Қазір көз алдымызда әлемдік саяси тәртіп өзгеруде. Аймақтық деңгейдегі алпауыт елдер өздерінің саяси ықпалын күшейтуге тырысып жатыр. Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымында жүйелі дағдарыстың бар екенін көрсетеді. Мұның аясында әлем бірполюсті ме, әлде көпполюсті деген мәселе күн тәртібінде тұр. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі 5 тұрақты мүше саналатын ұлы державалардың саяси үстемдігі, экономикасы дамыған G7 бейресми халықаралық клубы мен G20 деп аталатын дамушы немесе «орта держава» мемлекеттері қосылған клуб, қала берді BRICS ұйымының ұлғаюы сияқты үрдістер әлемде терең саяси дағдарыс бар екенін көрсетеді. Бұл үрдістерден Қазақстан қалыс қалмауы тиіс. Сондықтан БҰҰ мен біз орналасқан аймақтың саяси беделін арттыру жолында барынша еңбек ету қажет. Осы мәселелер төңірегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында түрлі бастама көтерді.
АСТАНА ӘЛЕМДІК ДАҒДАРЫСҚА АЛАҢДАУЛЫ
Қасым-Жомарт Тоқаев қазір әлем аса үлкен сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын және геосаяси қақтығыстардың жаңа кезеңіне өткенін мәлімдеді. Ол әлемдегі дағдарысқа БҰҰ Жарғысындағы халықаралық құқықтың негізгі принциптерінің бір мезетте бұзылуы себеп болғанын атап өтті. Бұдан туындаған геосаяси қақтығыстар әлемдегі сауда жүйесін бұзады. Көлік- логистика әлсіреп, инфляция қарқынды өседі. Қала берді, ең қауіптісі азық-түлік мәселесі өрши түседі. Осы орайда Мемлекет басшысы Украина дағдарысын мысалға алды. Оны дипломатиялық жолмен шешу қажет екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесіне жан-жақты реформа жасамай, бұл қиындықтар еңсерілмейтінін мәлімдеді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 5 тұрақты және 10 тұрақты емес мүшесі бар. Әр ел рет-ретімен 2 жылға тұрақты емес мүше статусын алады. Ал АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Ресей және Қытай елдері тұрақты мүше саналады. Олар БҰҰ деңгейінде кез келген мәселе бойынша резолюция ұсыну мен өзге елдер ұсынған резолюцияны қабылдамай қоятын «вето» құқығына ие. Жалпы, бұл елдер геосаяси ғылымда «Ұлы державалар» деп аталады.
Сарапшылар әлем елдерін бөлудің сан түрін ұсынады. Сондай көзқарастың бірін Қасым-Жомарт Тоқаев сөзге тиек етті. Оның ойынша, Қауіпсіздік Кеңесі қазіргі тығырықтан шыға алмайтын сияқты. Одан шығу үшін Кеңесте «орта державалардың» және барлық дамушы елдердің үні күшеюі керек екенін айтты.
Ал енді «орта держава» деген кімдер? Орта державаға G20-ға мүше мемлекеттерді жатқызады. Әрине, онда Қауіпсіздік Кеңесінің 5 мүшесі де бар. Олардан басқа елдер «орта державалар».
Соңғы уақытта Қауіпсіздік Кеңесінің жұмысына қатысты өзге елдер тарапынан сын айтылуда. Биыл тамыз айында өткен BRICS ұйымының 15-саммитінде де осы мәселе көтерілген. Ұйымның бірлескен мәлімдемесінде Бразилия, Үндістан және Оңтүстік Африка республикасының Қауіпсіздік Кеңесіндегі беделін өсіру туралы ұсыныс жасалды. Бұл үрдістен Қазақстан да қалыс қалмауды көздейді. Осы орайда, Президентіміз Кеңестің кеңейтілген құрамында біздің ел де болуы керек деген ұсыныс жасады.
ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНІҢ ҚҰРАМЫНДА БОЛУҒА БІЗДІҢ ДЕ ҚАУҚАРЫМЫЗ ЖЕТЕДІ
Қауіпсіздік Кеңесінің құрамында болуға біздің де қауқарымыз жетеді. Бұл бастаманы жүзеге асыруға институционалды мүмкіндігіміз бар. Қауіпсіздік Кеңесінің басты міндеті – әлемде бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету. Бұл бағытта Қазақстанның бастамасымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) құрылған. Ол аймақтағы қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағдар алған. Яғни Астана осы халықаралық институт арқылы еліміздің әлемдегі саяси беделін ұлғайтуды көздеп отыр. Бүгінгі күні ұйымға 27 ел мүше. Оған көп ел мен халықаралық ұйым бақылаушы.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы АӨСШК-ға балама ретінде Шанхай ынтымақтастық ұйымын да атап өтті. Осы институттар арқылы Жаһандық Оңтүстік пен жаһандық Солтүстік арасында ашық диалог орнатуды Президентіміз мақсат етіп отыр. Әрине, бұл бүгін, яки ертең жүзеге асатын дүние емес. Бұл стратегиялық мақсат. Әлем елдері оңтүстік пен солтүстікке экономикалық әлеуетін ескеріп бөлінеді. Солтүстік бай, ал оңтүстік кедей мемлекеттер. Яғни екі институт арқылы әлем елдерін бітімге келуге ынталандырмақшы.
Ал қазір біз не көріп отырмыз? Ұлы шахмат тақтасында терең саяси өзгеріс байқалады. Қауіпсіздік Кеңесінде геосаяси дағдарыс, G7 мен өзге экономикалық артта қалған әлем елдері арасындағы әлеуметтік, ғылыми-технологиялық теңсіздік өсіп келеді. Сонымен қатар, келесі жылдан бастап BRICS ұлғаяды. Ұлғайғанда G20-ға мүше елдер есебінен. Бұдан әрине, G20 бейресми клубында ішкі дағдарыс өршелене түседі. Себебі, онда G7 елдері беделдірек.
Қала берді, 9-10 қыркүйекте өткен G20 саммитінде Африка одағы оған мүше ретінде қабылданды. Тамыз айында өткен BRICS саммитінде де Африка құрлығы елдерімен байланыс орнатуға тырысушылық байқалды. Ал 4–7 қыркүйекте өткен ASEAN саммитінде ұйым ешқандай геосаяси текетіреске қосылмайтынын мәлімдеді. Ал біз керісінше оған араласуды ұсынып отырмыз. Араласқанда да тараптарды бітімге келуге ынталандыру үшін ғана.
Әлемдегі саяси тәртіп қалай өзгерері белгісіз. Қауіпсіздік Кеңесі ұзақ уақыттық перспективада ұлғайып, тұрақты мүшелер саны 15-ке өсуі мүмкін. Бұл 20–30 жылда жүзеге асуы екіталай болжам. Бұл үрдіс ғасыр соңына дейін созылуы мүмкін.
СЫРТҚЫ САЯСИ БАҒДАР ӨЗГЕРМЕЙДІ
Ал жалпы біздің сыртқы саяси бағдарымыз өзгермейді. Көпвекторлы сыртқы саясатты жалғастыра береміз. Себебі, геоэкономикалық тұрғыдан бізге геосаяси текетірес тиімді емес. Жоғарыда атап өткеніміздей, әлемдегі тауар саудасы жүйесі әлсіреп, көлік-логистика нашарлайды. Инфляция айды аспаннан шығармақ. Байқап қарайтын болсақ, 2020–2030 жылдарға арналған еліміздің сыртқы саяси тұжырымдамасы жүзеге асып келеді. Мысалы, құжаттағы келесі міндеттерді өміршең етуге тырысудамыз:
1) Қазақстанның төңірегінде саяси тұрақты, экономикалық орнықты және қауіпсіз кеңістік құру бойынша күш-жігерді нығайту;
2) халықаралық бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайту, жаһандық және өңірлік қауіпсіздік пен өзара іс-қимыл жүйесінің тиімділігін арттыру бағытын жалғастыру;
3) мемлекеттің ұзақ мерзімді стратегиялық мүдделерін ілгерілету мен қорғауды ескере отырып, екіжақты және көпжақты деңгейде сыртқы саясаттың басты мәселелеріне қатысты жаңа тәсілдер тұжырымдап, іске асыру;
4) сыртқы саясатты «экономикаландырудың» жаңа деңгейін қамтамасыз ету, әлемдік шаруашылық байланыстар жүйесінде Қазақстанның ұстанымдарын одан әрі күшейту.
«Аlmaty-akshamy», №112, 21 қыркүйек, 2023 жыл