Корей түбегі – екі түрлі даму жолын таңдаған бір ғана халықтың өмір сүру аумағы. Яғни Корей Халықтық Демократиялық Республикасы және Корея Республикасы сынды екі мемлекетке бөлінген. Жер аумағы жағынан Солтүстік Корея (КХДР) – қазіргі Жетісу облысымен, Оңтүстік Корея – қазіргі Алматы облысымен шамалас келеді. Оңтүстік жарты түбектің халық саны солтүстіктен екі есеге көп, оңтүстікте 51 млн, солтүстікте 25 млн тұрады. Бірақ екі ел арасындағы айырмашылық тек халық санында емес. Оңтүстік Кореяның ЖІӨ-і солтүстік көршісінен 55 есеге көп, өмір сүру деңгейі жағынан 10 есе жоғары. Статистикалық мәліметтер көрсеткендей, солтүстіктегілері орташа есеппен оңтүстіктегілерден 10 жыл аз өмір сүреді. Осы бір шағын аумақтағы әлеуметтік теңсіздік Батыс Еуропа мен Орталық Африка арасындағы айырмашылықпен бірдей. Сонымен Корей түбегі бізге нені түсіндіреді? Бір аумақ, бір халық 70 жыл ішінде неге екі басқа әлемге айналып кетті?
Теңсіздік теориялары
Біз өзіміз жасап жатқан әлемдегі теңсіздікті жоққа шығара алмаймыз. Сөз етіп отырғанымыз, әлеуметтік теңсіздік. Әлеміміз шекараларға бөлінген мемлекеттермен, түрлі деңгейдегі өмір сүру сапасымен айырмаланады. Былай қарасаңыз, көршілес екі елдегі әлеуметтік даму мен азаматтардың табыс деңгейі, өмір сүру ұзақтығы әртүрлі. Бір кездері жалпыға бірдей мойындалған жаһандану үрдісі және технологиялық дамудың қарқыны да бұл теңсіздікті жоя алмады. Жасырары жоқ, соңғы жылдары елімізде де қордаланған терең әлеуметтік мәселелер біртіндеп күн тәртібінің алдына шықты. Турасында, бұл ұдайы басты назарда тұруға тиісті мәселе еді. Қалыптасқан жағдайымыз мемлекет пен қоғамға оны шешудің жаңа ауыр міндеттерін жүктеді. Енді бір жағынан қоғам өкілдеріне өзімізді өзге әлеммен салыстыра қарауға, әлемдегі теңсіздіктің түпкі мәніне үңілуге итермеледі.
Сонымен, әлем елдеріндегі өмір сүру сапасының бірдей болмауында басты себеп не? Бұл сауал ұзақ уақыт әлеуметтанушылардың, экономистердің, саясаткерлер мен тарихшылардың зерттеу түйіні болды. Әрі зерттеушілер жағынан түрлі теориялар да ортаға салынды. Бірі географиялық орналасудағы артықшылық кейбір елдерге дамудың аса мол табиғи мүмкіндігін беретінін алға тартты. Енді бірі мәдени-тарихи факторлар дамуға тікелей әсер етеді деп көрсетті. Былайша айтқанда, кейбір елдердің экономикалық дамуына тұсау болып отырған олардың менталитеті мен діни сенімдері болуы мүмкін дегенге саяды. Бұл көзқарасқа сенсеңіз ағылшын құндылығы, Батыс Еуропа құндылықтары әлеуметтік дамуға ыңғайлы болып келеді екен-мыс. Зерттеушілердің енді бірқатары одан да әсіре ойларды айтады. Яғни ақыл-ой дамуында айырмашылықтар бар, бұл айырмашылық түрлі елдің дамуын түрлі деңгейде қалыптастырады дегендей. Алайда, өзінше дәлелдері мен дәйектері бар бұл көзқарастарды теріске шығаратындар да бар. Айталық, Дарон Асемоғлы мен Джеймс Робинсон өздерінің «Мемлекеттер неге дамымай қалады» атты қосавторлық еңбектерінде ұлттық дамудың географияға, мәдени-тарихи ерекшеліктерге тікелей тәуелді еместігін дәлелдеуге тырысқаны бар. Ал біз жоғарыда айтып өткен Корей түбегі міне, соның айқын дәлелі.
