Еліміздің зайырлы мемлекет ретіндегі басты мақсаты – бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, әрбір азамат өз сенімін, сондай-ақ дінге деген көзқарасын еркін таңдай алатын қауіпсіз қоғам қалыптастыру, діни алауыздықтың алдын алу екені мәлім. Сол себепті, жұрттың діни көзқарастарының түрлі экстремистік ағымдарға себеп ретінде қарастырылуының немесе сол мақсатта пайдаланылуының алдын алу қазіргі таңда аса маңызды. Осы орайда, «зайырлылық» мәселесін толығырақ қарастыру үшін біз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия кафедрасының қауымдастырылған профессоры, философия ғылымының докторы Берік Аташты әңгімеге тартқан едік.
– «Зайырлы» түсінігі көп жағдайда дінге қатысты, нақтырақ айтқанда, дін мен мемлекеттің арақатынасына байланысты айтылатын ұғым, – дейді Берік Мұратұлы. – Оған батыстық дін философиясы мен дінтануда мағынасы жағынан «секуляризм», «антиклерикализм» деген ұғымдар да жуықтайды. Негізгі ұстанымы: діннің мемлекеттен ажырауы, дін мен мемлекеттің бір-бірінен бөлінуі, мемлекет дін істеріне, сәйкесінше, дін мемлекет істеріне араласпауға тиіс. Қазіргі таңда ол жетіліп, діни төзімділік, діни насихаттар мен идеологияның реттелуі, діни идеологияның мемлекеттік заңдар аясында қызмет етуі, барлық дінге тең дәрежеде қарау және діни сенім иесінің сенімін қорламау, мемлекеттік деңгейдегі ресми әлеуметтік институттарда дінді және атеизмді насихаттамау, дегенмен діни-психологиялық климатты зерттеп, оны бақылап отыру, дін мемлекеттен қаржыландырылмауы тиістігі секілді компоненттерді де қамтиды. Қарама-қарсы ұғымы – теократиялық мемлекет. Яғни, мемлекет заңдары мен нормалары, қоғамдық өмір салты діни шарттармен, ережелермен ғана реттелуге тиіс деп саналатын қоғам.
Мемлекет пен діни ұйымдардың арақатынасына, мемлекеттің құқықтық жүйесіне діннің әсері бойынша зайырлылықтың өзі әрқилы болып келеді: преференциалды – дінге белгілі бір жеңілдіктер жасау; эквипотенциалды – мемлекеттік өмірден дінді барынша алшақтатуға ұмтылу; идентификациялы – мемлекеттің діни ұйымдармен ынтымақтастық құруы. Әйтсе де бұлар – тек шартты ұғымдар мен түсініктер. Шындығында, олардың аражігін ажырату қиын екені өз алдына, нақты тәжірибе мен өмірде зайырлылықтың деңгейін дәл анықтау да – күрделі мәселе. Дегенмен діннің мемлекетке, мемлекеттің дінге абсолютті түрде араласпауы мүмкін емес. Мәселен, зайырлы қоғамда дін мемлекеттің заңдары бойынша реттелуге тиіс, бірақ сол заңдағы діни бостандық пен діни сана еркіндігіне байланысты болып шығады. Яғни, дін туралы заңдарда сол діннің тыйымдары мен еркіндіктерінің қалай жазылғанына, заңдық-құқықтық негізде бекітілгеніне байланысты, бұл – өз алдына бөлек мәселе. Ал сол заңның орындалуы мен жүзеге асу деңгейі де күрделі болып шығады.
