ffin.kz

Қала  метафорасы 

Қала  метафорасы  almaty-akshamy.kz

Адамзат баласының өзіндік өмірі болатыны іспетті, әр қаланың өзіндік даму ерекшеліктері болады. Жер бетінде қанша  шаһар болса, олардың өзіндік  қайталанбас  мәдени ландшафты, яғни,    ерекше ғимараттары мен оның бойында айрықша көрініс тапқан көркемдік стилі болады.  Алып мегаполистегі ғимараттар мен ерекше  талғаммен салынған  тұрғын үйлердің көркемдік құрылымынан, алғашқы шаһар салынған  уақыттан, бүгінгі  дамыған уақыттың бүкіл мән-мазмұнын, талғам-тынысын көруге болады.


Бүгінде Алматы – сәулеті мен  дәулеті келіскен  көрікті  қала. Қаламызда жыл сайын  құрылыс  қарқын  алып келеді. Қаланың  халық көп жүретін  көшелері мен алаңдары  абаттана түсуде.  Аумақта жасыл гүлзарлар, көгалдар пайда болуда. Қолға алынған  жұмыстар одан әрі  жалғасын табуда. Алматының  алдағы уақыттағы  дамуы – қолайлы өмір сүруге  және еңбек етуге  жағдай жасауға  бағытталып отырғанын көруге болады.  Қол жеткен табыстардың дені «Ақылды қалалардың» Еуропалық  форумында және  ТМД елдері  қалалары арасында практикалық  конкурсында  «Өмір сүргің  келетін қала»  аталымында арнайы  аталып өтті.  Оның оңайлықпен келмегені  айқын.



Алматы  қаласын көркейту, оның келбетін ұстап тұру – бүгінгі  күннің  басты  міндеті.  Қаланың ажарына ажар, сәулетіне сәулет қосу мәселесі мықтап тұрып қолға алынған кезде бұрынғы және соңғы  сәулет өнерінің  туындыларын талдай келгенде  бәрі архитектураға  келіп сүйенетіне айқын. Ежелгі көне дәуірдегі қай сәулетшіні алсаңыз да, ол адам ақыл-ойының ең таңдаулы озықтарын уақыттың, дәуірдің талабы мен талғамына  лайықтап  пайдалана білген. Жалпы, сәулет өнеріне қарағанда, Алматы – ерекше  қарқынмен  дамып келе  жатқан  қала. Бұл ретте ұлттық нақыштар  жан-жақты ескерілген және классикалық сәулет өнер  үлгілері де  жетерлік.   



Алматы   қаласының әлеуметтiк келбетi мен рухани тазалығы туралы аз айтылып жүрген жоқ. Қала мәдениетiн қалыптастыру жолында бүгінгі  таңда кешендi шаралар  жүзеге асырылуда.



Қалалардың «Ақылды  қала» болуы елдің дамуы үшін өте маңызды  болып саналады. «Ақылды  қалалар» жобасы іске асқан кезде, өңірлік  дамудың, елдің  барлық  аумағында  тұрмыс сапасын  арттырудың  локомативіне айналады. Қазірдің өзінде Алматы қаласы Орта Азия елдері арасындағы ең ақылды қаланың бірі болып саналады.



Қаламыздың жартысының басым бөлігі басқару механгизмінің жаңа форматына көшкен. Жаңа заңнаманың қажетті тұстары пысықталған соң, қала өзгеше келбетін қалыптастыратын болады.


Жалпы, дамыған ел дегеніміз – көп оқитындар, бір-бірін сыйлайтындар, мәдениетті де тәрбиелілер, уақытты бағалайтындар, рухани азықты қажет ететіндер екен. Біздің жағдайымызда дәл қазір осы білімдарлық кенерінен асып төгіліп тұр.



