ffin.kz

Көлік апаты көбейіп барады

Көлік апаты көбейіп барады ru.sputnik.kz

  • МӘСЕЛЕ


 


Қазақстан бойынша 4 миллионнан аса көлік тіркелген болса, соның 500 мыңға жуығы Алматыға тиесілі екен. Демек, темір тұлпар сатып алу жағынан Алматы қаласы алда келеді. Бұл жақсы-ақ жаңалық. Алайда, бір өкініштісі, оңтүстік астанада көлік апаты басқа қалаларға қарағанда анағұрлым көбейіп келеді.  


 


Қазақстан жолдары қауіпті


Осыдан біраз бұрын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен твиттерде, кейін Алматы қаласына сапарында мас күйінде автокөлік жүргізгендерді қатаң жазалау керегін тапсырған болатын. Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Президент: «Елімізде, оның ішінде Алматыда жол-көлік оқиғаларының көп тіркелетіні алаңдатады. Адамдар қаза тауып, жарақаттанып жатыр. Жол апатынан зардап шеккендер саны басқа елдердегі қарулы қақтығыстардан қаза табатындардың санынан кем емес. Жол қозғалысы мәдениеті айтарлықтай төмендеп кетті», – деп дабыл қағып, аталған жағдайға алаңдаушылық білдірген еді.



Шынында да былай қарап тұрсақ, Қазақстанның жолдары қауіпті болып барады. Статистикаға көз жүгіртсек, өткен жылы елімізде 12 515 жол-көлік оқиғасы орын алып, 16 884 адам зардап шекті, 1997 адам қайтыс болды. Оның 184-і – балалар. Қайғылы рейтингтің «көшін» Алматы қаласы және Алматы облысы бастап тұр. Барлық жол-көлік оқиғаларының 40 пайызы аталған өңірлерге тиесілі.



Орта есеппен соңғы он жылда елімізде 30 мыңнан аса адам қаза тауыпты. Ал он жылға созылған Ауған соғысында бүкіл бір КСРО бойынша 14 мың адам оққа ұшқан. Сонда былай қарасаңыз, көлік «соғысының» зардабы Ауған соғысынан да асып барады. Сондықтан жазаны қазіргіден де күшейтпесек, мұның арты жақсылыққа апармайды.  


 


Жылдамдықты арттыруға болмайды


Жол тәртібін бұзғандарға қатты шүйлігетін Дания мемлекетінде 1000 адамға шаққанда 700–800 көліктен келсе, бізде әрбір 1000 адамға 172 көліктен тиетінге ұқсайды. Енді мынаған қараңыз, аталған елде жол апатынан зиян шеккен 100 адамның алтауы ажал құшса, біздің елде көлік қақтығысының зардабын тартқан 100 адамның 18-і мерт болуда.


Жол апаты жағынан биік көрсеткіштерімен жылда алдыңғы қатардан көрінетін аймақтардың біріншісі – Алматы қаласы болса, екінші, үшінші орындарда – Алматы облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы тұр. Түркістан облысы да төрттіктен түспей келеді.  



Жол-көлік оқиғасын тудыруға түрлі жағдайлар себеп болатынын алға тартқан жол сақшылары «ең көп кездесетін тәртіпсіздік жүргізушілердің белгіленген межеден көлік жылдамдығын арттыруы», – дейді. Бірнеше адамның өліміне соқтыратын жол-көлік оқиғаларының да барлығы дерлік көліктердің жылдамдығын шектен тыс арттыруының салдарынан орын алып жатады екен.



Жол апаты салдарынан қайтыс болатындардың саны жөнінен Алматы облысы алдыңғы қатарда тұр. Алматы облысында, әсіресе, жаз айларында суға түсу маусымы басталысымен, демалыс күндері саяжайға, табиғат аясына, жағажайларға демалуға баратындардың саны артуымен қатар, жол-көлік оқиғасының да көбейе түсетіні анықталған.