Енді зайырлы қоғам мүшелеріне тән қасиеттер қандай дегенге келсек, зайырлы қоғамның мүшесі, ең алдымен, дінге рационал көзқарас ұстануы керек. Ол рационал көзқарастың өлшемі мен платформасы – дін философиясы (діни философия, теология емес), дін әлеуметтануы, дін психологиясы ілімдерінде жатыр. Зайырлы қоғам мүшесі, ең алдымен, сол өзі өмір сүріп отырған қоғамның зайырлы екенін түйсінуі керек. Содан соң, зайырлы қоғам қағидаларын ұғынуға тиіс және оны орындау қажеттігін жауапкершілік ретінде сезінуі керек. Ең бастысы, белгілі бір сенім иесі болсын, атеист болсын, ол өзінің сенім күшін сыртқа шығармайтындай ішкі әлемінде сақтауы қажет және мемлекеттің дін туралы заңдарынан толық хабардар болуы керек. Мәселен, адамзат тарихындағы ең басты қатер – дін иелерінің діни төзімділік танытпауы. Атеистік көзқарастағы тұлғалар діни сенім иелеріне кемсітушілікпен қарамауы, олардың діни сенімдерін таптамауы керек. Оның қағидалары көп. Дегенмен, зайырлы қоғам мүшесінің нақты, басты ұстанымы – әрқилы дін өкілдерінің, атеистердің де бейбіт, қатар өмір сүруі қажеттігі туралы діл мен психологияны қабылдау болуы шарт.
Қазақстан Респуликасы – зайырлы мемлекет, дін туралы заңдар әлемдік өркениеттегі діни климат бойынша да қабылданған. Бірақ тым күрделеніп барады. Тіпті заң бұзушылықтар да ашықтан-ашық орын алып отыр: діни ұйымдардың кейбірі қоғамдық сана мен тұрмысты тұтас жаулап алғысы келеді; дінді уағыздау мен насихаттау бойынша миссионерлікпен шұғылдануға арнайы ресми рұқсат берілетін құжаттары жоқ болған жағдайда да уағыздар жүргізіле береді, діни уағыздар мемлекеттік мекемелерде, көшеде, халық жиналған басқа да жерлерде жүргізіліп отырғандығы жасырын емес.
Діни радикалды және фанаттық немесе сол фанаттыққа ұмтылып отырған сана жастар арасында салыстырмалы түрде, зайырлы мемлекеттік ұстанымдар тұрғысынан қарағанда, біздің елімізде баршылық деп айта аламыз. Көп жағдайда ислам дінінің келбетінің өзі де өзгерген: «дінді тек пайда табуға, баюға пайдаланатын кәсіпкерлік ислам», «дүмшелік ислам», «саясиланған ислам» сияқты жағымсыз кейіпте өрбіп келеді, ол – ұлттық қауіпсіздігімізге аса қатерлі болып отыр. Сонымен қатар кейбір дін адамдарының өзі ашықтан-ашық ұлттық құндылықтарға қарсы күрес жүргізу саясатын ұстанып отырғандығы да мәлім. Тіпті кейбір діни сарапшылар Қазақстанда ислам діні қалыпты зайырлы жағдайда дамып келеді деп санайды, өйткені, олардың өздерінде діни фанатизмге жуықтайтын «парафанаттық» түсініктер бар. Басты мәселе сол эксперттердің діни санасының өзі күдік туғызатындығында болып отыр. Өйткені кейбір биліктегілердің өзінде діни үрейлер бар, дүмше дін иесіне қарсы шығуды «Құдайға қарсы шығу» деп түсінетін зиялыларымыз да жоқ емес.
Ал дәстүрлі мәдениет, дін және халқымызға жат идеологияның ара жігін қалай ажыратуға болады дегенге келсек, бұл арада жай ғана фанаттық пен зайырлы қоғам мүшесінің арасындағы айырмашылықты көрсете кеткен жөн. Қауіпті діни фанаттың дәстүрлі ағым өкілінен айырмашылығы: а) олар дінді заңсыз, реті келсін-келмесін насихаттай береді (идеологтар), өз сенімін кез келген сәтте өзінен-өзі үнемі ақтап алуға тырысады (аполегет); ә) үгіт кезінде «тозақ оты», «қарғысқа ұшырау» сияқты үрей тудыратын түсініктерді қолдануға құштар болады; б) үгіт-насихат жүргізетін кезді (заңсыз) үнемі бағып жүреді, оңтайлы сәтін күтеді (діни ақпаратқа арнайы сұраныс болса, бұл – жағдай басқаша); в) кез келген нәрсені, құбылысты, пікірді, ойды, мақсатты дінге апарып (қиыспайтын болса да) қиыстырып отырады; г) өзінің сеніміне қарсы келетін немесе үндеспейтін пікірлерге төзіп тұра алмайды, сол сәтте сезімге беріліп, ашулануға бейім болып келеді, пікірталас этикасын және рационалдылықты сақтамайды; ғ) таным-түсінігінде: Отан, Ұлт, Ата-ана, Бауыр т.б. жалпыадамзаттық ең маңызды құндылықтарды өзінің сенімінен төмен қояды; д) өзгелерді өз сеніміне кіргізу міндетін ерікті-еріксіз түрде «өзіне-өзі жүктеп» алады және келіспегендерді «жек көреді», кейде тіпті «жау» санайды; е) діни мәселелер топтамасын ақылмен, парасаттылықпен түсіну оған жат, тек сезім мен сенімді ғана басшылыққа алады, өзіне-өзі сын көзбен қарай алмайды; ж) жеке «Мен»-іне қатысты алғанда, жалпыадамзаттық, ұлттық моральді ескерусіз қалдырып, діни (сыртқы) формаға құштарлығы анық байқалып тұрады; з) ұлттық дәстүрлі құндылықтардың да шариғатқа сай келмейтін қырларының барлығына жуығына «ширк», «харам» деген сияқты табуларды өз бетімен таңып қояды т.б.
