«Ң»-ның жазығы не?

«Ң»-ның жазығы не? Сурет: ЖИ

«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген ертегіні бүгінгі жас ұрпақ біле қоймас. Алайда бұл туынды қазақтың ұлттық мұрасына қанық боп өскен біраз жанға жақсы таныс болары сөзсіз. Біз бұл ертегіні қазақ анимациясының атасы – Әмен Қайдаровтың мультипликациялық нұсқасынан көріп өстік.

Бұл ертегіні жайдан-жай еске алып отырғаным жоқ. Қазір «Ң» дыбысының мүшкіл халіне қарасам, ертегідегі шырылдаған қарлығаштың шарасыз күйі еріксіз еске түседі. Қарлығаш ертегіде құйрығынан айырылса, төл дыбысымыз – «Ң» – бүгінгі күні мүлде жойылып кете ме деген ой маза бермейді.

Сонымен, бүгін әліпбиімізде ойып тұрып орын алса да, қолданыста жетімнің күйін кешіп келе жатқан төл әрпіміз – «Ң» дыбысының жайын айтпақпыз. «Ң» мен «Н»-ды адамдар неге шатастырады? Оған не әсер етті? Осы жайды анықтау үшін бірнеше маманға жүгініп, пікірлерін білдік.

 

«Ң» - күллі түркі тілдес халықтарға ортақ, тән дыбыс

Түркітанушы докторант, А.Байтұрсынұлы музей-үйінің аға ғылыми қызметкері Әділет Ахметұлы «ң» дыбысы күллі түркі тілдес халықтарда барын айтады.

«Көне түркіден жеткен мұраларға қарайтын болсақ, «ң» дыбысы өте айқын. Бүгінгі таңда да «ң» дыбысы қолданылып келе жатқан түркі тілдес елдер көп. Бірақ ішінара тілдерде бұл дыбыс жойылып кетті. Мәселен, Әзірбайжан мен Түркияда «ң» дыбысы қолданылмайды. Әрпі де жоқ, дыбысы да жоқ», - дейді ол.

Сөздердің түп төркінін, шығу этимологиясын зерттеп келе жатқан маманның сөзінше,  кез келген дыбыстың арғы тарихына үңілген жөн.

«Бұл дыбысқа қатысты үкім шығару үшін, ең алдымен, көне түркі жазба ескерткіштеріне қараған жөн. Күлтегін бітік тасы, Білге-Қаған бітік тасы, Мойун-чур құлпытасы сияқты көне түркі жазуымен шыққан жазылған дүниелер бар. Кейіннен көне ұйғыр жазуымен жазылған мәтіндер. Одан кейін заманда біз мұсылмандықты қабылдағандықтан, араб жазуыменен ортақ түркі жазуы бар болды сол кездің өзінде. Соның өзінде де мұсылман түріктеріне арналған, сол жазуға қарайтын болсақ та, бәрінде де «Ң» дыбысы толып тұр. Қазіргі түркі халықтарының әліпбилеріне қарасақ, бұл дыбыс қазақта толыққанды бар, қырғыздарда бар. Басқа да халықтарда, мысалы, татарларда, тіпті бізден өте ертеде алыстап, бөлініп кеткен сахаларда бар», - дейді Әділет Ахметұлы.

Әділет Ахметұлының сөзіне сенсек, бұл дыбыс қазақтың  хан-сұлтандарының хаттарында да, кешегі Абай жазбаларында, Ахметке дейінгі Ыбырай, Шоқан жазбаларында, басқа да енді-енді табылып жатқан жәдігерлердің барлығында «ң өте кеңінен  кездеседі екен. 

 

Түркітілдес халықтарға тән дыбыстар қалай жойылды? Оған не әсер етті?

Уақыт өте келе кейінгі дәуірдегі саяси, қоғамдық себептерден, сосын латын әліпбиі сияқты өзге әліпбиге көшу сияқты кейбір жағдайлардың дұрыс ескерілмеуінен халықтың төл дыбыстау заңдылығына да өте үлкен нұқсан тиді.

Оның зардабы кейінгі ұрпақтың кейбір әріптерді дұрыс айта алмайтын деңгейге жетуіне әкелді.

«Біз өзімізді айтпай тұрып, алдымен Түркияға назар аударайық. Түрік тілінде бүгінде «ң» және «қ» дыбыстары жоқ. Түрік тілі – оғыз тобына жатады, ал қазақ тілі – қыпшақ тобына. Қыпшақ тобына қазақ, ноғай, татар, қарақалпақ тілдері кіреді. Бұл топтағы тілдерде «ң» дыбысы жақсы сақталған.

