ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, эконо-микалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялағаны белгілі. Мемлекет басшысы жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау керектігін атап көрсеткен болатын.
Қоғамдағы еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер жоғары бағалануға тиіс. Бүгінгі таңда еліміздегі 770-тен астам колледжде түрлі жұмысшы кадрлар даярланып жатыр. Бұл бастама қарапайым еңбек адамдарына көрсетілген үлкен қолдау мен қамқорлық деп білемін.
Алматы технология-экономикалық колледжі («АТЭК» ЖШС) жеңіл өнеркәсіп, бизнес және қызмет көрсету саласында сұранысқа ие «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» («тігінші» біліктілігі), «Тамақтандыруды ұйымдастыру» («кондитер-безендіруші» және «аспаз» біліктілігі), «Қонақүй бизнесі» («әкімші» біліктілігі), «Нан пісіру, макарон және кондитер өндірісі» («наубайшы» біліктілігі) мамандықтары бойынша жұмысшы кадрларды даярлап келеді. Бүгінде колледжде 2000-нан астам жас білім алуда. Оның 700-ге жуығы – болашақ білікті жұмысшы кадрлар. Оқу орны заман талабына сай оқу кабинеттерімен, зертханалармен, техникалық оқу құралдарымен жабдықталған. Бұл талапкерлер мен білім алушылардың аталған мамандықтарға деген қызығушылығын арттырары сөзсіз.
«АТЭК» «дуальды оқыту» бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде білікті жұмысшы кадрларды кәсіпорындарға даярлау жүйесін іске асыруда. Колледжіміз жұмыс берушілер мен жұмысшы кадрларды байланыстыратын дәнекер ретінде түрлі өндіріс орындарымен өнімді жұмыс істеп келеді. Сонымен қатар, АТЭК білім алушылары жас мамандардың негізгі дағдыларын қалыптастырып, білімін жетілдіру мақсатында ұйымдастырылатын WorldSkills чемпионаттарына жыл сайын дәстүрлі түрде қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.
Болашақ жұмысшы кадрлар нені біліп, қандай дағдыларды меңгеруі керек? Халықаралық стандарттар бойынша мамандар жұмыс беруші талаптарына сай болуы қажет. Колледждер тарапынан жыл сайын қаншама маман нарыққа шығуда, бірақ барлығы бірдей жұмыс тауып кетеді деген сөз емес. Ол үшін кәсібилік те талап етіледі. Алматы технология-экономикалық колледжінің басты мақсаты – жұмысшы кадрларымыздың еңбек нарығында сұранысқа ие болуына ықпал ету. Осыған сәйкес, кадр даярлау мәселесінде оқу бағдарламасы өндіріс қызметкерлерімен бірігіп дайындалады. Бұл өз кезегінде өнімді еңбек нәтижесін беруде.
Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда сый-құрметке ие. Президентіміз тұжырымдағандай, ең бастысы, «әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс». Демек, қандай да бір саланы игеру үшін адамға еңбек ету керек. Сонда ғана еліміз дамудың даңғыл жолына түспек. Жұмысшы қадрларды қолдау мақсатында алда талай игі бастамалардың жүзеге асатынына сеніміміз мол. Себебі, өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырары хақ.