Қазақы пайым
«Үт» амалы табиғат сахнасына өрлеп келеді. Бұлбұлдың таңдайынан бал таматын, сандуғаш күн құрғатпай ән салатын кез енді алыс емес
«Үштің айы – күштің айы» саналған ақпан айы ортасынан ауып барады.
Айдың басы мен алғашқы онкүндігінде жауған қар мен 3-4 күндік аязды есептемегенде, биылғы ақпан Алматыға жылы қабақ танытып келді.
Табиғат тамыршылары 15 ақпан күні Көктем мен Қыс белдесетінін айтқан. «Осы күні ауа райы қандай болса, көктем күні сондай болады» деген болжам да бар. Биылғы Алматы көктемі шуақты, гүлді, шырайлы болатынына еш күмән жоқ.
Бірақ алда «Бөрісырғақ» амалы бар екенін естен шығармайық. Ақпанның 17-мен 23-і аралығында көрініс береді. Ат құлағы көрінбейтін осы боранда қасқырдың арланы мен қаншығы жұптасып, 62 күннен соң қасқыр бөлтірігін өмірге әкеледі екен. Сырғақ деп бұршақтан кіші мұзды қар түйіршіктерін айтады. Көнекөз қариялар бұл амалдың атауын осы бөрілер мен сырғақты боранға байланысты «Бөрісырғақ» деп атаған болса керек. Аспан денелерінің қимыл-әрекеттеріне қарағанда, Алматыда жылылық сақталатын сыңайлы. Дегенмен, құбылмалы ақпан айына көп сене беруге де болмайды. Жем-шөп таусылып, өріс ашылмай, дауыл басылмай әлекке салатын мезгіл осы кез.
Үш күннен кейін (осы айдың 20-сынан) өткен жолы сөз еткен «түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз» деп аталған «Үт» амалы басталады. Үт сөзі туралы түрлі қисын, болжам, әңгіме көп. Біреулер ол «сиыр» деген көне қазақ сөзі десе, енді біреулер киіз үйдің саңлауынан түскен сәулені «үт» деп атайды дейді. Қалай болғанда да, үт амалы – алда болатын көктемнің хабаршысы, нышаны, белгісі. Қазақы жаңа жылдың жаршысы. Осы амал өткесін күннің шуағы бұрынғыдан молайып, қызуы арта түседі. Көктем келіп қалғандай әсер береді. Үт амалы еліміздің барлық жеріне бірдей қауіпті, қаһарлы болып келмейді. Айталық, оңтүстік өңірлерде «Үт келді, құт келді!» деп қуана қарсы алады. Өйткені, осы кезде күннің шуағы көбейіп, жарығы молайып, бату мерзімі ұзарып, бірлі-жарым сиырлар бұзаулап, жұртшылық уызға жарып, сүтке қарық болып мәре-сәре күй кешеді. Шығыс, солтүстік және батыс аймақта ызғырық соғып, қар борап, жем-шөптің мол қоры азайып, шаруаларды әбігерге салатын болған. Олар «үт келді, жұт келді» деп бұл амалды жабырқап қарсы алған, ұната қоймаған.
Қолданыстағы күнтізбе бойынша, бүгін ақпанның –16-сы, ай бойынша – 24-і, қазақша айдың екінші жаңасы. Біз сөз етіп отырған апта айдың басы мен ортасына сәйкес келіп тұр. Бұл сәйкестік жаңбыр, қар жауатынын, ызғарлы жел тұратынын, ауа райында болатын басқа да өзгерістерді аңғартса керек. Қалай болғанда да алдымыз көктем мен жаз ғой...
Айтпақшы, көктемнің белгілері білінгенмен көк қарғаның даусы әлі естілмей тұр. «Көк қарға келмей, көктем шықпайды» деген бұрынғылардың сөзі бар.
БАБАЛАР БОЛЖАМЫ
Көктемде…
*Торғай ерте жұмыртқаласа, күн ерте жылынады.
*Күн көп күркіресе, егін, шөп мол шығады.
*Қарға қарғын суға шомылса, көктем ерте келеді.
*Таң күңгірт тартып, күн манаурап көрінсе, жыл жауын-шашынды болады.
*Жыл басында таң өрттей қызарып атса, ол жылы жаманшылық, жұт, қуаңшылық болуы мүмкін.
*Таң шашырап атса, жыл молшылықты, берекелі.