Медицина ғылымының докторы, профессор, Халықаралық хирургтар қауымдастығының толық мүшесі, Қазақстандық қан тамырлы хирургтар ұйымының Президенті, Қазақстан Республикасы қан тамырларды емдеуші дәрігерлер Ассоциациясының президенті. Нью - Йорк медициналық ғылымдар академиясының академигі. Осы айтылғандардың барлығы бір адамға қатысты ма деп таңдануға асықпаңыз. Өйткені, ақ халатты абзал жанның жетістіктерін тізбектеп шыққанымен, оның артында үлкен ізденіс, ұйқысыз түндер, адам өмірі үшін қайтпас -қайсар күрес тұрғанын бірі білсе, бірі білмес. Сондықтан болар, кейіпкеріміздің өмір жолына тоқталып өткеніміз жөн.
Тоқан Анарбекұлы Сұлтаналиев 1949 жылы 10 тамызда Алматы облысының Қарасай ауданында дүниеге келген. Балалық шағы мәртігімен елге танымал әкесі Анарбек пен анасы Нұржамалдың қолында өтті. Жастайынан зерек, білімге құмар болып өскен Тоқан Анарбекұлы алдын- ала дәрігер болуды мақсат етеді. Оның бұл таңдауына атасынан бері қарай жалғасып келе жатқан текті қазақи тәрбие, онымен қоса, өзіне туа біткен адам баласына деген жанашырлық сезімі әсер етті десек, қателеспейміз. Алдымен арман қуып Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға түссе, кейін биік белестерді бағындыру үшін А.Бакулев атындағы Мәскеу жүрекқан тамырлары институтының аспирантурасын бітірген.
«Тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір бөлек» дегендей, әр саланың туа біткен дарыны болады. Хирург-дәрігер болып жұмыс істеу үшін берік жүйкеден басқа, жақсы білім қажет. Денсаулық сақтау саласының заңнама негіздері, анатомия, жансыздандыру қағидаттары, асептик және антисептик, рентгенология мен физиотерапияны меңгерген болуы шарт. Хирург медициналық аппараттар мен хирургиялық құралдарды пайдалана алуы керек. Ең маңыздысы – Алладан қолға шипа дарытқан қасиеті мен оны дұрыс қолдана білу қарым-қабілеті қажет.
Тоқан Анарбекұлының еңбек жолы бай. Бір көргеннен тынымсыз еңбек пен мол ізденсті байқайды. 1973-1996 жылдары - Алматы қаласындағы орталық қалалық клиникалық ауруханада, Алматы дәрігерлер білімін жетілдіру институтында қызмет атқарды. 1980 жылы кандидатттық, 1989 — докторлық диссертацияны қорғады. 1985 жылдан Қазақстан хирургтер қоғамының жауапты хатшысы, А.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығының директоры, Дәрігерлердің біліктілігін арттыру институтының ректоры қызметтеріне басшылық жасады. 2009 жылы «Республикалық жедел медициналық жәрдем көрсету ғылыми орталығы» АҚ бас директоры лауазымына тағайындалды. 2010 жылы РЖМЖКҒО директорлар Кеңесінің төрағасы, 2011 жылы Ұлттық нейрохирургия орталығы директорлар Кеңесінің төрағасы болып қызмет етеді. 2012 – 2014 жылдары РЖМЖКҒО – да хирург болып елге елеулі еңбегін арнайды.
Бүгінгі таңда Тоқан Сұлтаналиев Нұр-Сұлтан қаласының Ұлттық онкология және транспланталогия ғылыми орталығының бас хирургы болып қалтқысыз қызметін жалғастыруда. «Өнер – ағып жатқан бұлақ, ғылым – жанып тұрған шырақ» демекші, ғалымның 180-нен аса ғылыми еңбегі жарияланған. Негізгі ғылыми еңбектері хирургия мәселелеріне арналған. Қандай қызметтің тізгінін ұстамасын кәсіби біліктілігімен қатар, адамгершілік қасиетін де биік ұстады. Алдына шипа іздеп келген науқастарға қолынан келгенше көмегін көрсетті. Ауруы асқынып, үміті үзелердей ауыр хәлдегі жандарға ота жасап, екінші мүмкіндік сыйлады.
Елімізде алғашқы болып, мәйіттік донордан науқас адамға бауырды алмастырды. Дәрігерлік тәжірибесінде 6 мыңнан аса жедел ота жасаған.
Еліміздің жүрекқан тамырлары саласы хирургиясының қалыптасуы мен дамуына ерекше үлесін қосты. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дейді дана халық. Ұлағаттық ұстаздық жолында 9 ғылым доктары және 15 ғылым кандидатын дайындады. КСРО-ның 5 өнертабысқа (патент) куәлігі, Қазақстан Республикасының 41 патенті бар. 390-нан аса ғылыми жұмыстардың, 5 монография, 4 әдістемелік нұсқаулықтар мен оқулықтардың, «Госпиталдық хирургия» хирургиялық оқулықтың авторы. Мәскеу қаласы «Ангиология и сосудистая хирургия» журналы редакциялық алқасының, «Вестник неотложной медицины» редакциялық алқасының мүшесі. Рим, Флоренция, Вена, Мюнхен, Лондон, Вашингтон, Краков, Единбург, Йоханесбург, Момбай, Париж, Мәскеу, Тамп, Бухарест, Прага, Амстердама, Будапешт, Каир, Сеул секілді әлемдік мидицинасынаның орталығы саналатын ірі қалаларда халықаралық конференцияларға қатысқан.
