ffin.kz

Жаһандық дағдарыс –  жаңа дәуірдің бастауы

Жаһандық дағдарыс –  жаңа дәуірдің бастауы 3mv.ru

Күрделі өзгеріс тұсында біз не істеуіміз керек?


Әлем өзгерді. Көптеген әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар айтқандай, біз сол үлкен үрдістің ішіндеміз, әрі бұл бастапқы кезеңі ғана. Сөз тұтас әлемнің бет-бейнесі, адамзат қоғамының жаңа бұрылысы жайында болып отыр.


 


Біз әлемнің қазіргі бет-бейнесінен терең дағдарысты көріп отырмыз. Анық көрініп тұрған белгілері қатарында мемлекеттер арасындағы сенім дағдарысын; экономикалық өсудің тұралауын; технологиялық дамудың күтпеген әсерлерін; Украинадағы соғысты; АҚШ–Қытай арасындағы шиеленіс және өзге де толып жатқан мысалдарын атар едік. Бұның бәрі, түптеп келгенде, әлем елдерінің саяси үйектенуі (поляризация), экономика- лық жүйені қайта қалыптау немесе жаңа әлемдік тәртіп құру сынды мега- масштабты құбылыстарға ұласып жатыр.


Өткен ғасырдың алып картинасына көз жүгіртетін болсақ, екі реткі жаһан соғысын бастан өткерген және аса жойқын қырғындағыш қуатқа ие қаруларға қол жеткізген адамзат ес жинауына тура келді. Халықаралық қауымдастық құрып, бейбітшілік пен тұрақтылықты ортақ мақсат ретінде ұстанатын жаңа әлемнің шымылдығын ашты. Бірақ қазіргі жағдайда өткен ғасырдың ортасынан бері қалыптасқан халықаралық тәртіп бұзыла бастады. Халықаралық қауымдастықтың өзі ірі державлардың мүдде қайшылығынан өрбіген дау-шарларды реттеуге дәрменсіз күйде қалды. Қазіргі тап келген дағдарыс тек мемлекеттер арасындағы шиеленістер ғана емес, климат өзгерісі секілді барлығына ортақ мәселелерді де алға қойды.


Бірақ дағдарыс атаулы соншалықты жаман құбылыс емес екенін айта кеткен жөн. Г.А.Киссинджер, З.Бжезинский немесе Ф.Фукуяма секілді жаңа дәуір ойшылдары әр жаңа бұрылыс, дамудың жаңа сатысына өту алдында адамзат қоғамы терең дағдарыстарды бастан өткеретінін заңдылық ретінде сипаттайды. Әрине, дағдарыс тұманы айыққаннан кейінгі әлемнің қандай болатынын дәл болжап айту қиын. Дегенмен, оны тудырушы факторларды қарай отырып, қысқа, орта және ұзақ мерзімді перспективада болжауға негіз табылады.


 


           НЫСАНАЛЫ МЫСАЛДАР:



  • Францияда либерал-демократтар атынан Эмманюэль Макрон президент болып сайланған кезде оның басты қарсыласы Марин Ле Пен де ауқымды электоратқа ие екені белгілі болды.

  • 2020 жылғы АҚШ сайлауында Демократтар мен Республикашылдар арасындағы тартыс тарихтағы ең ұмытылмастай деңгейде өтті. 2024 жылы болатын келесі президент сайлауында Құрама Штаттарда «қызылдар» мен «көктер» арасындағы бәсеке тіпті тартысты болады деп болжануда.

  • Биыл маусымда өткен Түркиядағы президент сайлауын еске алыңыз, консерватор ретінде бағаланатын Режеп Тайып Ердоған жеңіске жеткенімен, «батысшыл» деп танылған оппозициялық альянс өкілі Кемаль Кылычтароғлын қолдаушылар да сайлаушылардың жартысына жуық болды.

  • Егер мемлекет тарапынан ашық мойындалатын болса, елімізде де 2019 жылы өткен президент сайлауында осыған жақын мысал табылар еді.



Үрдіс қай уақытта, неден басталды?


