Жер бетіндегі қасиетті орындарға құрметпен қарап, оған жамағат болып құлшылық ету, ол адамдарға үнемі рухани шаттық сыйлайды.
Ондай орындар адамдардың өмірін бір арнаға салатын тәңірлік тәлім алар даналықтың ордасы, ізгі ойлардың құтты мекені болған. Олар мәжіліс өткізетін салтанатты сарайлар жоқ ескі заманда мемлекет басшыларының кеңесетін мәжіліс орны да болған. Кеш айтса да мұны Наполеон Бонапарт өз естелігінде мойындапты. Ол өз сөзінде: «...Өте жақында әлемдегі ақылды, мәдениетті адамдарды жиып бір үкімет құру және ол үкіметті Құран негізіне сәйкес құру мүмкіндігіне ие боламын. Бұл жол – адамдарды бақытқа жетелейді», - депті. Араға қаншама жылдар салып, француз императорының қиялындағы мақсатын Ұлыбританияның экс премьер-министрі Гордон Браун ақиқатқа айналдырды. Оның былайша шешім қабылдауына ұлыбританиялық архиепископ (діни қызметкер) Роуэна Уильямстің Кентербер аймағына қарасты жергілікті шіркеуде «Ислам және ағылшын құқы» жөнінде дәріс оқып, әлем жұртшылығын таңқалдыруы себеп болған.
Архиепископтың «ағылшын зандарын исламға бағыттау керек» деп айтқан жалғыз ауыз сөзі қоғамда үлкен сілкініс тудырып, ол зиялы қауым арасында айтысқа айналған. Осыдан соң Ұлыбританияның премьер-министрі Гордон Браун Роуэна Уильямстің ұсынысын қолдайтындығын мәлімдеп, заң жобаларын жасауда жергілікті сот тәжірибесіне шариғат заңдарын енгізуді жақтайтындығын ашық білдірген. Ақсүйектік ағылшын қоғамының осы мақұлдауының өзі XXI ғасырдың Батыс елдері философтарына ислам адалдықтың символы екенін мойындатып тастағандай.
Таяуда Ұлыбритания королі Чарльз ІІІ ислам құдіретін бүкіл әлем алдында мойындады. Ол жеті атасының салып берген жолынан өзге жолды таңдап, ағылшын қоғамында өздерімен бір қатарда тұрып келе жатқан мұсылман халқына Ауыз ашар берді. Бұл – Ұлыбританияның соңғы 100 жылдан астам уақыттағы алғашқы сәтті қадамы болыпты. Ауыз ашар рәсімі атақты Винздорг залында ұйымдастырылып, корольдер сарайы аталып келген қасиетті ғимараттың қабырғасында исламның ұлы үнін қалды. Табиғатында сыйластық дәні бар халық қанында бар сыйластығын ешуақытта тәрк етпейді. Үш жылдан бері Ресей мен Украина арасында жарияланбаған соғыс жүріп жатса да жаужүрек халық Украинада тұрып жатқан азғана мұсылман жұртына құрметпен қараудан тартынған емес. Қасиетті Ораза айында Украина президенті Зеленский мұсылман қауымының ортасына барып, олармен бір дастархан басында отырып, өз құрметін көрсетті. Міне, құдірет! Бұл туралы біз айта түсуіміз керек!
Исламның адалдықтың символы екенін ұлы ғалым, академик Бартольд бұған дейін де айтқан болатын, «Түркі халқының арасында Ислам әлемдік діндермен салыстырғанда айқын басымдыққа ие болып келді. Буддистер мен христиандарға қарағанда, ұлық Мұхаммед (с.ғ.с.) әкелген дін мұсылмандарының аздығына қарамастан шын мәнінде әлемдік дінге айналып отыр. Оның иллаһи сеніммен таралуы бірыңғай халықтармен немесе бір ғана әлемдік өркениетпен шектеліп ғана қалған емес. Өзге діндердің уақытша жетістіктері ілкіде Исламға қарағанда елеулі болғаны шындық. Алайда оның өміршеңдігі ұзаққа бармады. Мәселен, бір кезде манихей діні Оңтүстік Франциядан – Қытайға дейін таралған әлемдік дін болатын, бірақ ол ізім-ғайым жоғалып тынды. Ал буддистер өзінің үгіт-насихатын Батыста қанша уағыздағанымен, ол да Шығысазиялық өркениеттің діні ғана болып қалды». (В.Бартольд: «Орта Азия түркілері туралы жиырмасыншы дәріс» еңбегінен).