Отандық хирургия саласындағы қажырлы еңбегі ел басшылығының тарапынан оң бағаланып, бірталай мемлекеттік марапатқа ие болды. Оның ішінде ҚР Президентінің Құрмет грамотасы, ҚР Президентінің Құрмет хатымен, «Құрмет» ордені, «Ерен енбегі үшін» медалімен марапатталды. «Ұлттық Медициналық Ассоциация» Республикалық қоғамдық бірлестігінің жоғарғы наградасы - «Алтын Дәрігер» кеуде белгісінің иегері атанды. Бұдан бөлек, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі атағы берілді, сондай-ақ, халықаралық қоғамдық ұйым тарапынан берілген медаль мен «Алтын скальпелмен» марапатталды. 2018 жылы «Жылдың үздік дәрігері» атағына ие болды. Қанша биіктіктер бағындырмаса да, кейіпкеріміз халқы үшін ізгілікті еңбегін жалғастыруда. Құдай берген талантың әлі күнге дейін шипа іздеген адамдарды емдеуге арнап келеді.
Қызметінде алтын қолды хирург, ізденімпаз ғалым болса, үйінде адал жар, өнегелі әке. Өмірлік жары Зулейха Сұлтаналива да ақ халатты дәрігер. Екеуі елу жылдан аса уақыт бірге тату-тәтті өмір сүріп келеді. Шуақты шаңырақта Ержан, Нұржан. Дильяра есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп өсірді. Балаларының барлығы әке тәліміне сай өмірден өз орындарын тауып, халқына қажырлы еңбек етіп келеді. Ұл-қыздарынан тоғыз немере сүйіп, алғашқы шөбере де көрді.
«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі»,-деген екен қазақтың төбе биі Төле би Әлібекұлы. Тоқан Сұлтаналиевтың тұла бойы тұңғышы Ержан Тоқанұлы әкесінің өз өмірінде алатын орны туралы былай деп сыр шертеді.
«Әлі есімде, әкем күнде жұмыста. Жұмыс уақыты күнделікті тәртіппен шектелмейді. Науқастарды емдеумен бірге, үнемі білімін жетілдіріп, әр түрлі ғылыми семинарлар мен дөңгелек үстелдерге қатысады. Біз бала ретінде оның еңбексүйгіштігін көріп өстік. Анамыз да дәрігер. Уақыт тауып біздің тәрбиемізбен айналысты. Ата-анамыз үйде болған кештерде барлығымыз отбасымызбен бірге отырып, ақ дастархан басына жиналамыз. Сонда әкем дастархан басында балаларына барынша ақылын айтуға тырысатын. Адал болуды, біреудің ала жібін аттамауды, білімді болуға, еңбек етуге үйретіп отыратын. Қазір ойлап отырсам, әкеміз өз жұмысына берілгені соңшалық отбасына арнаған уақытын тек ізгілікті сөздерге, ізгілікті істерге арнағысы келген екен. Сондықтан бірінші кезекте балаларына өзі үлгі болуды мақсат тұтты. Үйде әкеміз ешкімді жамандамайтын, сын пікірлер, бос сөз айтпайтын. Ашуланғанын да көргеніміз жоқ. Біріншіден, ол әкемнің жоғары ішкі мәдениеті болса, екінші жағынан үйдегі бізді жақсы қырынан тәрбиелегісі келген ізгі ниеті еді. Біз осы тәрбиесі үшін әкеміздің алдында қарыздармыз. Балалық шағымыз түсіністік пен жылулық орнаған ортада өткені үшін ата-анамызға алғысымыз шексіз».
Бүгінде кейіпкеріміздің ұлы Ержан Тоқанұлы да әкесінің жолын жалғастырған ақ халатты маман, медицина ғылымдарының кандидаты, медицина қызметінің полковнигі, ҚР ҰҚК қатарында басқарма бастығы. Аталған мекемеде қатардағы жауынгерден бастап, қол бастаған генералдарға дейін емделеді. Қызметте жүріп, денсаулығы сыр берген ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери қызметкерлері мен қызметкерлері жандарына дауа, дертіне шипа табады. Әке жолын қуған ер атадан жалғасқан сара жолды сәтімен жалғастырып келеді. Әулеттің үлкен келіні Гүлмира Еркебайқызы да ҚР Президенті іс басқармасы медициналық орталығы ауруханасының дәрігері.
Иә, өмір шыдамдыларды ұнатады, ерінбей еңбек еткендерді шың басына шығарады. Батыстың пірәдар ғалымдары, қоғамдық ойдың басында жүрген коучтар мен оқытушылары қанша жерден бірінші кезекте «армандай білу» әдісі туралы айтса да, жетістікке жетудің бірден бір жолы – ұзақ уақыт бойы халыққа қалтқысыз, еліне елеулі қызмет ету екені - өмір дәлелдеген аксиома. Күнделікті тірнектеген жанкешті еңбек, адам баласына аяулы сезімі тоқырамайтын риясыз жүрек, ізденістен жалықпас нұрлы ақыл ғана адам баласын рухани өсуге, биік межеге жеткізеді. Қолына шипа дарыған Тоқан Анарбекұлы Сұлтаналиевтің еңбек жолы, әулеттің ғибратты ғұмыры осы сөзімізді дәлелдеп тұр.