Ал оғыз тобына келсек, олардың көне жазба мұраларында «ң» дыбысы белсенді қолданылған. Мың жыл бойы түркі халықтары араб әліпбиін ортақ жазу ретінде қолданған. Сол әліпбиге қарайтын болсақ, онда да «ң» дыбысы анық көрінеді», - дейді Әділет Ахметұлы.

Осынша уақыт қолданылып келген төл дыбыстар біздің тілімізден де ғайып болуы мүмкін бе? Жалпы тілдің өзгеруіне не әсер етті? Зерттеу-мақаламыздың ауанын енді келесі арнаға бұрсақ...

 

Реформа жасамас бұрын реттілік керек

1921 жылдан бастап Түркия латын әліпбиіне өте асығыс түрде көшті. Бұл асығыстықтың себебі – Осман империясының геосаяси жағдайы, яғни үлкен империялармен қоршалған ірі мемлекет ретінде реформаларды тез жүргізуге мәжбүр болды.

Осы реформаның салдарынан әуелі әліпби өзгерді, артынша жаңа жазуды меңгерген ұрпақтың сөйлеу ерекшеліктері де өзгерді. «Қ» мен «к» дыбыстарының арасындағы айырмашылық жойылып, «қ» дыбысы біртіндеп тілден түсіп қалды. Сол сияқты «ң» дыбысы да жоғалды. Ал шын мәнінде бұл дыбыстар – түркі тілдерінің қазыналы, төл дыбыстары еді.

Бұл – әліпби реформасының тілді қалай өзгертетініне тек бір ғана түркі еліне қатысты нақты мысалы.

Қазақ әліпбиінен де «Ң» дыбысы жойылып кетпей ме?

Ал енді біздің елге оралсақ, қазақ жастарында да «ң»-ды дыбыстап айта алмау, «ң»-мен айтылатын сөзді «н»-мен айту ерекше белең алып отырғаны белгілі жағдай. 

Қазақ тіліне тән ерекше дыбыстардың бірі – «Ң». Бұл тек бір әріптің мәселесі емес, бұл – ұлттың дыбыстық болмысы. Төл дыбысымыз арқылы біз өзге халықтан дараланып тұрамыз. Алайда ХХ ғасырдағы әліпби реформалары – алдымен 1930 жылы латынға, кейін 1940 жылы кириллицаға көшкеніміз – осы дыбыстың табиғи қолданысына үлкен соққы болды.

Кеңестік кезеңде орыс тілі үстемдікке ие болып, кириллица қазақ тілінің табиғатына сай бейімделмей қабылданды. Нәтижесінде Н мен Ң дыбыстарының арасы жақындап, бір-біріне ұқсас жазылып, айтылуы да шатаса бастады. Уақыт өте келе, әсіресе, жас ұрпақ арасында «қайдасың»-ның орнына «қайдасын», «оңай» деудің орнына «онай»  деп айту жиіледі.

Бұл – тек фонетикалық өзгеріс емес, бұл – ұлттық ерекшеліктің жойыла бастауы.

 

«Ң» дыбысының әлсіреу себептері

Бұл дыбыстың арғы тарихына үңіле отырып, неліктен бұл мұндай күйге түсті деген сауал төңірегіндегі заңды сауалға көшейік.

Бұл дыбыстың қазіргі қазақ қоғамында әлсірей бастауы бірнеше себепке байланысты. Оның ара-жігін филология ғылымдарының магистрі Нұржұма Елесбай ажыратып, түсіндіріп берді. Олар: 

1. Физиологиялық факторлар

Кей балалардың дыбыстау мүшелері толық дамымай, кейбір дыбыстарды анық айта алмауы мүмкін. Бұл сөйлеу қабілетінің табиғи ерекшелігімен байланысты.

2. Отбасының тілдік ортасы

Баланың ана тілін дұрыс меңгеруі отбасындағы сөйлеу мәдениетіне тікелей байланысты. Ата-анасы көркем әдеби тілде сөйлесе, бала да тіл байлығын дұрыс қалыптастырады. Ал тілді шұбарлап, аралас сөйлейтін ортада өскен бала ана тілінің табиғи қалпын толық игере алмайды.

