"Сөз білмеген тілін шығарады"
Өздеріңіз білетін асабаның жыры ғой баяғы. Қазақтың бұла, дарқан, кең кезінде асаба немесе тоғашы деп ірі ас-жиындарды басқаратын санат иелерін атаушы еді-ау. Бұл сөзді де әбден тасмаңдайға айналдырып болдық. Терминді қызғанып отырғаным емес, садағаң кетейін, қазіргі той өткізіп жүргендердің тұтас болмысын танытуда осы сөздің еш қисыны келмей тұрғасын айтамыз.
Ұлттық игілік тұрғысынан қарағанда ортақ нәрсе, әйтпесе, аузымыз қышып бара жатқан жоқ. Осы қызмет түрін атқарушыларға «той ағасы» деп айдар таққанды теріс көрмейтіндер де табылады екен. Асаба – ас басқарушы. Бұған дау болмауы керек. Ал той басқарушыға «Той ағасы» деу, меніңше, өте артық. Аға деген сөздің түркі-моңғолдық мән-мағынасын тағы да той басқарушының аяғының астына салып бергеніміз орынсыз. Қасқыр түгілі, тышқан тұқымынан балпақ алып көрмеген итіне Бөрібасар деп ат қоятын кеңбалақ қазағым-ай. Соның керін келтіріп, осы сөзді әуелде кім ойлап тапқанын білмей, дал болып отырмыз. "Сөз білмеген тілін шығарады". Әй, бұл қазақтың сөзінде де, өзінде де дауа болсайшы.
Он екі томдық «Қазақ Совет Энциклопедиясында» той-думанда құйындатып жүретін асаба жолдастарға қатысты былай депті: «Асаба – той ағасы, дастарқан басшысы. Асаба – екі түбірден құралған күрделі сөз: ас – тамақ, тағам, аба – көптеген түркі тілдерінде ата, аға ұғымын білдіреді» депті де, түсініктеменің соңын «Асабасы жоқ асқа жарымас» деген керемет мәтелмен күрмепті. Көрдіңіздер ме, бұл жерде асабаны «той ағасы» деп тұр. Олай болса, той ағасын ақы төлеп жалдамайды, ас пен тойдың алдында кеңес құрып, әулет ішінен ноқта ағалық жасап жүрген бірін сайлайды. Өйткені біздің қазақ әулетке қатысты ас пен тойдың тізгінін жаттекі біреуге бермеген халық.
Аталмыш түсініктеменің де шала жері бар екен. Мұндағы «ас» деген сөзге ауқат ретінде тар аяда қарамау керек. Бұл жерде қазақ даласындағы бірнеше айлар бұрын сауын айтып шақыратын ірі астың аужайы айтылып отыр деп түсінгеніміз абзалырақ. Сол үшін де ас тізгінін ұстайтын асабасы жоқ елдің асқа жарымауы заңды.
Мұндағы көңіл қоятын сөздің бірі – аба. Қазақ жыраулары «Азаулыда аға болған ерлер көп еді» деп дала ақсүйектерін (аристократтарын) меңзесе, Сібір халықтарында «абы» патриарх деген ұғымды білдірген және бұл дәрежеге көрінген адам ие бола алмаған. Ағалар мен абылардың әйелін абыс немесе абысын деп атаған. Демек, біз айтып жүрген «асаба» бұл ас-аба емес. Жыңғыл деген сөзді «қырыл» деп еститін сол баяғы қазақы қалыппен бәрін былықтырып жүрген өзіміз.
Есесіне, аталмыш еңбекте «думаншы» деген тамаша термин бар екен. «Думаншы – халықтық сауық-сайрандар мен той-думандарды, ойын-тамашаларды ұйымдастырып, қыздыратын әрі басқаратын өнерпаз. Көбіне қызықты әңгіме, күлдіргі, әзіл сөздің тапқыр шебері» деп, атқаратын қызметіне де тәуір түсініктеме де беріліпті. Сіз бен бізге керегі де осы сөз емес пе? Қандай дәл, әрі нақты берілген анықтама десеңші. Қазіргі той басқарып жүрген іні-бауырларымыздың толық табиғатына сойып, қаптап қойғандай. Менің ойымша, асаба атаулыға осы атақты қайта жаңғыртып телу керек сияқты. Әйтпесе, сөздің де обал-сауабы бар, ағайын.
Ендігі бір мәселе, қанша жерден думаншы болсын, оларға құдалық тізгінін сеніп тапсырудың жағдаятына абайлап қараған жөн. Кез келген думаншы құдалық басқарады деу қателік. Ол әулеттің арғы-бергі тарихын, ағайын-туыстың жағдаятын және жаңа құдалардың аужайын жақсы білетін өз адамың болуы керек. Егер қазіргі қоғамда мәселенің осы жағын шешіп алмасақ, онда мына қазақ деген халықтың жасаған далалық мәдениеті жайында да сөз қозғаудың қажеті шамалы. Адам баласы туған күн, сүндет той («әпшу кесер емес»), құдалық деген рәсімдерді құдайлық бастауларға негіздеп жасайды. Егер осындай жерлерден біздің бас көтерер үлкендеріміз табылмайтын болса, онда бізден төртаяқтылар артығырақ.
Ал той үстінде тілек айту деген не? Бұл өзі басқа елден ауысқан үрдіс емес. Егер біздің ұлтымызға тән болса, онда сол тілектің қай жерде айтылғаны орынды? Тойда тобымен шығып, тілек айтып, шұбатылып тұрып алу жарасымды ма? Жалпы, біздің қазақ тау халықтары сияқты тілек айта ала ма өзі? Айта алмаса, оның себебін білеміз бе? Асылы, тойда тост айту үрдісін қою керек шығар. Неге дейсіз бе? Жақында бір тойда болдым. Соңына қарай көршілеріне сөз берілетін әлгі бір жаттанды әдет бар емес пе. Ал содан әлгі көршісі не деді дейсіз ғой? Елуді әжептәуір еңсеріп, алпысты алқымдап қалған, бір қарағанда «көпті көрген» кісі сияқты әсерде қалдыратын, талай буын ұрпақты тәрбиелеп үлгерген мұғалима апай, жаңа түскен келінге қаратып: «Бақытты бол, біздің Мир көшесін де бақытты қыл» деп қарап тұр. Ұят-ай, бүгінгінің бата-тілегі де сиырқұйымшақ. Сіздерді білмедім, мен өз басым осы жасыма дейін мұндай тілек естіп көрмеппін.
Тост айтамыз деп топырламай-ақ, қашан осы басқа жұрттар сияқты ән тыңдап, жеңіл-желпі билеп (онда да би қыштап бара жатса), жай ғана шүйіркелесіп, демалып, арқа-жарқа болып бір жадырап, Шымқалаша айтқанда, беймарал отырар екенбіз? Асылында, онша сын көтеріңкіремейтін, басынан сөз асырмауға тырысатын сахара төсінде бұла өскен халықпыз ғой. Қалай десек те, жатық айтсаң, жынды дейтін, тік айтсаң, тұрпайы санайтын біздің ағайынға жағу әсте қиын. Ұлт ретінде көңіліміздің ығы бір табылмай-ақ кетіп бара жатыр.