«Салтанат» пен «Айсұлу»: тағдырмен жазылған заңдар

«Салтанат» пен «Айсұлу»: тағдырмен жазылған заңдар Сурет: коллаж, Aqshamnews.kz

«Салтанат» заңы мен қазақ қоғамындағы гендерлік стереотиптер:өзгерістер дәуірі ме, әлде иллюзия ма?

Қазақ қоғамында қыз баланың тәрбиесіне ежелден ерекше көңіл бөлген. «Қыз жат жұрттық», «Қызға қырық үйден тыйым» деген тыйымдар ұлттың таным-түсінігінде нақыл әрі ақыл ретінде тәрбиелік мәнге ие. Алайда бүгінгі күні бұл тыйымдардың көбіне шектен тыс, тіпті әйел мен ер арасындағы теңсіздікке жол беріп отырғандай көрінеді. 

Қыз балаға ерте бастан: «Сен бұл үйдің қонағысың. Мінезіңді түзе, әйтпесе сені бай да, Құдай да алмайды» деген сөздер жиі айтылса, ұл балаға керісінше: «Қатынды бастан», «Әйелді басқа шығарма» деген сияқты кері негативті пікірлер телінеді. Тіпті жаңадан отау құрып жатқан жас жұбайларға тілек айтқан кезде астарына мән берсек, келінге көбірек міндет артылатындай. «Қыз бақытты боламын деп емес, барған жерін бақытты етемін деп барады», «Текті жерге келгеніңді ұмытпа» деген сияқты ескерту я еске салу-тілектері айтылады. Бұл келінді төмендету емес шығар, бірақ оған келмей жатып тең дәрежеде қарамау белгісі іспетті. 

Бұл тақырыпты қозғауымыз тегін емес. Осындай гендерлік стереотиптер дендеп тұрған қоғамда әйелдер мен балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мақсатында қабылданғанына бір жыл болған «Салтанат» заңы өз салмағын қалай көрсетіп жатыр? Заң салтанат құрып жатыр ма, әлде салтанаты тек атауында ғана ма? Бұл туралы Aqshamnews.kz тілшісі қозғап көрді.

«Салтанат» заңы қаншалықты салтанат құрды?

2024 жылдың 16 маусымынан бастап күшіне енген, ресми атауы «Әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» заң қоғамда «Салтанат» заңы деген атауға ие болды. Аталған құжаттың қабылдануына марқұм Салтанат Нүкенованың трагедиялық өлімі себеп болды. Бұл оқиға елді дүр сілкіндіріп, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске жүйелі өзгеріс қажеттігін айқын көрсетті.

Нақты өзгерістер қандай?

Енді ұрып-соғу мен жеңіл дене жарақатын келтіру қылмыс болып саналады;

Қол көтерген адамға:

  • 80 АЕК (шамамен 658 доллар) айыппұл,
    не 80 сағат қоғамдық жұмыс,
    не 25 күнге қамау жазасы тағайындалады;

Ал денсаулыққа жеңіл зиян келтірсе:

  • 200 АЕК айыппұл,
    не 200 сағат қоғамдық жұмыс,
    не 50 күнге дейін қамау жазасы қарастырылған.

Балаларға жасалған зорлық үшін:

  • Қасақана әрекеттер жасалса - 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру;
  • Педофилия үшін - өмір бойы бас бостандығынан айыру;
  • Адамды суицидке итермелеу - 5 жылдан 9 жылға дейін түрме;
  • Суицидті насихаттағандарға - 200 АЕК айыппұл.

Қос трагедия - бір шындық: Айсұлу мен Салтанаттың үнсіз айқайы

«Салтанат» заңы сынды қоғамда резонанс тудырған оқиға биыл көрші Қырғызстанда да тіркелді.

27 қыркүйекте Ыстықкөл облысында 17 жастағы Айсұлу Мұқашева зорланып, қатыгездікпен өлтірілді. Ол Барскоон ауылынан Қарақолға бара жатқан жолда жоғалып кеткен. Бейнебақылау камералары оның 41 жастағы ер адамның көлігіне отырғанын тіркеген. Екі күннен кейін оның денесі Боом шатқалынан табылды. Тергеу деректеріне сәйкес, бойжеткенді зорлап, буындырып өлтірген.

Күдікті бұрын да бірнеше рет сотталғаны анықталды. Оны Бішкектегі тұрғын үйдің бірінен ұстаған. Бұл қылмыс қоғамда үлкен ашу-ыза тудырып, әлеуметтік желілерде өлім жазасын қайтару туралы талаптар күшейді. Көпшілік бұл іске байланысты «Айсұлу заңы» қабылдануы керек деп есептейді.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров бұл істі жеке бақылауына алғанын мәлімдеді. Ол кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған ауыр қылмыстар үшін өлім жазасын қайтару туралы референдум өткізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты.

«Мұндай ауыр қылмыстар үшін қатал жаза керек. Бірақ бұл тек нақты дәлелденетін істерге қатысты болуы тиіс», — деді ол.

Бұл оқиға да «Салтанат» ісі секілді, заңның ғана емес, қоғамдық сана мен тәрбие жүйесінің әлсіз тұстарын ашып берді. Екі жағдай да әйелдер мен балаларға қарсы зорлық-зомбылық мәселесі бүкіл өңірге ортақ екенін көрсетті.