Теорияларды бұзған түбек
Бұл күндегі Корей түбегіндегі геосаяси жағдай өткен ғасырдың орта шеніндегі державалар арасындағы қарым-қатынастың нәтижесі деуге болады. Соғыста тізе бүккен Жапонияның отарынан азат болғанымен, шағын түбек енді екі үлкен лагерь арасындағы таластың қызу нүктесі болды. Түбектің терістігіне Мәскеу, түстігіне Вашингтон ықпалы орныға бастады. Мүлде қарама-қайшы екі ұстаным мен екі түрлі құндылық көп ұзамай мәселені соғыспен шешуге тырысты. Осы кезде іс басына Бейжің де араласты. Капиталистік және социалистік екі алып лагерь шағын түбекті 1945 жылы қазіргідей екі бөлікке бөлді. Ал 1953 жылдан бастап екі ел екі түрлі даму жолына түсті. Әне, содан қазірге дейінгі уақыт түбекте екі түрлі даму деңгейін, екі түрлі өмір сүру сапасын, екі түрлі экономикалық өсімді қалыптастырды. Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея аталған екі мемлекет бүгіннің өзінде бейбітшілік келісіміне қол қойысқан емес, тек уақытша тыныштық келісімі аясында тұр.
Ал осы түбектің соңғы 70 жылдық тарихы жоғарыда айтып өткен теңсіздік теорияларын тас-талқан етіп бұзды. Анығында, бұл теориялар экономистер мен әлеуметтанушыларды, саясаттанушылар мен тарихшылардың ортасында ұзақ уақыт салтанат құрған еді. Корей түбегін мысал ете отырып алдыңғы көзқарастарды талдаған кезде манағы айтылған әлемдік теңсіздікке қатысты түсіндірулер жарамсыз болып қала берді. Себебі, географиялық артықшылық дейтіндей бір ғана түбекте үлкен географиялық айырмашылық жоқ еді. Аумағы бұрынғы Алматы облысымен бірдей көлемде қаншалықты климаттық айырмашылық болуы мүмкін. Оның үстіне, қазір екі елде жасап жатқан халық мәдениеті мен тарихы жағынан жыға танып айырғысыз бір халық екені мәлім. Ал ақыл-ойдың дамуына қатысты көзқарастар онсыз да өткен ғасырдың қойнауында өздігінен жоғалған. Сонымен, зерттеушілердің басым көп тобы экономистер алға тартқан экономикалық даму тікелей экономикалық институттар мен экономикалық саясатқа ғана бағынышты деген теорияны мойындай бастады.
Түбекті екіге бөлген таңдау
Корей түбегінде КХДР мен Корея екі түрлі даму жолын таңдап бөлінгеннен тартып, оңтүстік тарапы барынша жеке меншікке басымдық берген экономикалық саясатты қолдап отырды. Тіпті, бертінгі дәуірге дейін Оңтүстік Кореяның өзі диктатураның сірескен шырмауынан шыға алмай, ел ішінде күрделі саяси жағдайларды бастан кешіп келген. Алайда, тура таңдалған экономикалық бағыт пен саясат мейлінше икемділік танытты. Пиоңяң (Пхеньян) болса мұның керісінше экономиканы орталықтандырып, жоспарлы қатаң жүйені, яғни ұжымдық экономикалық саясатты ұстанды. О бастан белгілі болғанындай, екі елде азаматтарды экономикалық ынталандырудың екі түрлі тәсілі біртіндеп өзінің ұқсамаған нәтижесін көрсетті. Солтүстік Кореядағы жекеменшікке салынған тыйым қоғам мүшелерінің инвестициялауға деген ынтасын өлтірді. Кеңес Одағының үлгісіне ұқсас еңбек күш ресурсын қажетті салаларға тиімді бұрып отыруға тиіс орталық билік мүлде икемсіздік танытты. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы да, индустриясы да дамуға мүмкіндік ала алмады. Экономикалық институттар ел азаматтарының игілігіне емес, Ким әулетінің және оны қолдаушы бірнеше әулеттің игілігіне ғана жұмыс істейтін болып шықты. Қазірге дейін Солтүстік Кореяны билеген Ким әулетінен шыққан бірде-бір жетекші экономикалық саясатты өзгертуге тырысқан жоқ. Себебі, өзіне ыңғайлы бұл жүйені өзгертуге құлықсыз болды.
