Керемет пәтер таптыңыз: кең, жарық, терезеден әдемі көрініс ашылады, бағасы да тиімді. Мұндай ұсыныстан бас тарту қиын. Алайда, алғашқы көзқараста тиімді көрінген мәміле алаяқтардың айла-тәсілі болуы мүмкін. Бұл туралы Aqshamnews.kz сайты хабарлайды.
Жылжымайтын мүлік саласындағы сарапшылар Center Home маркетплейсі арқылы ең жиі кездесетін 5 алаяқтық схемасын анықтап, олардан қорғану жолдарын ұсынды.
«Бұл пәтерді сатып/жалға беріп қойдық» схемасы
Бұл – ең танымал әдістердің бірі. Клиент интернеттен өте тартымды бағамен пәтерді көріп, жалған «иесі» немесе «риэлторымен» байланысқа шығады. Бірақ әңгіме барысында ол пәтердің сатылып немесе жалға беріліп қойғаны айтылады.
Алаяқ эксклюзивті ұсыныстар базасына қол жеткізу үшін алдын ала төлем жасауды сұрайды. Ақша түскеннен кейін «риэлтор» байланысқа шықпай қояды, ал «жеке база» ешқашан ұсынылмайды.
Қалай қорғану керек?
«Эксклюзивті» ұсыныстар үшін ақша төлемеңіз
Риэлтордан ресми құжаттарды талап етіңіз
Тек ресми агенттіктердің қызметін пайдаланыңыз
«Алдын ала төлем жасасаңыз, пәтер сіздікі» схемасы
Бұл схема бойынша сапалы фотолары бар жалған хабарландыру жарияланады. Қызығушылық танытқан адамдарға «пәтерді көру мүмкін емес, бірақ оны брондау үшін алдын ала төлем жасау керек» деп айтылады.
Алаяқ 10 000-нан 100 000 теңгеге дейін депозит сұрап, төлем алғаннан кейін нөмірін бұғаттайды.
Шымкентте 21 жастағы алаяқ қыз дәл осындай әдіспен Алматыдағы элиталық тұрғын үйлердің жалған хабарландыруларын жариялап, бірнеше адамнан толық айлық төлем алған.
Қалай қорғану керек?
Келісімшартсыз ешқандай алдын ала төлем жасамаңыз
Пәтерді өз көзіңізбен көрмей ақша бермеңіз
Егер баға тым төмен болса – бұл алаяқтық белгісі
«Жалға беру немесе сату иесінен емес» схемасы
Алаяқтар күндік жалға алынған пәтерді өздерінікі ретінде көрсетіп, ұзақ мерзімге жалға беру немесе сатылымға шығарады. Олар жалған құжаттар дайындап, бірнеше адаммен келісімшарт жасасып, алдын ала төлем, депозит және алғашқы айлық төлемді алып, жоғалып кетеді.
Нәтижесінде бір пәтерде бірнеше «жалдаушы» пайда болады, ал нағыз пәтер иесі мүлдем бейхабар болып шығады. Кейбір алаяқтар тіпті жалған құжаттармен пәтерді сатып жіберуге дейін барады.
Қалай қорғану керек?
Тек пәтер иесімен немесе ресми сенімхаты бар адаммен келісімшарт жасасыңыз
Құжаттарды мұқият тексеріңіз, оның ішінде меншік құқығын растайтын құжаттарды
Келісімшартты нотариус арқылы рәсімдеңіз
«Сізге кетуге тура келеді» схемасы
Бұл схема көбінесе пәтер иелерінің алаяқтығы болып табылады. Олар «төмен бағамен, бірақ жөндеу жасаумен» ұзақ мерзімге жалға береді. Жөндеу аяқталған соң квартиранттан құтылу жолын іздейді.
Кейбір жағдайларда пәтер иесі кепілдік депозитті қайтармайды, жиһаз немесе техниканың бұзылғанын сылтау етіп, қаржылық шығынға ұшыратады.
Қалай қорғану керек?
Жөндеу жасауды өз міндетіңізге алмаңыз
Келісімшартқа жөндеу бойынша барлық шарттарды енгізіңіз
Тұрғын үй жағдайын және барлық мүлікті фото/видеоға түсіріңіз
«Бар, бірақ басқа пәтер» схемасы
Хабарландыруда бір пәтер көрсетіледі, бірақ келгенде мүлдем басқа, нашар жағдайдағы тұрғын үй ұсынылады.
Бағасы тым төмен, орналасуы ыңғайлы пәтерлер – көбінесе осындай «жарнама ілмегі» болып шығады.
Қалай қорғану керек?
Сізге басқа пәтер ұсынса – бірден бас тартыңыз
Келісімшартты тек көрген пәтерге қатысты жасасаңыз
Тұрғын үйге қатысты барлық мәліметтерді құжат жүзінде бекітіңіз
Қауіпсіздік ережелері: пәтер жалдау немесе сатып алу кезінде не істеу керек?
Келісімшарт жасаспай ақша аудармаңыз
Құжаттарды мұқият тексеріңіз (жеке куәлік, меншік құқығы)
Жылжымайтын мүлікке қатысты нотариалды расталған келісім жасаңыз
Егер «тым тиімді» ұсыныс болса – алаяқтық болуы мүмкін
Center Home сарапшылары:
Ішкі түйсігіңізге сеніңіз. Егер күдік туса, мәміледен бас тартқан дұрыс.