Маргарита ісі: заңның шынайы беті

Десе де, қабылданған заңның кей тұста қағаз жүзінде қалып отырғанын көрсететін нақты мысалдар әлі де бар. Соның бірі, өткен аптада көптеген ақпарттық басылымдарда жария болған  алматылық Маргарита Звягинцеваның оқиғасы.

Ол бұрынғы күйеуінен ауыр тұрмыстық зорлық көріп, омыртқасына зақым алған. Соған қарамастан, ер адам бар болғаны бір жылға сотталып, іс біршама уақытқа созылып кеткен. Маргарита арызын бергенімен, полиция оған көмектесудің орнына татуласуға кеңес беріп, іс қозғауға асықпаған.

Бұл жағдай «Салтанат заңы» әрекет етіп жатыр ма, жоқ па? деген заңды сұрақ тудырады.

 Заң шынымен жүзеге аса бастады ма?

2025 жылдың алғашқы 5 айында:

  • Балаларға қатысты жыныстық қылмыстар 21,3%-ға азайды;
  • Ауыр қылмыстар 8%-ға, аса ауыр қылмыстар 19%-ға төмендеді;
  • 58 мекемеде тексеру жүргізіліп, 1 500 баланың құқығы қалпына келтірілді,
    24 басшы мен 78 маман жауапқа тартылды;
  • 50 мыңнан астам адамға, соның ішінде балалар мен ата-аналарға психологиялық көмек көрсетілді;
  • «111» байланыс орталығы — 88 мыңнан астам өтініш қабылдады;

Бұл ресми деректерді осы заңның қабылдануына өз өмірімен себепкер болған Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді өзінің инстаграмдағы парақшасында келтірген:

Салтанат Нүкенованың есімін мәңгі қалдыру жолында оның ағасы Айтбек Амангелді қарындасының атымен аталған қор құруды қолға алған еді. Алайда, бұл бастаманы заңды тіркеу барысында Айтбек бес рет түрлі себептермен бас тартуға тап болды. Қордың мақсаты - зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсету және олардың құқықтарын қорғау. Қорды құру мүмкін болмаса да, Айтбек әділетсіздікке қарсы күресті жалғастырып келеді.

Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін қабылданған бұл заң қоғамда қанша жылдан бері тұншықтырылып келген ескі жараның аузын ашқаны анық. Жылдар бойы абьюзер, тиран күйеудің таяғы мен мазағына шыдап, қорғансыздың күнін кешіп келген әйелдер арасында бас көтеруге батылы жеткендер де жоқ емес.  

Сурет: Айтбек Амангелдінің инстаграм парақшасынан

 

Балаларға қатысты қылмыс – үнсіз трагедия

Балаларға бағытталған зорлық көбіне отбасында, таныс адамдар тарапынан жасалады. Жәбір көрген бала үнсіз қалады, ал кейде анасының өзі «ұят болады» деген себеппен қылмысты жасырады. Бұл  - біздің қоғамдағы ең қауіпті стереотиптердің бірі.

Құқық қорғаушы - сарапшы Халида Әжіғұлова  айтуынша, педофилия - жазылмайтын, бірақ медициналық бақылауға алуға болатын психикалық ауытқу. Дамыған елдер мұндай тұлғаларды ерте анықтап, арнайы терапиямен жұмыс істейді. Қазақстанда мұндай жүйе жоқ.

Есесіне, «Салтанат» заңы қабылданғалы мектептерде: 

  •  QR-код арқылы жасырын хабар беру жүйесі,
  • «ДОСБОЛLiKe» антибуллинг бағдарламасы,
  • жедел әрекет ету алгоритмдері іске қосылды.

«Салтанат» заңы – жай ғана заң емес, ол қоғамдағы әйел мен баланың қауіпсіздігін кешенді қорғауға бағытталған жаңа буындағы әлеуметтік саясаттың негізі. Заң қатайды, құрылым пайда болды. Алайда бұл жеткілікті емес.

Құқық қорғаушы Халида Әжіғұлова айтқандай:

«Заң – шешімнің бір бөлігі ғана. Нақты өзгеріс үшін қоғамдық сана өзгеруі қажет. Ұят пен стереотиптерден арылмай, зорлықпен күрес мүмкін емес».

Шын мәнінде, заң үстемдікке ие болғанмен, шынайы әлеуметтік санада өзгеріс орын алмаса, зорлық-зомбылық тоқтамайды.

Бүгінде біз тек заңға емес, қоғамдық тәрбиенің жаңа моделіне, стереотиптермен күреске, ашық диалог пен қолдауға негізделген жүйеге мұқтажбыз. Бұл – тек қызға қырық үйден тыйым салып қана емес, ұлға да отбасылық жауапкершілікті үйрететін кезең дей келе, ел аузындағы «Әйелді теппе аяқпен - сағы сынар, баланы ұрма таяқпен - бағы сынар» деген нақылмен аяқтағанды жөн көрдік. 

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
3
Ұнамайды
0
Күлкілі
1
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:14

14:02

13:33

12:54

12:35

12:20

12:12

12:03

11:57

11:40

11:21

11:15

11:07

10:52

10:32

10:17

09:59

09:44

09:40

09:32

09:26

19:41

19:05

18:59

18:32