ffin.kz

Күнге арналған дұға сынды - Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ

Күнге  арналған  дұға сынды - Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ сурет: Almaty-akshamy.kz

«Аlatay Аqparat» ЖШС ұжымы даңқты ақын Нұрлан Оразалинді мерейтойымен құттықтай отырып, 75 жастың биігіне шыққан қазақ өлеңінің ақиығы туралы әр кезеңде жазылған белгілі адамдардың мақалалары мен орамды ойларынан үзінділерді оқырман назарына ұсынып отырмыз. Бұл кезекте Олжас Сүлейменовтің мақаласын ұсынып отырмыз.


Әлі есімде, Мұхтар Әуезовтің Париж төріндегі жүз жылдық торқалы тойы тұсында ақын һәм драматург Нұрлан Оразалиннің сол жиынға қатысқан әлемге әйгілі қаламгерлермен салыстырғандағы құттықтау сөзінің басты айырмашылығы – Абай тілінде сөйлегендігі еді. UNESCO-ның мәжіліс залында өткен мерейтойлық шараға жиылған жұрт ақиық ақын әрі қоғам қайраткері – Нұрлан Оразалиннің шығармашылығына шынайы қызығушылық танытқаны есімде. 



Менің пайымдауымда, оның шығармашылығында тамаша ұлттық поэтикалық дәстүр мен Батыс, Шығыстың қуатты шайырлық мектебі біте қайнасып, үндесе үйлесіп, қамшының тісіндей қатар өріліп отырады. Осынау ерекшелік қанатты ақын туындыларының аудармасында айқын көрініп, менмұндалап тұр. Ақын жырларындағы жанартаудай атқылаған ойлы образдар аясындағы бұрқ-сарқ қайнаған, қайраққа жанылған қуатты сөз аудармашысын одан бетер ынталандырып, ынтықтыра түскені байқалады. 


Нұрлан Оразалиннің алғашқы өндірдей өлеңдері өткен ғасырдың алпысыншы жылдары жарияланған. Міне, сонау арынды «алпысыншы жылдардан» бері дарынды ақынның ондаған жыр жинағы жарық көріп, 2006 жылы таңдамалы үштомдығы оқырманға жол тартыпты.


«Дарынды адам – әр істе дарынды» деген сөз бар. Замандас, қаламдас,  қанаттас інім – Нұрлан Оразалиннің сан қырлы шығармашылығынан аңғарғаным: ол – ақтаңгер ақын, өткір тілді көсемсөзші, шебер драматург. Оның пьесалары еліміздің көптеген театрларында қойылып, сондай-ақ қазақтың саңлақ корифейлері тер төккен қасиетті өнер қарашаңырағы – Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында да үздіксіз қойылып келеді. Нұрлан Оразалин – жұмбағы мен машақаты мол аруақты жанрдың хас шебері, нағыз білгірі. Мұнымен қоса, ол – барған жерін табысқа кенелтер талантты басшы, сан мәрте сайланбалы қызметтердің додасын жарып өткен мықты жетекші, сол қатарда көп жылдардан бері Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болып келе жатқанын айрықша атап өткім келеді.


Нұрланның бауырмал, ашық, парасатты, ұстанымына берік, табанды мінезі өлеңдерінен де айқын көрінеді. Ақын өлеңдеріндегі таңғажайып табиғилық пен тұлға бойындағы кісілік кеңдік, адами дарын Ресей мен Қазақстанның белгілі аудармашылары тарапынан сәтті үйлесім тапқан. 


Қанын ішіне тартқан қазіргідей жаһандану дәуірінде адамзатқа ортақ сан алуан құндылықтардың бағы құлдырап, дәстүр сабақтастығы үзіле бастаған тұста, біздер – ақындар поэтикалық рухтың алтын көпірін орнықтыру үшін күресуіміз керек. Нұрлан Оразалиннің орыс тілінде жарық көріп  отырған алғашқы жыр жинағы осы айтылған қағида мен ұстанымды шегелей түсері анық. Кітап көп қырлы поэтикалық образдар мен сезім селіне бай. Әр парағы, әр бетінен жалынды жастық пен бала кезіміздегі нәзік сезім, тұнық махаббаттың жарқын сәттері елес беріп өткендей әсерге бөлейді. 
Уақыттың қуатты үні мен ғасырлар қойнауынан күмбірлеп жеткен бабалардың құдіретті рухы – Нұрланның поэтикалық әлемінің көнермес көркем өзегі, ойдың айнымас атрибуттары. Бұл қасиеттер ақынның поэтикалық пафосы мен дүниені қабылдауына айрықша қанат бітіріп, Нұрлан жырларын планетарлық ойлау биігіне көтереді. Төмендегі жыр жолдары осы айтқанымыздың артық дәлелді керек етпейтін, өрісті, өркенді үлгісі екені даусыз. 


«Құлағыма жетеді ылғи бір сарын,
Жел шайқаған дауысындай шыршаның:
Желпініп ем жүйрік мінген тек мендей...
Неге жеттім?
Қайда әкелді жыр-сағым?
Не бітірдім?
Өзімді-өзім ұрсамын.


Жазғырамын... Жазалаймын... Сөгемін...
Опырылып, ойдан азап шегемін.
Күрсінем де сөзден алып өшімді,
ашуымды ақ қағазға төгемін.


Адаммын мен... Жұмырбаспын, пендемін...
Біреуге асқар. Ал біреуге шөңгемін.
Көкірегім – сауалдардың ұйығы,
Тіршілігім – ыстығындай көмбенің...».


(«Что за мелодия рвётся в ушах, 
звоном, которого нету чудесней...
Словно бы всадник несётся во мрак,
Я устремляюсь за собственной песней.


Мучаюсь, каюсь, страдаю, казнюсъ...
Мне не хватает бесстрашной отваги:
Я на слова беззащитные злюсъ,
Чтоб отыграться на белой бумаге!


Так же, как вы, я земной человек:
Мил – для одних, а другим – ненавистен...
Только в груди моей пепел, как снег,
Жизнь моя – жар отгорающих истин...»).
 (С.Мнацаканян ауд.)


(Түсінікті болу үшін өлең мен өлеңнің көркем аудармасын қатар беріп отырмыз. Ауд.Ә.Б.)


Ашылған парақтарынан жел ойнаған жыр жинақ – жайылған аялы алақан іспеттес: бәрімізге ортақ Күнге арналған дұға сынды. Мен кітап авторы – ақын Нұрлан Оразалинді көз алдыма осылай елестетем.


Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ,
Қазақстан Республикасының Еңбек Ері,
Қазақстанның Халық жазушысы,
Қазақстан Республикасы 
Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. 
Париж, қазан, 2007 жыл.


Аударған Әлібек БАЙБОЛ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53