ffin.kz

«Дін қайраткерлері жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге елеулі үлес қоса алады»

«Дін қайраткерлері жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге елеулі үлес қоса алады» Сурет: Astanatv.kz

Соңғы жылдары дін және діни ағымдарға қатысты мәселе бүкіл әлемде алдыңғы қатарға шыққаны мәлім. Бұл бүгінде адамзат қоғамы бетпе-бет келіп отырған экстремизм, терроризм сияқты қауіпті құбылыстар негізінде діни көзқарас, діни ұстаным қайшылығы да жатқандығымен байланысты.   

Діни себептерге байланысты туындаған соғыстар тарихта аз болмаған. Википедияда бұл жайтқа:

«Толерантсыздықтың, әсіресе діни азшылықты ресми қудалаудың тарихы ұзақ. Әрбір доминантты дін өз іргесін кеңейту және үстемдікке шығу кезеңдерінде толерантсыздық сатысын басып өткен. Заман мен заңның өзгеруіне, тұрмыстың жақсаруы мен адам санасының жетілуіне қарамастан, қазірдің өзінде өзгелерге телерантсыздық танытатын діни сенім үлгілері аз емес. Жер шарының бірде-бір аймағы діни толерантсыздық ауруынан толық айналып өткен емес», – деген түсініктеме берілген. 

Расымен де, әсіресе кейінгі кезде жер-жерде бой көрсетіп жүрген базбір ағымдардың ұстанымы, идеологиясы моральдық және рухани тәрбие тұрғысынан алғанда ақылға сыймайды. Нақтырақ айтқанда, олар дін атаулыға тән адамгершілік, имандылық, қайырым, мейірім сияқты ізгі қағидаларды аяқасты етіп, есесіне ұлтаралық араздық пен дінаралық алауыздықты қоздыратын, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін әрекеттерді құптауға, қолдауға ынталы. Өздерінің қара ниетін, арам ойын жүзеге асыру үшін олар дінді бетке ұстайды және діннен хабарсыз немесе діни сауаты төмен адамдардың санасын улау арқылы қатарын көбейтуді мақсат етеді. Ал онсыз да әлемдегі халықаралық қатынас күрделеніп, қырғи-қабақтық пен сенімсіздік өршіп тұрған қазіргі таңда жағдайды тек ізгі ниет, өзара диалог пен ортақ күш-жігер арқылы ғана тұрақтандыру аса маңызды.  

Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан кез келген даулы мәселені БҰҰ Жарғысына сәйкес тек қана келіссөз үстелі арқылы шешуді үнемі айтып келеді. Туындаған қайшылықтарды күшпен, қорқытумен немесе  санкциялармен реттеу мүмкін емес. Мұндай сәттерде гуманистік идеалдарға жүгіну аса маңызды. Олардың басты қайнар көзі дәстүрлі діндер екені даусыз. Бұл орайда еліміз бейбітшілікті сақтауға және өркениетаралық диалогты нығайтуға мүдделі. Оның бірден-бір дәлелі – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алқалы жиынын Астанада өткізуге Қазақстанның бастамашы болуы екені даусыз.

Осы айтулы шара арқылы Қазақстан бүкіл әлемдік қоғамдастық алдында ұлттық консенсустың және қоғамды біріктірудің үлгісін көрсете білді. 2003 жылдан бері 3 жыл сайын тұрақты түрде өтіп келе жатқан бұл алқалы жиын конфессияаралық және дінаралық қатынастар мәселелерін талқылауға арналған беделді халықаралық алаңға айналды. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтау бойынша үлкен тәжірибеге ие және осы салада  әрдайым тиімді ынтымақтастыққа дайын екендігіне сендіреді. Мемлекет басшысы қазақ жері бағзы замандардан бері Батыс пен Шығыстың арасындағы көпір болып келгенін, Ұлы дала төрінде небір алып көшпелі империялар өмір сүргенін және ең бастысы, діни ұстамдылық – олардың бәріне ортақ сипат болғанын Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде де баса айтты. Президентіміздің пікірінше, Қазақстан халқы түрлі өркениеттер мен діндердің дәстүрін, төзімділік пен ашықтық қасиеттерін қабылдады. Сондықтан «бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты еліміздің негізгі ұстанымына айналды.

– Қазіргі уақытта 100-ден астам этнос Қазақстанда өзара түсіністік пен келісім жағдайында өмір сүреді. 18 конфессияның 4 мыңға жуық діни бірлестігі еркін жұмыс істеп жатыр. Мұны біздің баға жетпес байлығымыз әрі мызғымас басымдығымыз деп санаймыз. Съездің өткізілуі – еліміз бен бүкіл әлемде диалог пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін Қазақстан саясатының маңызды бағыты. Бұған дейінгі форумдарда қабылданған декларацияларда қандай идеялардың атын жамылғанына қарамастан радикализм, зорлық-зомбылық пен қақтығыстар әрдайым сынға алынды. Қазіргі күрделі жағдайда діни көшбасшылардың бір үстел басына отырып, кез келген қайшылықты еңсеретін ізгі амалдың үлгісін күллі әлемге көрсетуі аса маңызды.  Менің ойымша, біздің съездің басты миссиясы мен ерекшелігі осында, – деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев аталған жиында жаһандық үдерістегі дін мен рухани көшбасшылардың рөлін қайта зерделеуге бағытталған бірқатар тезисті талқылауға ұсынды.