Адам қандай істі қолға алса да, ең әуелі, Ұлы Жаратушыны риза етуді алдына басты мақсат етіп қояды. Хақ Тағаланың разылығы үшін істелген істің үлкен-кішісі болмайды. Оның тозаңдай түйіні Күндей, тамшысы теңіздей мәңгілік амандыққа жалғасады. Ұлы ақын, мемлекеттік қайраткер Гете исламдағы барлық құндылықтарды мойындай білген.
Егер Ислам Аллаһқа мойынсұну болса, біз бәріміз Исламда өмір сүріп, Исламда өлеміз.
Біз барша адамзатқа нұрын сепкен қасиетті Құран түскен Мұхаммед (салаллаһу алейһум уә сәллам) пайғамбарға мәңгілік қарыздармыз.
Мұсылмандардың Аллаһтың тоқсан тоғыз сипатын айтып, таспих тартуының өзі – өте ұлық ғибадат. Бір Аллаһқа тән барлық сипаттарды бір негізде еске алу – оның құдырет пайымының аса шексіздігін білдіреді. Сондықтан мұсылмандар Аллаһтың бұйрығына бағынып, мархабат етеді. Бұрын біздің протестанттар гимназиясында мұсылмандар құлшылық етіп, қасиетті Құранның сүрелері оқылады деп кім ойлаған. Әйтсе де, ол осылай болды. Біз башқұрттардың намазға жығылғанын көрдік, имамдардың уағызын тындадық. Олар маған айрықша құрмет білдіріп, садақ пен жебе сыйлады. Мен оны өз ошағымның жоғарғы тұсына іліп қойдым. Ал біздің кейбір ерекше діндар адамдар, Құранның аудармасын кітапханалардан арнайы алдырып оқыды.
Иә, біз Исламды қабылдауға тиіспіз... Мен өз жанымнан оған басқа ештеңе қоса алмаймын». (Гетенің 1814 жылы 5-қаңтарда Требрге жазған хатынан және «Батыс – Шығыс Диуани туралы ескертпелер мен очерктер» кітабы).
Осының бәрін данышпан Гете, ақын Гете, әкім Гете біліп айтқан. Ол кінәмшілдік, өтірікшілдік әлемдік идеологияға айналып бара жатқанын сезген. Оған тосқауыл болатын жалғыз ислам діні екенін білген. ХХ ғасыр секуляризация дәуіріне айналатынын сезген ғұлама айналасына исламға мойын бұруға үндеген. Дінсіз қоғамда өтіріктің тың түрлері ағартушылық және гуманизм, идеялық, индустрологиялық қуатқа айналатынын сезген.
Кез-келген шындық бастапқыда адамның бойында рухани бір негіз болып пайда болады. Одан соң ол «сезіледі». Бері келе оған сөзбен, қалам қуатымен, басқа да ізі бар құралмен жан бітіріп, асылданады. Әдетте мұндай туынды уақыт пен кеңістіктен тыс әуелей көтеріліп, ынтық болуынан нұрға бөленеді. Ислам ілімінің шет-шегі жоқ. Ислам – әлемді қамтыған екі дүниенің (материалдық, рухани) арасына шек қоймай, жалпы ғаламды тұтас дүние ретінде қарастырады. Адамдарға Аллаһтың өздеріне сыйға берген құндылықтарын қалай пайдалануды үйретеді. Мұның мәнін сезген жапон императоры дамудың ізге амалдарын исламнан іздеп, оны қоғам өмірінің айнасына айналдырудан басқа жол жоқтығын үндеген. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Жапония билігіне келген әскерилер, императорға Батыс әлемінің Азияға бет бұрып, оны бөліп алуға деген озбыр ойы барын мәлімдеген. Осыдан соң, Жапонияның ұлы императоры өз халқына үн қатып, ислам құндылықтарына бет бұруды армандаған. Бүгінгі таңда жапон халқы исламды ең құдіретті, әділ қоғам ретінде танып отыр. 2025 жылдың өзінде Жапонияда 46 мың адам исламға бет бұрған. Ел бойынша 110 мешіт бар. Бұл аз емес.
