ffin.kz

Көрнекті қолбасшы

Көрнекті қолбасшы Сурет ЖИ көмегімен салынды

Жошы – Шыңғысханның үлкен ұлы, Алтын Орданы негізін қалаған ұлы қолбасшы және қазақ хандарының арғы атасы.

Халық арасында «ұлы адамдарды аналары тәрбиелейді» деген сөз бар. Жошы ханның жағдайында да солай болды, дегенмен жазушылардың айтуынша, оны үш әйел тәрбиелеп өсірген. Kazinform агенттігі оқырман назарына ұлы қолбасшы Жошы ханның анасы, оның балалық шағы мен тәрбиесі туралы әңгімені ұсынады.

Тарихи деректерге сәйкес, киат руының боржығын тайпасынан шыққан батыр Есугей 9 жасар ұлы Теміршіні (болашақ Шыңғысхан) ертіп, қоңырат руының жеріне барады да, көне түркі салты бойынша ұлына қалыңдық ретінде Бөрте есімді қызды айттырады. Көп ұзамай Есугей қайтыс болып, Темірші жетім қалады және өмірінің бастапқы кезеңінде көптеген қиындықтарды бастан кешіреді. Тек кәмелетке толғаннан кейін, шамамен 1178 жылы, ол дала заңы мен көшпенділер дәстүріне сай, Бөртеге барып, оны өз үйіне әкеледі. Көп ұзамай олардың үйіне меркіттер шабуыл жасап, Бөртені тұтқынға алады. Кейін Темірші керейіт ханы Тұғрылдың көмегімен Бөртені тұтқыннан босатып алады. Осыған байланысты халық арасында Жошы Шыңғысханның туған ұлы емес деген қауесет тарайды. Алайда, Шыңғысхан өмір бойы Бөртеге құрмет көрсетіп, Жошыны жақсы көріп өткен.

Тарихи романның авторы Уларбек Дәлейұлының айтуынша, Бөрте – қоңырат руының көсемі Дай-шешеннің қызы болған. Ол моңғол императорының өмірінде маңызды рөл атқарған. Оның толық есімі – Бөрте-фужин немесе Бөрте-ужин. Моңғол тілінде «фужин» сөзі «ханым» деген мағынаны білдіреді. Шыңғысхан қиын-қыстау сәттерде Бөртенің ақыл-кеңесіне құлақ асқан.

Темірші алғаш рет моңғол тайпаларын біріктіруге тырысқанда, Бөрте оған Жамұха атты моңғол қолбасшысынан алшақтауды ұсынған. Темірші әйелінің ақылын тыңдап, өлімнен аман қалған. Тарихшылардың мәлімдеуінше, Бөртенің ақылы мен парасаттылығы Теміршінің ұлы моңғол императоры Шыңғысханға айналуына үлкен ықпал еткен.

Бөртенің төрт ұлы – Жошы, Шағатай, Үгедей және Төлей – ұлы қағанның жаулап алған барлық жерлерін мұра етіп алып, әрқайсысы өз ұлысын басқарды. Шыңғысханның сүйікті әйелі әрі төрт ұлының анасы болған Бөрте ерекше құрметке ие болды. Оның есімі тарихта алтын әріптермен жазылды.

Тарихи романның авторы Уларбек Дәлейұлы «ханым Бөрте» жақсы білім алған, өте ақылды әйел болғанын және Шыңғысханның адал серігі әрі құнды кеңесшісі бола білгенін атап өтеді.

– Жошының балалық шағы өте қиын кезеңге тап болды. Анасымен тәрбиеленген ол ақылды әрі кемеңгер адам болып өсті. Сол уақытта қоңырат тайпасы салыстырмалы түрде тыныш өмір сүрді, жиі шабуылдарға ұшырамады. Бөртенің әкесі Дай-шешеннің ордасында көптеген дана адамдар жиналған. Ордада Тан әулетіне бағынған Қытайдың тангут және шұршыт оқымыстылары да қызмет еткен. Бөрте осы адамдардан білім алып, сауатты әйел болған. Осындай білімді және ақылды ананың қолында Жошы тәрбиеленіп өсті, – деп жазады Уларбек Дәлейұлы.

Жазушының айтуынша, Жошы анасынан бөлек әжесі Өэлүн және Шыңғысханның кіші қарындасы Темүлүннің тәрбиесін де алған.

– Жалпы, Жошыны үш әйел тәрбиеледі деуге болады. Мүмкін, оның мейірімділігі мен жұмсақтығы сол әйелдерден берілген шығар. Әжесі, Шыңғысханның анасы, сұлу және ақылды әйел болған, тәжірибелі әрі батыл, күшті жан ретінде танымал еді. Оның «Мерген» деген лақап аты бекер емес. Сондай-ақ Теміршінің қарындасы Темүлүн де мықты жауынгер әрі мерген болған. Темүлүн Жошыны жас кезінен бастап әскери өнерге баулыған. Үш әйелден Жошы ержүректілік, ақыл мен парасаттылықты бойына сіңірген. Мүмкін, осы тәрбиенің арқасында ол Шыңғысханның басқа ұлдарымен салыстырғанда мейірімді әрі кешірімді болған шығар. Ол жаулап алынған қалалардың тұрғындарын қыруға қарсы болған. Мүмкіндігінше Жошы елшілерді жіберіп, жауларын қан төкпей берілуге шақырған, – деп жазылған «Хан Жошы» кітабында.