 


Тәртіп сақтаған жөн


Жалпы, мамандардың айтуынша, жол-көлік оқиғаларының көп тіркелуіне жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс арттыруымен қатар, қарама-қарсы бағытқа шығып кетуі, бірін-бірі басып озуға тырысуы, жүргізушінің көлік тізгініне мас күйінде отыруы секілді жағдайлар себеп болатын көрінеді. Сондай-ақ, тиісті орындардың құлағына «алтын сырға» – күре жолдардың тарлығы мен сапасыздығы да жол-көлік оқиғасын тудырудың негізгі себебі көрінеді.



Бәлкім, жол жүру ережесін бұзатындар үшін әлі де болса тәртіпті қатаңдату керек шығар. Өйткені, бүгінде қала сыртындағы жүргізушілерді былай қойғанда, қала ішіндегі шекті жылдамдық – 60, ал кейбір жерлерде 40 шақырым болса да желмен жарысатын көлік жүргізушілері көбейіп барады. Осының салдарынан айдың күннің аманында ажал құшатындар қатары азаймай тұр.



 


Кешенді шараларды қолға алу керек


Мегаполисте жол-көлік оқиғаларының санын азайту үшін кешенді шараларды қолға алу керек. Қала көшелерінің адам көп жиналатын барлық учаскелерінде қозғалыс жылдамдығын шектеп, қоғамдық көлікте, әсіресе, таксилер мен автобустарда жылдамдықты шектейтін техникалық құрылғыларды орнатқан дұрыс. Сонымен бірге, рульде спирттік ішімдікті пайдалануға толық төзбеушілік қағидатын енгізуіміз қажет. Жол қозғалысы қауіпсіздігі тақырыбын жалпымемлекеттік/жалпықалалық бағдарлама ретінде қарастыруымыз тиіс. Мектеп оқушыларын жарық шағылыстыратын білезіктермен қамтамасыз еткен жөн. Тіпті, жаяу жүргіншілерге қараңғыда шағылысатын киім киюді міндетті ететін заң қабылдаған дұрыс. Өйткені, түнде адам көрінбейді. Бұл тұста жарық шағылыстыратын киімдер құтқара алады.


Қазір жолда жүру ережелерін жекеменшік автомектептер үйретіп, жүргізуші куәлігін ХҚКО береді. Осы орайда, жол сақшылары «жүргізушілер дайындауды мемлекеттік орта білім беретін мектептерге қайта табыстау керек» деп отыр. Мүмкін мұны да пилоттық тәжірибе ретінде қолға алып көргеніміз дұрыс шығар.


 


Шетелдік тәжірибе қандай?


Оңтүстік Кореяда жол ережесі қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Соның нәтижесінде онда ЖКО-да қаза болғандар саны азайып келеді. Мәселен, егер 1991 жылы ЖКО салдарынан өлім-жітім бойынша 13 429 адам тіркелген болса, 2010 жылы көрсеткіш екі есе – 6563-ке қысқарды, 2020 жылы бұл көрсеткіш 3781-ді құрады. Қазір 100 мың тұрғынға шаққанда қаза болғандар саны 7 адамды құрайды. Оңтүстік Корея мен біздің елдеріміз арасындағы жолдар айтарлықтай ерекшеленбейді. Олар да біздегідей бетон және асфальтбетон жолдарын салады, қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетон қолданады. Бір ерекшелігі, Оңтүстік Корея билігі қауіпті жерлерді көрсету үшін жол жамылғысына түрлі бояғыштар мен қоспалар қосады. Мысалы, сары түс ескерту болса, қызыл түс жылдамдықты азайту қажеттілігін білдіреді. Қауіпсіздік мақсатында жолдарда қисық жолақ кеңінен қолданылады. Оларда егер сіз көліктің қозғалу жылдамдығын 10 пайызға төмендетсеңіз, онда өлім саны 50 пайызға азаяды деген ұғым қалыптасқан. Бізде жылдамдық режимі өте жоғары, Кореяда автожолдарда ең жоғары жылдамдық сағатына 100 шақырым, одан қатты жүруге болмайды. Қала ішінде сағатына 60 шақырым, ал мектептердің жанына келгенде оны 30-ға түсіресіз.