3. Тілдік жаттығудың аздығы

Баланың тілін дамыту үшін жаңылтпаш, жұмбақ, қара өлең секілді жаттығулар қажет. Бұл әдістер баланың дыбыстау, ойды анық жеткізу қабілетін жетілдіреді.

4. Әліпби мен жазу жүйесінің әсері

«Ң» мен «Н» әріптерінің жазылуындағы ұқсастық та шатастыруы мүмкін. Әсіресе, орыс тілінде оқыған балаларда бұл жиі байқалады. Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуында әр дыбыстың айқын таңбасы болған. Бұл – тіл үйренуші үшін жеңіл әрі дыбысты дұрыс айтуға қолайлы.

5. Мағыналық бұрмалау

Мысалы, «Көлігіңіз жаңа ма?» деген сөйлем «Көлігіңіз жана ма?» деп бұрмаланса, мүлде басқа мағына береді. Сондықтан бір дыбыстың дұрыс айтылуы – тұтас сөйлемнің мағынасына әсер етеді.

 

«Ң»-ның жағдайын сұрап дефектолог-логопед маманның да пікірін білдік. «ARSHA» дамыту орталығының дефектолог-маманы Гүлдана Тоқсанбаева 6 жылдан бері балалардың тілінде дұрыс шықпаған дыбыстарды қоюмен айналысып келе жатқан білікті маман.  Айтуынша, тәжірибесінде баласының тілінде «ң»-ды айта алмау деген мәселеге бас қатырып, алаңдаушылық танытып жатқандар бірен-саран. Тіпті жоқтың қасы екен. 

«Балаларын диагностикаға алып келген ата-аналардың өздері Ң дыбысын  Н-мен айтады. Және оны қалыпты өмірге енгізіп алған. Бір жағы Ң-ға тілі келмеуді үлкен дәреже санайды. Бұлай сөйлеу қазіргі заманның абыройына айналды десем артық айтпағаным. Осыны түзету керек екен деп ешкім ойлап, қабылдап жатқан жоқ», - деп кейістік танытты жанашыр маман.

 

«Ң» дыбысын дұрыс дыбыстай алмау – жай ғана сөйлеу кемшілігі емес

Кей балалар мектепке барғанда диктант жазу кезінде «Ң» мен «Н» дыбыстарын шатастырып, жиі қате жібереді. Бұл жай ғана сөйлеу кемшілігі емес, фонематикалық есту қабілетінің бұзылғанын білдіреді. Яғни бала «Ң» дыбысын дұрыс естіп, ажырата алмайды, сол себепті жазуда да үнемі қате жібереді. Егер бұл мәселе ерте жастан түзелмесе, бала жоғарғы сыныптарда да осындай қателікті қайталай береді.

Бүгінде ата-аналардың көпшілігі бұл кемшілікті қалыпты жағдай деп есептейді, логопед маманның көмегіне жүгінбейді. Алайда фонетикалық және фонематикалық қабілетті дамыту – тілдік сауаттың негізі.

 

«Ң» дыбысын қалай қоюға болады?

Егер баланың барлық дыбыстары дұрыс шығып, тек «Ң» дыбысына қатысты ғана мәселе болса, оны түзету логопед маманның көмегімен оңай іске асады.

Басты әдіс – салыстыру.

Баланың түсінуі үшін алдымен «Н» мен «Ң» дыбыстарының айырмашылығын көрсету маңызды. Мысалы:

          Н дыбысы: тіл үстіңгі тістің артына тіреліп, ауа жолы тұйықталады.

          Ң дыбысы: тілдің ұшы төменде, ал артқы бөлігі жұмсақ таңдайға жабысады. Ауа жолы ашық қалады.

Бұл айырмашылықты балаға айна алдында немесе қол қимылымен көрсету арқылы түсіндіруге болады. Бала еліктеу арқылы бұл қозғалысты қайталайды. Осылайша дыбыс физиологиялық деңгейде қалыптасады.

 

Ең жақсы үйретуші – ана

Жанашыр дефектолог-логопед Гүлдана Тоқсанбаева көп жағдайдың тікелей ата-анаға қатысы барын айтып, таяқтың тағы бір ұшы барын аңғартты. Оның айтуынша, бала тілінің дамуына логопедпен қатар, ата-ананың қолдауы мен белсенділігі ерекше әсер етеді. Анасының мейіріммен үйретуі, мадақтап отыруы – баланың тез меңгеруіне жол ашады. Сондықтан дыбыстық кемшілікті дер кезінде байқап, түзетудің маңызы зор екен. «Тіл ана сүтімен дариды»  деп бекер айтылмаған-ау...