Азаматтарға кеңірек құқықтық мүмкіндіктер берілген және инвестиция мен саудаға барынша ынталандыратын экономикалық институттары бар Оңтүстік Кореядағы жағдай қазір айтпаса да түсінікті. Бұл елдің өркендеуіндегі тәжірибелерді зерттеген кейбір зерттеушілер өз кезінде Оңтүстік Кореяда азаматтарға және олардың білім алуына көбірек инвестиция да салынғанын айтады. Бұл қоғам мүшелерінің жаңа реформаларға бейімділігін арттыра түскен фактордың бірі. Осылайша Оңтүстік Корея тиімді саяси және экономикалық институттарының арқасында әлемдегі қарқынды дамыған елге айналып шықты.
Егер екі елдегі қарапайым екі адамды салыстырғанда, бұл айырмашылықты былай түсіндіруге болатын шығар: Солтүстік Кореяның тумасы Пак (мысал ретінде) мектеп жасынан тартып мемлекет белгілеген ережелердің шеңберінде таңдау жасайды. Мектеп қабырғасында мемлекеттік насихатпен әбден «сусындап», кейінгі тағдыры да тікелей әскери және саяси түзімдер ішінде өтеді. Оның жеке меншігіндегі мүлкі болмайды, болған күнде де өз қажеттілігін өтей алмайды. Әскер қатарында болса да әскери киімді мемлекеттен жалға алады. Қандайда бір бизнес ашып байып кетуге құқығы да, еркіндігі де жоқ. Оңтүстік Кореяда өскен Йон (мысал ретінде) мектеп қабырғасынан бастап сапалы білім алады. Ата-анасының әлеуметтік жағдайы жақсы болғандықтан қосымша білім алуға да мүмкіндігі мол. Нарықтағы еркіндік оған қандай мамандық оқыса табысы жақсы болатынын түсіндіріп тұрады, әрі сол мамандықты оқып, кейін табысты қызметкер немесе жеке кәсіпкер болуына болады. Алғашқы бизнесінің өзін түрлі деңгейдегі банктер инвестициялайды немесе төмен өсімді несиелермен қамтамасыз етіледі. Түйіндеп айтар болсақ, экономикалық институттардың Йонды ынталандыруы оның нарыққа, тұтас экономиканың клеткасына айналдырып жібереді. Бұл ауқымды масштабқа келгенде Оңтүстік және Солтүстік Кореяның айырмашылығын қалыптастырады.
Ынталы қоғам – мемлекетті дамытушы күш
Қазіргі әлем елдерінде экономикалық институттардың екі түрі бар екенін зерттеушілер алға тартады. Бірі – мемлекеттік басқаруға көбірек жағдай жасайтын, элитаның мүддесіне оңтайлы келетін экстративті экономикалық институттар болса, екіншісі – нарықты құраушыларға барынша таңдау еркіндігін, экономикаға қатысу мүмкіндігін беретін инклюзивті экономикалық институттар. Міне, осы қарапайым әрі күрделі айырмашылық Корей түбегіндегі жарық пен қара түнекті қалыптастырған. Олардың қайсысы қайсы экономикалық институттарды қолданып отырғаны жалпы көпшілікке түсінікті. Екі Кореяның мысалы түсіндіргендей, көп жағдайда мемлекеттердің дамуы оның географиялық орналасуы мен мәдени-тарихи ерекшеліктеріне, не болмаса жерасты байлықтарына тәуелді емес. Тек қай елдің экономикалық, саяси-әлеуметтік институттары қоғам мүшелерін ынталандыруға бейім болса, сол ел дамуға соншалықты бейім. Әрі бұл елдегі әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешуге болады.
Қазіргі біздің қоғам мүшелерінің сыртқы әлемдегі әлеуметтік теңсіздікке қатысты көзқарасы біртіндеп қалыптасып келеді. Қоғам мүшелеріндегі бұл ізденіс еліміздің болашақ дамуына өз септігін тигізері анық. Біз өзіміздің қоғам мүшелерінде ақыл-ой алмасу деңгейінің жоғары екенін, әлемдегі жаңа үрдістер мен озық жетістіктерді қабылдауға мейлінше бейім екенін сеземіз. Мұндай артықшылықтарды мемлекет тарабы елдің әлеуметтік дамуында тиімді пайдалануы маңызды. Сондықтан қоғамның қос тарабы бірдей әлемдік тәжірибелер жөніндегі пікір бірлігін тауып отырғаны тиімді.