Негізі, былай қарап тұрсақ, жалпы Қазақстанда, оның ішінде Алматыда көлік апаттары өте көп болып тұрады. Жоғарыда біз тек ресми деректерді ғана келтірдік. Ал шын мәнінде, жол апаттары бұдан әлдеқайда көп болады. Тек көпшілік жүргізушілер дау-шарды тәртіп сақшыларының араласуынсыз өздері-ақ шешіп алуды әлдеқайда тиімді деп санайды. Сондықтан бұл мәселені шеші үшін шетелдік тәжірибеге көп мән берсек дұрыс-ақ болар еді.



Түйін: Қала ішіндегі жылдамдықты азайтып, жол сапасының жақсаруына ден қоятын уақыт жетті. Кәріс ғалымдарының зерттеуінше, жылдамдықты 10 пайызға қысқарту арқылы адам өлімін 50 пайызға азайтуға болады екен. Осындай озық тәсілдерді қолдану арқылы еліміздегі жол-көлік оқиғасына тосқауыл бола алсақ, қаншама адамның өмірін қауіп-қатерден сақтап қала аламыз. Сонымен қатар, көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге де ережені бұзбауға шақырып, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына бақылауды күшейткен жөн. Тек тиісті жол ережесін сақтау ғана қауіп-қатерден аулақ болуға көмектеседі.



 


Тақырыпқа орай


Медет ӘБІЛДАҰЛЫ, көлік жүргізуші: Көлік жүргізу мәдениетін көтеруіміз керек


 Бірінші кезекте жолдардың сапасына мән берілуі керек. Екіншіден, жүргізуші куәлігін сатуды доғарып, оны беруді қатаң бақылауға алуымыз тиіс. Куәлік сатылса, онда жол ережесі мен қауіпсіздікті сақтау туралы не айтуға болады? Үшіншіден, заң қарапайым адамдар үшін емес, барлық азаматтар үшін жұмыс істеуі қажет. Әйтпесе, бізде байдың балалары ішімдік ішіп, есірткі қолданып көлік жүргізсе де, тіпті адам қағып мерт қылса да, ештеңе болмайды. Мұндай кезде жазаны барынша қатайтқан дұрыс. Оның үстіне, бізде көлік жүргізушілері бір-бірін құрметтемейді. Германияда, Австрияда көліктер баяу жүреді, бір-біріне кедергі жасамайды. Ал Алматыда бәрі асығыс, қалай болса солай жүреді. Біреудің алдына түсіп алсаң сигнал беріп, жұдырық ала жүгіреді. Нәтижесінде баяу жүрудің орнына көліктері соқтығысып, тоқтап тұрады. Ақырында жол полициясы өлшеп, қағаз толтырып, ұзақ уақыт кептеліс жасайды. Сондықтан мұны шешу үшін халықтың көлік жүргізу мәдениетін көтеруіміз керек. Онсыз мәселе шешілмейді.


 


Жұмажан ЖАҢБЫРОВ, техника ғылымының докторы, профессор: Көлікте телефонмен сөйлесу өте қауіпті