 

Төл дыбысымызды сақтау үшін нақты не істей аламыз?

Бұл сауалға жауап берген түркітанушы маман Әділет Ахметұлының кеңесі көңілге қонымды, нақты бір шешімі бар жауаптай көрінді:

«Біз алдағы уақытта латын әліпбиіне толықтай көшетін болсақ, онда біз ң әрпін дұрыс жобалауымыз керек. Ң әрпін н- ға ұқсатпауымыз керек. Өйткені біз екеуін ұқсатудың зардабын көрдік. Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуы 1912 жылдан 1929 жылға дейін 17 жыл қазақ баспасөзінде дәурендеді. Онда ң өте керемет белгіленген және бөлек әріппен таңбаланған. Оны к-ға да, н- ға да ұқсатқан жоқ. Ахметтің ұлылығы сонда жатыр. Ол кісі біздің төл дыбыстарды қорғауда, оларды бейнелеуде өте ұлылық танытқан ғалым», - деп түйіндеді түркітанушы.

Бүгінгі «Ң»-ды айта алмайтын бала ертең-ақ ата-ана атанып, немересін алдына алған ата-әже болады. Өзінің тіліндегі құндылықтарды,  ерекшеліктерді жөнді меңгермеген ондай «болашақ қариялардан» қандай қазына күтуге болады? Бұл дыбыстың жоғалуы — ұлттық болмысымызға төнген үлкен қауіп. Сондықтан, бір әріптің жайына да бей-жай қарауға болмайды. Өйткені бір дыбыстың өзі ұлттың бет-бейнесін өзгертіп жіберетініне жоғарыда келтірілген дәлелердердің өзі жеткілікті болар. 

 

«Ң» әрпінен басталатын жалғыз сөз

Оспанхан Әубәкіровтың «Ңөң» деген өлеңі барын біреу білсе, біреу білмес. Оның бұл өлеңі қазақ тіліндегі «ң» дыбысына арналған ерекше сатиралық шығарма. Сатирик бұл туындысы арқылы қазақ тілінің дыбыстық жүйесін, ұлттық ерекшелігін, фонетикалық байлығын қорғауға үн қосады. Ал біз өз кезегімізде онсыз да тасада қалып келе жатқан «Ң»-ның жайын осы өлеңнен артық сипаттап, суреттей алмаспыз. Сондықтан шағын зерттеу мақаламызды Оспанхан ағамыздың сол өлеңінің үзіндісімен аяқтауды жөн санадық: 


«Ң» әрпінен басталар
Бір сөз жоқ қой қазақта.
Деді осында біреулер,
Дәлел айтып бұлжытпас.
(Дәлелді сөз – әлді сөз,
Әлді сөзге кір жұқпас).
– Солай, – десті қалғаны,
Оңай көніп, ойланбай.
«Көне сал», – деп, біреулер
Тамақ беріп қойғандай.
– «Ң» әрпінен басталар,
Сөз бар, – деді «Ң».
Көнбеді.

– Білмесеңдер айтайын,
Оның аты – «Ңөң», – деді.
Айсберг дегенді,
Арғы қазақ «ңөң» деген.
Көктемде көшетін
Өзен мұзын «Сең» деген.
Айтқан сөзім айғақты,
Керегі не мазақтың?!
Өмір бойы зерттедім,
Ана тілін қазақтың.
Зілдей ауыр зілдерді,
«Ңөң» дейді екен бұрындар.
Ал «сең» деген сөзінде
«Жеңіл» деген ұғым бар.
Өң,
Дөң,
Жең,
Мең,
Сең дейді.
Тең,
Таң,
Тоң,
Көң,
Кең дейді.
Ал енді Айсбергті
Бас алсаң да, «нөң», – дейді!

Ойда жоқта осылай,
«Ң» ашты бір жаңалық.
41 әріп бас шайқап,
Тұрып қалды қамалып.
«Ңөң» деген сөз қазақта
Жоқ десең де еркіңде.
Қарыз сұрап тұрғам жоқ,
Бар десең де еркіңде.
«Ңөң» деген сөз қазақта
Жоқ десең де еркіңде.
Бар десең де дәл содан
Бұзылмайды көркің де!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
3
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:09

15:04

15:02

14:28

14:23

13:32

13:30

13:28

13:27

12:50

12:45

12:03

11:59

11:43

11:34

11:24

11:20

11:16

11:13

11:05

10:53

10:31

10:18

09:55

09:34