Мұндай ауқымды құбылысты бірер сөз-сөйлемге жинақтау қиын. Тіпті, нақты қай уақыттан басталғанын қазіргі саясаттанушылар да тап басып айта алмайды. Біреулері бұрнағы жылы болған «Брекситтен» басталған десе, кейбірі Қырым дағдарысынан бері әлемді қайта бөліске салу сынды қауіпті үрдіс жарыққа шықты дейді. Ал кейбір зерттеушілер Трамп тұсында басталған АҚШ–Қытай арасындағы сауда соғысы геоэкономика және геосаясатта жаңа әлемдік тәртіп құру мәселесін күн тәртібіне қойды деп санайды. Пікірлер алуан түрлі болғанымен, қазіргі жаһандық геосаяси жағдайдың түпкі себебі ірі державалар арасындағы бәсекеде жатқанын көреміз. Сонымен бірге, осы мәселелердің бәрі де қысқа мерзімде пайда болмағанын да білеміз. Айталық, АҚШ–Қытай арасындағы сауда соғысы Ақ үйге Дональд Трамптың келгені үшін басталмағаны анық. Бұл арада мәселе – Вашингтон мен Бейжіңнің ұстанымындағы, көзқарасындағы алшақтық. Қалыптасқан және қалыптасу үстіндегі жаһандық екі держава ортасындағы мүдде қашан болмасын бір шиеленіске апарып соғатыны ертеден-ақ белгілі еді. Ал «Брексит» ісі де процесс жүзеге асқан кездегі саяси-әлеуметтік немесе экономикалық мәселелерге тәуелді емес еді. Британияның ЕО құрамынан шығу тақырыбы, мүмкін, ол ұйымға кірген кезден бастап қойылған да болар.


Демек, құбылыстың түп-төркіні арыда. Саясат та, экономика да жекелеген адамдардың мүддесіне орай пайда болады. Мұндағы жеке тұлғалар дегеніміз – билік иесі немесе саясаткерлер емес, қоғамды құраушы әр жеке адам. Сондықтан әлемдегі бір мезгілдегі бұндай ауқымды құбылыстың қашан және қайдан басталды деген сұраққа саясаттанушылардан гөрі әлеуметтанушыларда сенімді жауап бар болуы мүмкін. Айталық, америкалық Ларри Даймонд қазіргі дәуірді «Демократияның құлдырау кезеңі» деп атағаны бар. Ол адамзат қоғамындағы құндылықтардың жаңаруын саясат, экономиканың бүгінгідей кейіпке келуіне ең негізгі себеп ретінде ұсынады. Әрине, саясат пен экономиканың түбінде әлеуметтік құндылықтар сынды таған тұратынына барлық әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар «имандай» сенеді.


Сонымен, жаһандық сипатқа ие бүгінгі шиеленісті жағдай, шындап келгенде, әлем халқына ортақ. Үрдістің беткі сипатында мемлекеттер арасындағы саяси үйектерге жіктелу тұрған болса, әр екі тараптағы елдердің өз ішінде де оңшылар мен солшылардың арасындағы бөлініс жоғары деңгейде.



Мәселенің мәні қайда?


Шындап келгенде, әлемдегі құбылыстар адам танымындағы құндылықтардың өзгерісінде жатыр. Ең әуелі құндылықтардың жаңарып отыруы – адамзатқа ортақ әрі табиғи құбылыс. Әр дәуірде әртүрлі факторлардың әсер етуімен әлеуметтік құндылықтар жаңарады. Бұрынғы дәуірлерде дін дүниетаным мен құндылықтардың өзгерісіне әсер етуші басты фактор болып келсе, қазіргі кезде жаңа технологиялар оның орнын басты. ХХ ғасырдың соңғы жартысында компьютер қоғамға енді, соңғы он жылдығында ортақ ғаламтор пайда болды, ал 2000 жылдардан кейін ұялы байланыс құралдары әр адамның қолына өтті. Соңғы 10 жылда 3G және 4G жеке адамдардан тартып, тұтас қоғам санасына жарылыс сипатында әсерлер берді. Алдағы уақытта 5G алдыңғы төртеуінен де күштірек әсер ететіні анық. Бұл дәстүрлі қоғамдық институттардың рөлін әлсіретті. Егер әлеуметтанушылар айтатын дәстүрлі қоғамдық институттардың рөлінің әлсіреуі 1990 жылдардан басталды деген дәйекке сенсек, онда бұл процесс тікелей жаңа технологиялардың дамуына қатысты екенін аңғару қиын емес.


Олай болса, құндықтардың өзгерісі халықаралық геосаясат пен геоэкономикаға қалай әсер етті? Бұндай сұрақтың туындауы заңды. Өткен ғасырда әлем капиталистік және социалистік екі үлкен лагерьге бөлінді. Ал турасында екі үлкен көзқарасқа бөлінді. Алдыңғысы ерік бостандығын алға шығарып, сол арқылы экономикалық өсімді қамтамасыз етуді ұстаным етіп алды. Енді бірі болса, революциялар, азаматтық соғыстар арқылы әлеуметтік және экономикалық теңдік құруды көздеді. Былайша айтқанда, байлықты қайта бөліп, ары қарай бәріне ортақ жоспарлы экономикамен жүргісі келді. Екі көзқарастағы әлем бейбіт тұра алмады. Кемінде идеологиялық соғыс, тіпті ядролық соғыс қаупімен әлемді қорқытып отырды.