 Бізде автокөлік мектептері тек ақша табуды ғана көздейді. Олардың жауапкершілігін арттыруымыз тиіс. Оның үстіне, қазір нашақор да, психикасында ауытқуы бар адамдар да көлік жүргізе беретін болды. Оларға көлік жүргізе алатындығы туралы анықтама алу түк емес. Медициналық анықтама да коммерцияға айналып кетті. Жеке клиникалар көп, оларға ақшасын берсеңіз, кез келген анықтаманы бере салады. Сондай-ақ, жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғандарды өмір бойы жүргізуші куәлігінен айыру керек. Әйтпесе, осы жылдамдықты асырғаннан қаншама адам мүгедек болып, тіпті өліп кетіп жатыр.  Бұл – ауыр өкініш. Сосын қалада қоғамдық көлікті арттыру қажет. Адамдарды жеке көлікке емес, автобустарға отыруды үгіттеген дұрыс. Жүргізушілердің рөлде отырып алып SMS жазуы, телефонда сөйлесуі өте қауіпті жағдай. Мұндай кезде апатқа ұшырау ықтималдығы артады. Бірақ бізде өкінішке орай, осылардың салдарынан болатын жол-көлік оқиғасының статистикасы жүргізілмейді. Әйтпесе, дамыған елдерде мұндай әрекет үшін 15 күнге қамау жазасы қолданылады. Бұған да ерекше назар аударымыз керек.



Дерек пен дәйек


Әлемде жылына шамамен 2 миллионға жуық адам жол апатынан қайтыс болады екен. Бұл бір қаланың, тіптен кішігірім бір мемлекеттің халқындай адам жер бетінен жойылып кетеді деген сөз. Біздегі жағдай да оңып тұрған жоқ. Елімізде жылына үш мыңға жуық адам жол-көлік апатынан қаза тауып, 19 мыңнан астам адам мертігіп жатады. Яғни күніне 8–10 адам жол апатынан ажал құшады деген сөз. Соңғы 10 жыл ішінде еліміз аумағындағы жол бойларында 30 мыңнан астам адам опат болып, 156 мың адам түрлі дәрежеде жарақат алыпты. Ең өкініштісі, осындай апат салдарынан жылына 300-ге жуық бала қаза тауып, 2000-ға жуығы түрлі дене жарақатын алған.



 


Көлік апатына ұшырағанда не істеу керек?


Алматыда темір тұлпар саны артқан сайын, жол көлік оқиғалары да жиілеп барады. Тіпті, көп жыл көлік жүргізген тәжірибесі мол жүргізушілердің өзі жол апатынан сақтандырылмаған. Өйткені, қалада тәжірибесіз жүргізушілер көп-ақ. Сондықтан әрбір жүргізуші болашақта абдырап қалмасы үшін жол апаты болған жағдайда не істеу керектігін білуі тиіс. Егер жол апаты орын алса, көлікті дәл сол жерде тоқтатып, «аваринканы» қосып қою керек. Ал апаттан кейін зардап шеккендер болса, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, 103 нөміріне хабарласқан жөн. Осыдан кейін 102-ге хабарласып, полиция қызметкерлерін шақырыңыз. Кінәлі еместігіңізді дәлелдеу үшін куәгерлердің аты-жөнін, мекенжайын, телефонын жазып алыңыз. Егер ЖКО-да зардап шеккендер болмаса және барлық тараптар болған жағдайды бағалауда өзара келіссе, онда жүргізушілер оқиғаның сызбасын жасап, жол апатын ресімдеу үшін Полиция басқармасына бара алады. Келіспеген жағдайда, апатқа ұшыраған көліктерді фото мен видеоға түсіріп алған жөн. Содан кейін сақтандыру компаниясының комиссары мен полиция келгенде жол-көлік оқиғасының схемасы сызылып, әкімшілік хаттама толтырылады. Осы кезде тиісті орган қызметкерінен міндетті түрде апат схемасы мен әкімшілік хаттаманың көшірмесін алыңыз. Бұл ретте сақтандыру компаниясы шығынды өтейді. Ал әкімшілік іс сотта қаралып, тиісті шешім шығарады. Ең бастысы, жолда абай болыңыз!


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:00

19:12

18:45

18:15

17:59

17:55

17:48

17:38

17:20

17:10

16:45

16:42

16:42

16:36

16:17

16:09

15:38

15:02

15:00

14:53

14:34

14:22

14:02

13:45

13:40