Ұлы философ әл-Фарабидiң «Қайырымды қала еңбегiнде қалаларға байыпты анықтамалар берiлген. Ол қалаларды: Қайырымды және Надан қалалар деп екiге бөлiп қарастырады. Ойшыл: «Қайырымды қала» кемелденген, сырқатсыз денеге ұқсайды, ал оның барлық мүшелерi тiрi жанның өмiрiн аман сақтап қалу үшiн және оны барынша абатты ету үшiн бiр-бiрiне қолғабыс жасап отырады», – дейдi. Ал Надан қалаларды: «Мансапшыл қала», «Алыс-берiс қаласы», «Дiлгер қаласы», «Даңғой қала», «Пасықтық пен бақытсыздық қаласы», «Құбылмалы қала», «Өнегесiз қала», «Құштар қала», «Адасқан қала», – деп бөлiп қарастырып, олардың әрқайсысына жеке дара мiнездеме бередi. Шығыстың ұлы ойшылы бұл талдауы арқылы рухани фундаментсiз қоғам құруға болмайтынын ескерте отырып, иманды қоғамдағы иманды адамдарды таза, азат қоғамды қалыптастыруға шақырғанын байқаймыз.



Әл-Фарабидiң руханияттан ажыраған жахил (надан) қала туралы айтқан ойлары кейiнгi Батыс ойшылдары Тойнби, Вебер, Шпенглерден бұрын адамзатқа жасалған ескертуi болатын. Ұлы данышпанның осыдан мыңдаған жыл бұрын айтқан ойлары бүгiнгi қазақ қоғамына дендеп бара жатқан надан қала тұрғындарына айтқан ойларымен мәндес болып отыр. Әңгiме адамдардың мәдениетi мен тәрбиесiндегi келеңсiз көрiнiстерге келiп тiреледi.


Алматы    қаласында соңғы  кездері жасалып  жатқан  игiлiктi iстер ұзақ уақыт елiмiздiң барлық қалаларына үлгi болуы  тиіс. Оның дамуы барлық жағынан өзге аймақтарға да ықпалын тигiзiп келдi. Қала бұл  күндері  гүлге  айналып, нағыз қазақы колориттегі кіші сәулет  формаларымен, заманауи ғимараттарымен әлемдік ірі мегаполистер үлгісіне ұласып барады. Оны келбетін осыдан  бір  жыл бұрын  келген  адам бірден байқайды.


Қаланы  қалыптастырудың  басты өлшеміне  адамдардың саны емес, қалаға тән  инфрақұрылымдардың болуы есепке алынады. Жалпы,  материалдық санаттағы байлыққа ден бере бастаған  мәдениет  адамзаттың  шағын қалаларға  орналаса бастауымен бірге туған. Одан бертін келе «стиль» ұғымы қалыптасқан. Қала басшысының    халықпен  есепті  кездесуінде Алматы  қаласын дамытуға  арналған  бағдарламасының жобасынан оны бірден   байқауға  болады. Қаланы тұрғындарға қолайлы  қалаға айналдыру жөніндегі ой-пікірлердің осы  тақырыпта өрбуі қанағаттанарлық сезім тудырды. Ал Даму бағдарламасы тұтасынан мәдениеттен тұрады. 


Иә, бүгiнгi қаланың сан қырлы мәдениетiн айтсақ, шешiмiн күтiп тұрған iс көп. Ең бастысы, бұл өзiмiз тұратын, еңбек ететiн, өзгелерге мақтаныш ететiн қаламыздың мәдениетi. Осының  бәрі қала  инфрақұрылымын дұрыс ұйымдастырып, оған мәдениетті басшылық  ету   тұрғысына байланысты жүргізілетіні  анық.


 Ақиқат басшы деп  өзінің    басқару  қабілеті  арқылы  қала  тұрғындарын  ақиқат  бақытқа  жеткізуді  алдына  мақсат  етіп қойған  тұлғаны  айтуға  болады.  Өйткені басқару  өнерінің  мәні мен мақсаты  да  – адамдарды  шынайы  бақытқа жеткізу.   Демек,  бұл  істе  біз  қала билігіне  жәрдемші  болуға  тиіспіз. 


Жалпы, қала әлемі – жаңа технология жемісі. Оған индивидуализм сынды қасиеттер тән. Қалалықтардың кез-келген қоғамдық орындарда өздерiн байыпты ұстауы да қала мәдениетiнiң бiр көрiнiсi болып табылады.