Ал қазіргі қоғам өткен ғасырдағыдан да күрделі бола түсті. Жаңа технологиялар мен әлемдік өзара әсерлесу ықпалында, жекелен адамдардың санасында эгоизм мен индивидуализм саңырауқұлақша өсіп шықты. Бір кездері ашық экономика мен әлемге ортақ құндылыққа қарай ұмтылған либерализмді жақтаушы елдердің өзі қазір иммиграцияға қарсы шараларды күшейтуде. Бұл арада батыл түрде мынадай бір идеяны айтуға да болады: Адамзат коммунизмге дайын болмағаны секілді, демократия мен либерализм құндылықтарына да табанды бола алмайтынын көрсеткендей. Еуропаның өзінде либерализм мен иммиграция өздерінің ұлттық мүддесіне қайшы келеді деп санайтын саясаткерлер өз электораттарын жыл сайын көбейтіп жатыр. Венгрия, Италия, Франциядағы соңғы сайлаулар, қазіргі билік партияларынан осыны көруге болады. Ал Үндістан, Мьянма, Шри-Ланкада ұлттық және діни құндылықты басты орынға шығару үрдісі бар. Ондағы мұсылмандарға жасалған қысымдар сырт тараптан қаншалықты сыналса да, ішкі жағдайда өзгеріссіз қалды. Британияда «Брекситті» қолдап дауыс берушілер «ортақ өгізден, оңаша бұзауым артық» дегенге тоқтады.



Қорыта айтқанда, әр қоғамдағы түрлі ұстанымдардың қайшылығы бұрындары жабық күйде болса, қазір ашыққа шықты. Тіпті, сакральді мәнге ие болған діни ұстанымдарды жақтаушылар мен оларға қарсылар ортасындағы қайшылық ашық пікірталастарға, кейде тіпті қақтығыстарға дейін ұласып жатыр. Осындай толып жатқан үрдістер жекелеген елдердің саясат пен экономиканы құрудағы ұстанымдарына, одан ары қарай жаһандық геосаяси картинаға дейін әсер етіп жатыр деуге болады.



Жаһандық өзгерістер ұлттық мүддені қорғаудағы қабілетімізді жетілдіре түседі


Жаһандық саясат пен экономикалық климаттың құбылмалы екені шын. Барлық елдер секілді, бізге де терең әсер етіп тұрған халықаралық дағдарыстар бар. Украинадағы соғыс, АҚШ–Қытай арасындағы шиеленіс, энергия мәселесі, жаһандық климат өзгерісі, т.б. дегендей. Шағын немесе әлсіз елдердің ұлттық мүддесі сырт тараптан шешілмес үшін құбылыстар бізге сыртқы қатысуды белсенді етуді міндеттеп отырғандай.


Бірақ бұның бәрі біздің елдің бақылауынан тыс жағдайлар. Қазақстан сынды Орта Азиядағы немесе өзге де дамушы елдер бұл жағдайды оңды шешуге ықпал етуі өте қиын. Болған күнде де ұжымдық іс-әрекеттерді табанды түрде ұйымдастыруды қажет етеді. Мәселе, тіпті тұтас адамзат өркениетінің бұрылысы немесе жаңа кезеңіне қатысты болғандықтан, бұл арадағы шағын елдердің дауысы тіпті әлсіз. Сондай ырықсыз жағдайда мемлекеттің міндеті не деген мәселенің жауабы өзінен-өзі дайын тұр. Қазіргі дағдарыс тұманы айыққанда, болашақ мемлекетіміз қандай болады деген сұрақтың да жауабы сонда болса керек. Біз үшін ең басты міндет – өз қоғамымызды зерттеу. Оның әрбір жеке мүшесінің ой-танымын, көзқарасы мен құндылығын тану және мойындау. Оны азшылық немесе көпшілік ретінде бөле-жармастан, бәріне ортақ құндылықтарды анықтау және мемлекет саясатын сол негізде құру.


Мемлекет қана емес, қазіргі жаһандық үрдіс әр қоғам мүшесіне де міндеттер жүктейді. Технологиялық жаңарудың ықтимал әсерлерін табу үшін барлық сала біліктілікті талап етуде. Ақпараттың шын-жалғанын анықтаудан тартып, әлеуметтің мінез-құлқын анықтауға дейінгі, астық егуден тартып, ғарышқа ұшуға дейінгі барлық сала жүйелілік пен нақтылықты талап етеді. Ал мемлекет осылар арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз етуге, қоғам өкілдерінің еркін таңдау жасап, өз құндылығын ұсынуына жағдай жасауы тиіс. Бұл жаһандық өзгерістер тұсында егемендік пен ұлттық мүддені қорғаудағы қабілетімізді жетілдіре түседі.


"Аlmaty-akshamу", №87, 22 шілде, 2023 жыл





Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

12:44

12:12

11:41

11:11

10:43

10:36

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35