– Біз мәдениетке, экономика мен қоғамға қатысты теориялық тұжырымдар мен практикалық әдістерді түбегейлі жаңғыртуымыз керек. Өркениеттің шынайы болмысы мен мәнін сақтау үшін қоғамның барлық саласына ауқымды реформалар қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президентінің пікірінше, рухани көшбасшылардың күш-жігерін жұмылдыруы және диалогы бүкіл адамзатқа қазіргі теке-тірестерден шығу жолын көрсетеді.

– Осындай ауқымды диалог тәжірибесі рухани көшбасшыларға түрлі бітімгерлік бастамаларды белсенді көтеруге құқық береді. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан «қақтығыс ошақтарындағы» әскери қимылдар мен адамдардың зардап шегуін тоқтату үшін аса маңызды. Діндер басшылары – адамзаттың ар-ожданын сақтаушылар. Сондықтан өзара сенімге, қайырымдылық пен бейбітшілікке бастайтын жолды сіздер ғана нұсқайсыздар. Қазір адамзат бұрын-соңды болмаған жасампаз іс-әрекетке мұқтаж. Халықаралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыру үшін бәрімізге бейбітшілік жолындағы жаңа жаһандық іс-әрекет керек. Бұл мәселеде рухани көшбасшылардың рөлі аса зор деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы гуманизм идеалдары мен берік рухани құндылықтарды ілгерілетуге шақырды. Президент жаңа цифрлық заманда рухани құндылықтар мен адамгершілік қасиеттер туралы мәселені күн тәртібіне қайта қою керек деп есептейді. Себебі жас ұрпаққа жүйесіз берілетін ілім мен білім адамзатты жалпы даму мен жақсылыққа апармайды.

«Дін барлық кезеңде өзінің негізгі тәрбие беру қызметін атқарды. Құран, Інжіл, Таурат және басқа да қасиетті кітаптар гуманизм, жанашырлық және мейірімділік идеяларына толы. Олар агрессияны жақтамайды, радикализмді қабылдамайды, зорлық-зомбылықты айыптайды, толеранттылық пен ұстамдылыққа шақырады. Қазіргі заманда діндер көшбасшыларының жоғары миссиясы – адамдарға осы маңызды ақиқатты жеткізу», – деді Қазақстан Президенті. 

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев та съезд ашық әрі әділ дінаралық диалог алаңы ретінде әлем дамуының өзекті мәселелерін жан-жақты талқылауға және дау-жанжалдарды өзара сыйластық пен түсіністік негізінде шешуге шақыруға мүмкіндік береді деп есептейді. Мәулен Әшімбаев атап өткендей, мызғымас рухани және адамгершілік құндылықтар, толеранттылық пен диалог мәдениеті қазіргі қоғамның іргетасы болуға тиіс.

«Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында Қазақстан өзінің ұлттық мүддесін көздей отырып, өзекті халықаралық мәселелерді шешудің үнемі бейбіт жолын іздейтін мемлекет екенін атап өтті. Біздің ел дінаралық және конфессияаралық диалогты бейбітшілік пен келісім мәдениетінің ажырамас бөлшегі ретінде дәріптейді. Қазіргі таңда арандатушылардың өздерінің теріс пиғылдары үшін дінге сенушілердің діни наным-сеніміне манипуляция жасауы үлкен алаңдаушылық тудырады. Қасиетті кітаптарды өртеу, діни рәміздерді қорлау – халықтар мен діндер арасындағы дұшпандықты қоздыратын вандализм. Мемлекет басшысы айтқандай, мұндай тағылық әрекеттерден сөз бостандығының нышаны білінбейді. Сондықтан біз айтқан құндылықтар бейбітшілікті және жаңа әлемдік тәртіптің берік негізін қамтамасыз етеді. Бұл проблеманы шешу жолында әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары өте маңызды рөл атқарады»,

– деді Мәулен Әшімбаев.  

Сонымен қатар, Қазақстан Президентінің тапсырмасымен Съездің 2023-2033 жылдарға арналған даму тұжырымдамасы бекітілгені мәлім. Бұл құжат Форумның БҰҰ институттарымен және басқа да беделді халықаралық құрылымдармен ынтымақтастығын нығайтуды, сондай-ақ, серіктестер шеңберін және форум қызметінің географиясын кеңейтуді көздейді.

«Тұжырымдамада Форумның алдағы жылдардағы даму бағдары қамтылған. Съезд миссиясын кеңейту құжат жобасының негізгі жаңалығы екенін атап өткен жөн. Қоғамның сеніміне ие, беделді дін қайраткерлері әлемдік қоғамдастықтың алдында тұрған жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге елеулі үлес қоса алады. Кедейшілік, климаттың өзгеруі мәселелерін шешуде күш жұмылдыру, соғыстар мен қақтығыстарды тоқтатуға ықпал ету, диалог және өзара құрмет мәдениетін дәріптеу бағыттарына да серпін беретіні анық. Тұжырымдамада Съезд миссиясын іске асыруға арналған бірқатар жаңа тетіктер мен институттар қарастырылған. Съездің Ізгі ниет елшісі институтын құру ұсынылып отыр. Жас дін көшбасшыларының форумын және басқа да іс-шараларды өткізу жоспарланып жатыр. Бұл Тұжырымдама съездің алдағы жылдарға арналған серпінді және жасампаз даму векторын айқындайды», – дейді Мәулен Әшімбаев.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының келесі, яғни VIII съезі Астанада 2025 жылы өтеді. Айтулы шараға тек дін қайраткерлері ғана емес, сондай-ақ саяси тұлғалар мен ғылым, білім, зиялы қауым өкілдерінің де қатысуы талқыланатын мәселелер мен қабылданатын шешімдердің нәтижелі болуына жол ашары анық.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32

12:13

11:56

11:52