Ислам адамдарға өсім алуға, харам жолмен дүние жинап, байлыққа малынуға тыйым салған. Маңдай термен тапқан ақшаны пайдалы іске жаратуға шақырған.
Кейде бір елді мекенде тұрып, тіршілік еткен адамдар өз дүниетанымын жеткізудің әртүрлі дәстүрін қолдануы мүмкін. Сырттай бақылайтын бұл айырмашылық қоршаған ортада орын алатын оқиғаларға өз таным тұрғысынан беретін бағасының әртүрлі болуынан және сенім мен өзге құндылықтарды қалай қабылдағанына байланысты да өрбиді.
Табиғатта бар нәрсенің бәрі бізге ұлы Жаратушының тарту еткен сыйы. Сөзіміздің бастауында сөз еткен тәлім олар даналықтың ордасы мен ізгі ойлардың құтты мекені де Аллаһ-тағаланың сыйы. Сондықтан табиғатымызға тән жарасымды мәдениетпен қасиетті Құрбан айт күндері сондай орындарға барып, тәу ету де біздің өткенімізге салауат айтудың бір бұлжытпас тәрбиесі болмақ.
Айналаға зер салып қараңызшы, ғибадат орындарына кімдер көп барады екен?! Әрине, исі мұсылман жамағаты дерсіз. Ал ата-баба басына кімдер көбірек зиярат етеді? Бұл жағынан енді ұяттымыз. Мойындауымыз керек, біз үй-үйді аралап, мауқымызды басып жүргенде өзгелер ата-бабалары жатқан әулиелік орындарға, тіпті ескі тарихи ескерткіштерге барып мінәжат етеді. Бұл бір кезінде біздің үлкендерден алған Шығыс даналығының ғажайып үлгісі еді.
Біз сол руханияттан жаңылып, дүние қуып кеттік. Ал оның соңы қашан да ежелгі сыйластық институтымызға тек зиянын тигізетін бұрыс жол екенін ұмыттық. Өзгелер біздің ата-бабаларымызға зиярат етуімізді үнемі үлгі етіп айтатын. Осы қасиеттен айнымағанымыз абзал еді.
«Діни мерекелердің рухани дәмін сезіну үшін ораза ұстап дайындалу керек» деген психолог Журген Вом Шейд бір ғибадат сөзінде: «Ораза ұстамаған адам оразадағы жасырын, сырлы қасиеттерді біле алмайды. Адамзат дүниені қуған сайын руханияттың дәмін де сезбейді»,-дейді. Одан асып не айтуға болады?
Жақында оңаша бір қасиетті орында болдық. Оны ұйымдастырушы азамат арнайы Қорқыт бабамызға арнап құран оқумен бастады. Таңқалдық, тамсандық! Үлгі етуге бола ма, болады-ақ!
Біздің ұлы сахарада тек киіз үй ғана болды ма? Біздің ата-бабаларымыз Атилла патшаның заманында бүкіл Дешті Қыпшақ ұлысын ғажайып ескерткіштер галереясына айналдырған. Одан әрі Ақсақ Темір соқтырған Арыстанбап, Қожа Ахмет Яссауи, бүкіл түріктің әулиесі Қарабура, Баба Түкті Шашты Әзіз, Домалақ ана, Бәйдібек батыр, Маңғыстаудағы Бекет әулие, арқадағы Жошы хан, Алаша хан, Сырдағы Бегім ана, аналардың анасы Домалақ ана, Қарашаш аналарымыз – ең қасиетті орыңдарымыз. Бұл ескерткіштердің бәрі ұлттың, мемлекеттің рухани игілігі. Демек, оны исі мұсылман баласы дұғасына қосып отырса, ел несібесі артып та отыратыны анық. Олай болса қасиетті исламды мадақ етейік!