирк өнерін насихаттау, тәжірибе алмасу және халықаралық байланыстарды дамыту, – дейді директор.
Бұл фестивальге қазақ циркінің ұжымы да қатысып, бақ сынайды.
– Еуропадан келетін қазылар алқасын арнайы техника, эффект немесе даңғаза музыкамен таңқалдыра алмайсың. Оларға қазақтың этно, салт-дәстүрі қызығырақ. Бұл фестивальге Nomad Stunts атты-акробатикалық тобы арнайы бағдарлама дайындап жатыр. Еліміздің өзіндік өрнегінің, ұлттық бояуының барын көрсетуге тырысады. Ұлттық әуенмен сахналанған қойылым қойылады, – деді Мақсат Жайықов.
Расымен, әлемде неше түрлі цирк бар болса да, қазақ циркінің даралығын Nomad Stunts тобы ерекшелейтінін ерекше атап өткен жөн. Биыл наурыз айында Мемлекет басшысы Nomad Stunts тобының жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жайдарбек Күнғожиновке ер-тоқым сыйлаған екен. Сондай-ақ, Nomad Stunts тобы дүниежүзiлiк каскадерлер академиясының Taurus World Stunt Awards (АҚШ) сыйлығының иегері. Бүгінде бұл топтың жартысы Өзбекстанда Нетфликс компаниясымен бірлесіп, кино түсіріп жатыр. Оған дейін Голливудта жұмыс істеп келді.
Сөз соңында бүгінде қазақ цирк өнері жаңғыру жолында екенін тілге тиек еткен Мақсат Жайықов бұл өнерді жаңашыл идеялар мен жоғары кәсіби шеберліктің көмегімен жақсартып отыруды көздейді.
Иә, көңіл күйіңізді көтергіңіз келсе, циркке барыңыз. Әрбір қойылымның билет құны соншалықты қымбат емес. Алайда, оның ішіндегі өнердің бағасы қымбат. Одан жан-дүниеңіз тынығып, балаша қуанып, бір сергіп қаларыңыз сөзсіз. Ал сіз циркке соңғы рет қашан бардыңыз?!