Қазақстан – әлемдегі ең көп энергия тұтынатын мемлекеттердің бірі, сондықтан елімізде электр қуатының тапшылығы кейінгі жылдары кәдімгідей байқалып келеді. Бұл тапшылықтың орнын толтыру үшін бізге атом электр станцияларын (АЭС) салу қажет.
Қазіргі уақытта бұл тақырып халық арасында қызу талқылануда. Жалпы, АЭС-ке қатысты халықтың басым көпшілігі Чернобыль оқиғасы, Жапонияның Хиросима, Нагасаки және Фукусима қалаларындағы жағдайлар секілді қауіптерді еске алып, атом станциясын қауіпті деп есептейді. Алайда, әлемдік тәжірибеге назар аударар болсақ, электр энергиясы тапшылығын жою мақсатында АЭС салған елдердің қатары көп. Мысалы, Ресейде 30-дан астам, АҚШ-та 90-нан аса, ал Францияда шамамен 50 атом электр станциясы жұмыс істейді. Басқа да мемлекеттер қазіргі озық технологиялардың көмегімен АЭС салып жатыр. Кезінде Чернобыльда болған апат асығыстық пен нормативтік талаптарды орындамаудың нәтижесі еді. Бүгінде бұл қателіктер қайталанбайды, себебі заманауи атом станцияларының жұмысы толықтай автоматтандырылған жүйелер арқылы жүзеге асырылады.
Екібастұздағы көмір шахтасында күніне 150 тонна көмір жағылады деп естідім. Бүгінде біз көмірдің 70%-ын пайдаланып қойдық, тек 30%-ы ғана қалды. Әрине, баламалы энергия көздері де бар: жел, күн, газ. Бірақ олардың қуаты жеткіліксіз. Бұларды тек резервуар ретінде ғана қолдануға болады. Қазақстанның климаттық жағдайлары жел мен күн энергиясын тұрақты пайдалануға мүмкіндік бермейді. Жел біз ойлағандай жиі соқпайды, ал күн энергиясы түнде қолжетімсіз. Бұл бізге тиімсіз. Сонымен қатар, газды көрші мемлекеттерден алып отырғандықтан, оған да тәуелдіміз.
Еліміздің су, газ және энергия жағынан тәуелсіз болуы үшін АЭС салудың маңызы зор. Осы тұрғыдан алғанда АЭС құрылысы ел дамуына үлкен үлес қосады.
Мен қызмет ететін ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясында атом электр станцияларын зерттейтін арнайы жұмыс тобы бар. Бұл топ 2023 жылдан бастап осы бағытта жұмыс істеп келеді. Біз арнайы мамандармен бірге форсайттық зерттеулер жүргізудеміз. Форсайттық зерттеу дегеніміз – болашаққа алдын ала болжам жасау. "20 жылдан кейін не болады?", "30 жылдан кейін қандай жағдайлар орын алуы мүмкін?" деген сауалдарға жауап іздейміз.
Жақында 6 қазан күні Референдум өтеді. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында АЭС салу немесе салмау мәселесін жалпыұлттық референдум арқылы шешуді дұрыс деп санады. Бұл – өте орынды шешім деп ойлаймын.
Менің пікірімше, АЭС салу арқылы біз өзіміздің басқа елдерге тәуелсіздігімізді нығайта түсеміз. АЭС арқылы энергия көзін арзандатып, халықты жұмыспен қамтуға, сондай-ақ АЭС-пен бірге ғылымды дамытуға мүмкіндік бар. Бұл біздің әлемдік деңгейдегі беделімізді де арттырады. Сондықтан АЭС салу – ел дамуының тиімді жолы болмақ.