Бұл туралы қасиеттi Құран Кәрiмнiң «Әғраф» сүресiнде де айтылған. Онда «көркем ел, көркем қала» туралы да жан-жақты баяндалады. Онда мемлекет пен қаланың «Көркем ел» болуы үшiн алты шартқа жауап беру қажеттiлiгi ескертiлген. Алғашқы шарт бойынша, «Жақсы (көркем) елдiң» (жерi құнарлы болса да, құнарсыз болса да) өсiмдiгi Раббының қалауы бойынша молынан өнедi, екiншi шарт бойынша, «Көркем елде» баянды бейбiтшiлiк орнығуы тиiс, үшiншi шарты бойынша, «Көркем елдiң халқы байсалды, байыпты болып, төзiмдiлiкпен өмiр сүруi қажет, ол тiршiлiк көзiн бейберекет iздеп, өзге жұрттар iспеттi қаңғып жүрмеуi тиiс, төртiншi шарт бойынша, «Көркем елдiң» ырыс-несiбесi әр жақтан молынан келiп жатуы қажет, бесiншi шарт бойынша, Аллаһтың берген нұр шапағаты мен нығметтерiне шүкiршiлiк жасауы мiндеттi, алтыншы шарты бойынша, Ел  Әмiршiсiнiң iзгi болуы аңсат. Бұл шартты қарастырғанда «Көркем ел» үшiн ғафу етiлген бес шарттың орындалуы елдiң патшасына тiкелей байланысты көрiнедi. Бұл жолда қателескен жерiмiз жоқ. Соңғы жылдары қаламыздың абаттануы жедел қарқынмен жүргiзiлуде.



Тарихи даму тенденциясынан белгiлi үлкен қалалардың дамуының өзiндiк үрдiстерi мен ерекшелiктерi болады. Бүгінгі  таңда  Қазақстанның 4 қаласы ХАҚА-ның мүшелерi. Олар – Астана, Алматы, Қостанай және Шымкент. Демек,   Алматының көркемдiгiн әлi де ойлана түсу, оны жетiлдiре түсу қажеттілігі сұранысқа ие болып отыр. Қалада жаңадан бой көтерген үйлердiң тығыз орналасуы, аулада кiсi демалатын орындардың болмауы тынысымызды тарылтып бара жатыр. Халық аулада тұрған автокөлiктердiң ара-арасымен пәтерлерiне жар жағалап әрең жетедi.


Қала көшелерiн көркейтiп тұрған жасыл желектер. Соңғы кезде көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Көктемде жаппай отырғызылған көшеттер бойынша Алматы қаласы елімізде алғашқы орында.   Бүгінде қала iшiнде бос жатқан жер жоқ. Әйтсе де,  өзiмiз көзiмiз көрген мына бiр тәжiрибенi айтпасақ тағы болмас. Халқы тығыз орналасқан Қытайдың iрi қалаларының өзiнде қала iшiнде шағын орман алқаптарын көп кездестiруге болар едi. Алдағы уақытта осы жiберiлген есемiздi жаңадан құрылып жатқан аудандарда ескерсек, ол тез арада жасыл желекке оранары хақ. Дамыған өркениеттi елдерде де үлкен қалалардың айналасы орман алқаптарымен көмкерiлген.


Елiмiзге келген шетелдiктердi қазiр үлкен зәулiм ғимараттармен қызықтыра алмайсың. Олар келген бойда өздерi көңiл қойған ғимараттың жасын сұрайды. Төрт бұрышты, әйнектен салынған үйлерге тiптi де жоламайды. Оларды өздерi бұрын-соңды көрмеген экзотикалық таңғажайып қызықтырады. Сондықтан  қала ішінде   осы заманға сай үлгiсiмен киіз  үйлер  салынса дұрыс  болар еді.  Бағзы замандардан берi ата-бабаларымызға баспана болған қараша үй жаңа еуроүлгiдегi құрылыс материалдарынан жасалса  дейміз.  Егер  туризм кластерiн дамытамыз десек, бұл үй өте тиiмдi болар едi. Әлем елдерi қалаларына барғанда сол жердiң халқының исi сезiлiп тұрады.  Мұндай  үйлерді  Грузия  елдерінен көптеп көресің.  Бұл үйлер туризм кластерін дамытудағы таптырмас құндылық болар еді. Қалай  десек те, бізге бойында   шығыстық  стиль бар қала керек.


 




 


 


                  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

09:05

08:58

08:49

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07