ffin.kz

Студенттердің дастарқанын ойлап отыратын

Студенттердің дастарқанын ойлап отыратын almaty-akshamy.kz

Алматыны басқарғандар




Тақырыбымызға тұздық үшін алдымен мына бір ғибратты дерек сөзіне ден қойғанды жөн көрдім.


«Қаланың басшылары мен әкімдері төрт түрлі болады. Нағыз әкім. Ол – бірінші басшы, сондықтан оның бойында ұштасқан алты қасиет болуы керек: даналық, асқан пайымдағыштық, қалтқысыз сендіру, өте жақсы қиялдау болып кете береді». (Әл-Фараби. «Қайырымды қала мен нағыз әкімдер туралы»).


Алматыны басқарған Ақан Жолайұлы Қойшымановтың бойында да осы қасиеттер шоғырланған деп батыл сеніммен айтуға әбден болады. Ол қанында бар мейірім, ізгілік, биік парасатпен қатар, мол білім жиған азамат еді. Тарихты жақсы білді, көркем әдебиетті көп оқыды. Сондықтан да болар, өзінің сан салалы қызметінің бір қасиетті міндеті ретінде ауыл мен қала арасындағы байланыстың үзілмеуіне көп күш салды. Былайша айтқанда, дала мен қаланы өркениеттің тоғысқан жеріне айналдыруды армандады. Ол арманына біртабан болса да жақындады. Кезінде қаланы ауыл асырайтын. Қазір қала да, ауыл да өз бетінше күн көруге кіріскені жасырын емес. Ойымызды Ақаңның асыл жары Дина Ғибатқызы Қойшыманова былай толықтырар еді.


– Ол қалада жайлы тұрмысты бастан кешіп отырса да ауылдың жағдайын көбірек ойлайтын. Біз қазір бір құндылықтарды жоғалту арқылы екінші құндылықтарды өмірге әкеліп жатырмыз. Бұрынғының бәрін жоққа шығаруға болмас. Кезінде тұтыну кооперациясында көкөніс, жеміс-жидек дайындаудың қалыптасқан тәртібі болатын. Сол арқылы келер жылға арнаулы қоймаларға көкөніс, жеміс-жидектің мол қоры жасалынатын. Ақан Жолайұлы жыл сайын кезінде дайындау мекемелерімен түрлі жиналыстар өткізіп, олардың арасында ынталандыру мақсатында өзара жарыстар өткізуді дәстүрге айналдырған. Осы арқылы халықтың тұрмыстық жағдайының жақсарып, материалдық жағынан елеулі көмек алуларына да мол мүмкіндік туғызды. Жақын облыстар мен қала маңындағы аудан басшыларымен келісім-шарт жасалып, қала  халқын құнарлы, арзан азық-түлікпен, шаруашылық бұйымдарымен қамтамасыз етудің тиімді жобасын жасады. Сонымен қатар, қала халқы науқандық қауырт жұмыстарда ауыл еңбеккерлеріне өз көмек қолдарын созады. Ақаңның бұл тірліктері топырақтан, ауылдан қол үзбеудің тиімді жолы деп отыратын.



«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген нақыл тәуелсіздіктен бермен қарай айтыла бастады. Табиғаты қарапайым Ақаңның бойында бұл нақылдың неше атасына жауап беретін қасиеттер жеткілікті еді. Дина апамыз естелігінің бір тұсында: «Ол күнде таң бозынан тұрып, жаяулатып, күнделікті тұтыну заттарын сататын дүкендерді аралайтын. Алматыда бір күн нан болмай қалуын көз алдыңызға  елестетіп көріңізші! Мысалға, бір ғана Алматы қаласында нан сататын 360-қа жуық дүкен бар болатын. Сол дүкендерге нанның жеткізіліп отыруын өзі қатаң бақылап отыратын. Халықтың неге зәру екенін арнайы диспетчерлік орталық аштырып, зерттеу жұмыстарын  жүргізетін», – депті.



Расында, ол өзін ешқашан бастық сезінуге уақыты да болмаған тәрізді. Осы ұстаным отбасында да қалыптасты. Апайдың мына бір сөзі соның айқын дәлелі: «Қапшағайда да, Алматыда да оның қызмет бөлмесіне кіріп көрмеппін. Тіпті, қанша еңбекақы алатынын да білмеппін. Өзімнің рөлім үйде ғана деп білдім. Айтсам, сенбеулері де мүмкін. Мен ел қатарлы сүт кезегінде тұрып, үйге азық-түлік әкелетінмін», – дейді. Иә, Ақаң ел қатарлы демалу дегенді де ойламапты. Өмірінде бір-ақ мәрте Бурабайда демалыпты. Қалт етсе ауылға баратын көрінеді. Еңбекақы демекші, өмірден озғанда жинақ кітапшасында бар болғаны 50 доллар қалыпты.


Мұндай әкімді қазір күндіз шам алып іздесең де таппайсың ғой. Бұл аз десеңіз,  қызмет бабын пайдаланып, заңғар сарай салмапты. Ел қатарлы үкіметтен алған пәтерде тұрды. Қала маңынан бір сотық жер де алмаған. Тіпті, жеке көлік алуды да ойламаған. Қолында шексіз билігі бар адам еді ғой. Бәзбіреулер ол кезде партия қыбыр еткізбейтін дер. Солайы солай ғой. Бірақ соған қарамастан жасайтындар жасады, басатындар басып қалды ғой.


Ақаң аса білімпаз болумен қатар, сөзге де шешен болыпты. Баяндамаларын да өзі жасаған. Тағы бір қасиеті жастардың, әсіресе, студенттердің ортасында болуға асығады екен.Тіпті, солар не ішіп, не жеп жүр деп, жатақханаға тартып кететін күндері де жиі болып тұрады екен. Әрине, тұла бойына ұлт рухын сіңіріп өскен мұндай жанның көзден де, көңілден де өшпесі, ұмытылмасы хақ. Қазақтың ақ жаңбыр ақыны Тұманбай Молдағалиевтің Ақаң туралы  мына бір аза жырын оқыған жанның толқымауы еш мүмкін емес.


«Алматы үшін барлық күшін аямаған Ақаным,


Үлкендерді ағалап, кішілерді аялаған Ақаным.


Ел ананың ұлы болдың, бірі болдың мықтының.


Өз ұланын аялауға ұясынан шықты күн.


Өміріңді арнап едің, ұмытпады сол елің,


Көше беріп, құрметтеді есіміңді тік тұрып.


...Тоқтатты өмір, тез тарқатты бір тойын,


Есігінен естілмейді күлкі, ойын.


Бауырымды іздеп, тамып кеткен бетіме,


Көзім жасын неменемен сүртейін.


Көптен бері ұйықтап жатсың жотада,


Жолығатын жағдайың жоқ ботаңа.


Көше болып тұрғаның да көңіліме,


Бір жып-жылы сезім құйды, о, тоба».


Халық ақыны халық ұлын осылай жоқтады.


 


Қ.ҚОШҚАРҰЛЫ.


 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51