Бізге бастапқыда, негізінен алғанда, Францияның зайырлылық үлгісі озық болып көрінді және оның кейбір ұстанымдарын қолдандық. Дегенмен «Неліктен біз үнемі өзге елдердің үлгілерін пайдалаунымыз керек?» деген сауал туындайды. Қазақ халқының руханияты да ешкімге ұқсамайтын өзіндік төлтума белгілермен айшықталады. Сондықтан қазақстандық зайырлылықтың өзіндік үлгісін жасауымыз керек.
Осы арада зайырлы мемлекет ретінде Қазақстан қай салаларға күш салуы керек, қай бағытта жұмыс жүргізілгені жөн деген мәселеге келсек, бұл бағытта атқарылар көптеген жұмыс тізбесі бар. Олардың кейбірін жинақтап, былайша ұсына аламыз:
- діни жат бағыттарды ұйымдастырып отырған ықпалды адамдарды тауып, жазалау; діни уағыздарды қатаң бақылауға алу және мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық орындарда діни уағыз жүргізетіндер үшін арнайы «дін полицияларын» құру;
- санасы дінмен манипуляциаланғандардың қоғам үшін соншалықты қатерлі екенін кең түрде насихаттау;
- діни радикал және экстремистік пиғылдарға эмпатиямен қарайтын, бірақ ол ойын жасыратын адамдардың зиялы қауымдар арасында да бар екеніне көз жеткізу;
- олардың тізімін ашық жариялау; діни фанаттық пен радикалдылықты, зайырлы еместерді қадағалайтын «ерікті халықтық бақылаушы» топтар құру;
- этномәдениетке деген «діни интервенцияны» заңмен айыптау; мұсылмандар діни басқармасының ішінде де жат пиғылды адамдардың пайда болуына байланысты (атауы ханафизм мен матруди болғанмен, араларында жат ағымның өкілдері де болуы мүмкін) оны тұтастай қайтадан реформалау;
- діни эксперттерді теологтардан емес, діни санасы таза философтардан, психологтардан, әлеуметтанушылардан құра отырып, сол эксперттердің үстінен қайтадан тәуелсіз эксперттер жүргізу және т.б.
Өйткені теолог қаншама білімді, білікті болғанмен, ол – дінді уағыздаушы адам. Сонымен қатар елімізде ұлттық рухты қолдайтын, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды қорғайтын шынайы тәңіршілдер де бар (кейбіреулер тәңірлікті тек қана исламды даттаумен шұғылдану деп санайды, олар емес) және соған қарсы келетін, оларды жек көретін антитәңіршілдер де пайда болды. Шындығында, олардың өздері де – белгілі бір деңгейде тәңіршілдер. Бұларға психоанализ жасап қарасақ, олардың бойынан фанаттық пен ұлтқа қарсылықтың бейсаналы ұмтылыстарын байқауға да болады, мүмкін, олардың кейбірі тәңірліктің не екенін жете түйсінбейді. Бұл мәселе эмпирикалық зерттеулерді керек етеді.