Уларбек Дәлейұлының жазуынша, Жошының мейірімділігі қанқұйлы шайқастар кезінде де көрініс тапқан.

– Жошы ер жеткенде, 1202 жылы Шыңғысхан татар тайпасымен соғысты бастады. Шағатай мен Үгедей басқарған әскерлер татарларды қырып, қалғандарын тұтқынға алды. Жошының сарбаздары басып алған ауылдарда тұрғындарды және жараланған жауынгерлерді өлтірмей, оларды босатқан. Сондай-ақ, олар бұл ауылдарда көп олжа жинауға да тырыспаған. Осыдан кейін Шыңғысхан төрт жыл бойы Жошыны жорықтардан шеттетіп, шайқастарға қатыстырмай қойған. 1207 жылы Шыңғысхан Жошыны Байкал көлінің батысындағы жерлерді жаулап алуға жіберді. Мұнда да Жошы қаталдық танытпады. Ол жерде өмір сүрген орман халықтары – телеуіт, урсүт – моңғол қолбасшысына соғыссыз берілді. Тайпа ақсақалдары келісімге келіп, ақ аттар, құндыздар және дала сұңқарлары секілді сыйлықтар әкелді. Перзентінің жауынгерлік дарынын бағалаған Шыңғысхан Жошыға жаулап алынған жерлерді басқаруға берді. Осы жерлерде Жошы ұлысының, кейіннен Алтын Орданың негізі қаланды, – дейді жазушы Уларбек Дәлейұлы.

Жошы жас кезінде-ақ көрнекті қолбасшы ретінде көзге түскен. 1211-1215 жылдары ол Қытайға жорыққа қатысты. Үш жыл өткен соң Жошы Қыпшақ даласын басып өтіп, Ырғыз даласына жетіп, сол жерде Хорезмшах Мұхаммедтің 60 мыңдық әскеріне қарсы шайқасқа кірді. Әскерінің саны аз болғанына қарамастан, қолбасшылық қабілетінің арқасында Жошы Хорезмшахтың әскерін жеңіп, мақсатына жетті. Осы жорықтан кейін Жошы Жетісудың барлық қалаларын бағындырды.

1220-1222 жылдары Жошы Сырдария жағалауындағы Отырар, Сығанақ, Үзкент, Баршынкент, Жанкент секілді қалаларды басып алды. Осылайша Хорезм мемлекеті толығымен жауланды.

1223 жылы Шыңғысхан Күленбасы жазығында үлкен құрылтай ұйымдастырды. Сол құрылтайда ол жаулап алған барлық жерлерді өзінің Бөртеден туған төрт ұлына бөліп берді. Жошыға Ертістен батысқа қарайғы жерлер, оның ішінде Солтүстік Жетісудың бір бөлігі және Еділдің төменгі ағысына дейінгі аумақ, яғни бүкіл Дешті Қыпшақ аумағы берілді. Оның ордасы Ертіс өзенінің бойында орналасты.

– Жошы ұлысының негізін бұрын Дешті Қыпшақты мекендеген түркітілдес тайпалар құрады. Жошы ұлысы – ол біз. Біз хан Жошы құрған және хан Батудың күшейткен мемлекеттің 65-70 пайыз жерін алып жатырмыз. Жошы ұлысын құруға қатысқан тайпалар мен рулар кейін бірігіп, қазақ ұлтына айналды, – дейді жазушы Уларбек Дәлейұлы.

Жошының анасы қоңырат руынан шыққандықтан, ол өзіне бағынышты халықтармен өте жақын қарым-қатынаста болған деседі. Шығыстық тарихшылардың мәліметтері бойынша, Жошы қайратты, батыл, қатал мінезді адам болған. Оның ақыл-парасаты мен ерекше ержүректігі Шыңғысханның өзіне де қорқыныш ұялатқан. 1260 жылы жазылған «Табақат-и-Насири» еңбегінде шежіреші Әбу-Омар әл-Джузжани: «Жошы қыпшақтарды соншалықты жақсы көргендіктен, моңғолдардың Хорезмде оларға қарсы әрекет етуіне жол бермеді» деп жазады.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:54

19:06

18:48

18:05

17:55

17:50

17:40

17:22

17:10

17:04

16:46

16:38

16:18

15:51

15:23

14:55

14:45

14:18

14:11

13:38

13:12

12:58

12:49

12:41

12:17