ffin.kz

Наным мен сенім қайшылығы

Наным мен сенім қайшылығы almaty-akshamy.kz

Бұл күнде халықаралық шиеленістің күшейіп, жаһандық тәртіптің бұзылып жатқаны басым көп саясаттанушылар жағынан мойындалған шындық. Әлем елдерінің блоктарға қарай жіктелуі және көзқарас пен саяси ұстанымдағы қайшылық тереңдеді. Соның өзі өткен ғасырдың «қырғиқабақ соғысын» елестетеді. Тіпті, қазіргі әлем «қырғиқабақ соғыстан» кейінгі ең қауіпті жағдайға тап болды.

 

Бұл асыра айтылған сөз емес, себебі, біз бүгінде қару-жарақ бәсекесі мен ядролық қарудың қолданылу қаупіне ең жақын кезеңдеміз. Әрине, соғыс жайында адамдардың түсінігі әлі де классикалық мәніне жақын. Алайда, қазіргі әлемде болып жатқан гибридті, кибер немесе сауда соғыстарының бәрі түрін өзгерткен қақтығыстардың ауқымды формасы. Дегенмен, мәселеге тағы бір қырынан қарауға болады. Яғни осы терең қайшылықтың астарында әлемнің жаңа әрі жаһандық тәртіп құруға деген талпынысы жатыр.

 

 

 

ЖАҢА ТӘРТІПКЕ  ИТЕРМЕЛЕГЕН ШЫНДЫҚ

 

Жетпіс жылдан аса уақытта әлем жаңа сын-қатерлермен жүздесіп, түйткілді жаңа мәселелер жарыққа шықты. Әсіресе, жаңа мыңжылдықты аттағаннан кейін әлем өр­кениеттер қақтығысының жаңа формасына енгендей болды. Бұл арада халықаралық саудадағы мүдде қайшылығының өсіп шы­ғуын, сондай-ақ, діни экстремизм мәсе­лесінің күн тәртібіне енуін және жаңа технологиялар қалыптастырған құнды­лықтар мен дәстүрлі құндылықтардың шарпысуын атасақ болар.

 

 

 


Ғылым-білімнің, коммуникацияның дамуы қоғам өкілдерінің пікір алмасуын қамтамасыз ете отырып кейбір әлеуметтік қайшылықтарды шешудің жеңіл жолдарын әзірлейді. Мәселен, кейбір дамыған елдерде дәстүрлі не діни құндылықтар мен жаңа әлеуметтік құндылықтар өзара үйлесім тауып жатқаны бар. Бұл әлеуметтану тұрғысынан болашақ әлемнің бейбітшілігі мен тұрақтылығына сенімді кепіл ретінде қарастырылып зерттелуде.  Жасырары жоқ, діни сенім мен зайырлы қоғам арасындағы кейбір мәселелер біздің елде де ашық қоғамдық талқыға шығып жатыр. Сондықтан ғылым- білім және коммуникацияны дамытуды жүйелі жолға қою арқылы қоғамның сенімге қарай бөлшектенуінің алдын алуға болады.




Қазіргі инновациялық мүмкіндіктер, технологиялық жетістіктер және ғылым­ның жалпыласу деңгейіне қарамастан дін әлі адамзат қоғамындағы маңызды фактор болып саналады. Адам өмірінің сакральді құндылығы жаңа мыңжылдықта да әлеу­меттік мәселелердің ауқымды бөлігіне әсер етіп отыр. Өйткені, ресми статистика бойынша қазір әлемдегі 85 пайыз адам қандай да бір діни наным өкілі саналады. Әрине, технологиялардың бірнеше ұрпақ буындары біртіндеп адамзат санасын сак­ральді түсінік-пайымдардың шеңгелінен алып шығуда. Үрдістің осы қырынан қара­ғанда, алдағы бірнеше дүркін технология­лық «жарылыстардан» кейін діни пайым­дардың жалпы әлеуметтік құрылымға болған әсері әлсіреуі мүмкін. Соның өзінде біз жақын болашақта діннің адамзат қоға­мына жасайтын ықпал әсерін жоққа шыға­ра алмаймыз.

 

Ал қазіргідей жаңа жаһандық тәртіптің түзілуі қарсаңында діннің маңызы мен орнын терең пайымдау қажет екені сөзсіз. Былайша айтқанда, халықаралық жаңа тәртіп аясында діннің орны қандай бол­мақ?

 

Мәселе жаңа тәртіпті түзуге итермеле­ген себептердің ішінде де дін факторы бар. Ауғанстан мәселесі, Сирия мен Ирак жеріндегі ДАИШ лаңы; Солтүстік Еуропа елдеріндегі антиисламистік көзқарастар­дың өршуі; Мьянмадағы рохиджа мұсыл­мандарына жасалған әскери аластау; жаңа дәуірдегі Иерусалим үшін күрестің кү­шеюі және т.б. Мұны мейлі өркениеттер қақтығысы, әлде басқа деп атасақ та түп мәнінде діни көзқарастардың шарпысуы жатыр. Құрылу үстіндегі жаңа әлемдік тәртіпке бұл жағдаяттардың әсер етпей қалуы екіталай. Сондықтан да бұл мәселе мемлекет басшылары мен белгілі саясат­керлер арасында да сөз болып келеді. Осы орайда 14 қыркүйек күні The Jerusalem Post басылымына жарияланған еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ма­қаласы да пікір алмасудың бір форматы ретінде танылады.

 


Бір қарағанда, от пен судай отаса алмайтындай көрінетін түрлі діни сенімдер, анығында түсініспестік пен пікір алмасудың кемшілігінен ғана қайшылыққа ұласып жатады. Ал адамзаттың ақыл-парасатындағы бірдей жетістіктер діннің де өзегінде адами құндылықтар негіз болып тұрғанын көрсетеді. Бұл ортақ өзекке ұмтылу наным-сенімдер арасындағы жаулық пен өшпенділікті жоюдың бірден-бір жолы. Президент: «Діни көшбасшылар әлемде бейбітшілік ортануға көмектесе алады» деп пікір білдіргенде осыны басшылыққа алғандай. Әрі, сөз ретінде Қазақстанның 20 жылдан бері әлемдік діндерге ұсынып келе жатқан диалог алаңының маңызы мен жетістігіне де тоқталған. Егер жаһандық тұрғыдан бағалайтын болсақ, былтыр жетінші съезін өткізген бұл диалог алаңы бейбітшілік пен тұрақтылыққа әсер ететін дін факторын оңды реттеудегі үздік әдістің бірі.

 

 

 

ДІНИ ЖЕТЕКШІЛЕРДІҢ ӘСЕРІ

 

Аталған израильдік басылымдағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірі бір қыры­нан дипломатиялық жүріс қатарында баға­ланары анық. Дейтұрғанмен, онда халықа­ралық тұрақтылық пен бейбітшілікке діни жетекшілердің ықпалын тура бағыттауға қатысты бірқатар маңызды мәселелер де айтылған. Анығында, діни жетекшілерді әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа бағыттаудың үш негізгі тәжірибесі ұсы­нылған. Біріншіден, діни жетекшілердің қақтығыстардан қалған әлеуметтік терең зардаптарды жеңілдетудегі маңызы; екіншіден, адам табиғатындағы қайшы­лықты діни сенім құндылығы арқылы реттеу, сол арқылы қақтығыстарды бол­дырмаудың дәстүрлі жолдарын жүйелеу ұсынылған; үшіншіден, рухани құндылық­тар мен моральдық принциптерді жаңа цифрлық дәуірде насихаттаудың маңызды­лығы көрсетілген. Былайша айтқанда, әлемдегі барлық діндердің өзегіндегі ізгілік пен рухани тыныштыққа деген ұм­тылысты бейбітшілік пен тұрақтылыққа бағыттаудың маңыздылығы айрықша атал­ған.

 


Бұған дейінгі халықаралық тәртіп өткен ғасырда екі реткі жаһандық қанды қырғынды бастан кешіргеннен адамзаттың ортақ талпынысы нәтижесінде құрылды. Оның маңызды жетістігі ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылуы және Адам құқығының жалпыға бірдей декларациясының қабылдануын айрықша атау керек. Бұлар ендігі қалыптасу үстіндегі жаңа тәртіп үшін де маңызды болып қала бермек.

 

 

 

ҚОҒАМНЫҢ НАНЫМ-СЕНІМГЕ БӨЛШЕКТЕНУІНІҢ  АЛДЫН АЛУ ЖОЛЫ БАР МА?

 

Түптеп келгенде, әлемдегі діни наным- сенімнен келіп шыққан қайшылықтардың негізі адамдардың көзқарасындағы, ойлау жүйесі мен психологиялық түпсанасында­ғы айырмашылықтардан келіп шығады. Адам өмірінен тартып, әлемнің жаралуына дейінгі алуан түрлі пайым, сан алуан сенім ортақ пікірге келу үшін тым ұзақ уақыт пен сол уақыт бойындағы тұрақты ұжым­дық іс-қимылды қажет етеді. Әрі, халықаралық жағдай ұдайы тұрақтылықта тұра бермейтіндіктен мұндай ортақ құлшыныс­тарды оңай қиратып кетіп жатады. Сон­дықтан адам табиғатынан және сенімнен келіп шығатын кейбір әлеуметтік қайшы­лықтарды шешудің жанама жолдарын да ұсынған абзал.

 

«Аlmaty-akshamy», №112, 21 қыркүйек, 2023 жыл

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32