2016 жылы бір жігіт алғаш рет Ұлытауға аттанып, экспедицияға қатысты. Бұл сапар оның өмірін түбегейлі өзгертті. Неге? Қалай және оның Ауғанстанға қандай қатысы бар? Аqshamnews.kz тілшісі бұл туралы Sayahat Time YouTube-арнасының авторы, саяхатшы-блогер Ернар Алмабекпен сұхбаттасты. Кейіпкер биыл үлкен іс тындырды – ол Ауғанстанда туып-өскен қандастың атамекенге келуіне себепкер болды.
"Ауған қазақ" деректі фильмі
2023 жылы күзде Facebook-ті қарап отырған Ернар Алмабектің көзі бір суретке түседі. Содан кейін кейіпкерге бұл елге сапар шегу арманға айналады. Алайда ол бұл елге тек бір жылдан кейін жетеді.
"2023 жылы күзде Facebook әлеуметтік желісінде "Ауғанстан қазақтарының тоқыған кілемі" деген суретті көріп қалдым. Бұған дейін ол елде қазақтар барын естісем де, аса мән бермейтінмін. Ал сол күні "Неге ауған қазақтары жайлы деректі фильм түсірмеске?" деген ой келді. Суреттің авторына хабарласып, Ауғанстандағы қазақтар жайлы ақпарат беруін өтіндім. Ол кісі қуана келісті. Маған біраз адамның нөмірін берді. Олармен байланысып, Ауғанстанға барамын деп шештім. Бірақ ол жоспарым созылып, ауған жеріне тек 2024 жылғы тамызда жете алдым", - деді ол.
Кейіпкер Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігіне де бір хабарласып қоюды жөн көрген. Ол Кабулға, Бамиянға, Мазари-Шарифке барып, дерек жинап, 10 күн ішінде бір емес, бірнеше видео түсіріп қайтады.
Елге оралған соң арнада үш видео шығады. Соның бірі – "Ауған қазақ" деректі фильмі. Арнада жарияланған соң, күтпеген жерден үлкен іске түрткі болады. Фильмді көрген Сағадат Қабикенов есімді кәсіпкер "осы жастарды елге көшіремін" деп шешеді.
"Бұл фильм жақсы қаралым жинады. Арада тағы бірнеше ай өткенде елшілік өкілдері хабарласып, жақсы жаңалық жеткізді. Менің фильмімді көргеннен кейін Сағадат Кабикенов есімді ағамыз Ауғанстандағы қазақ жастарын елге көшіруге ниеттенген. Оның егін кәсібі бар. Ол елге оралған жастарға жұмыс беруге дайын екенін айтқан", - деді ол.
Сабырдың жолы: соғыстан – сағынышқа
Жоспар бойынша алғашында 5-6 жігіт елге келуі керек еді. Олар елге орныққан соң, отбасын көшіріп алуға әрекеттенеді деген ой болған. Бірақ фильмде "Қазақстанға барғымыз келеді" деген жастар, нақты ұсыныс келгенде бас тартты. Бірі басқа жаққа жұмысқа кетіп қалған, бірі туған-туыссыз көшпеймін деген. Тек Сабыр есімді жігіт келісімін берді.
Сабыр – соғыс өрті шарпыған өлкеде туған, ұшаққа да, шекарадан асуға да алғаш рет тәуекел еткен қандас. Оның құжаттарын жинауға 6 ай уақыт кеткен. Ал Қазақстанға жеткізу – мүлде басқа деңгей. Мұндай жауапты істі кім мойнына алады? Бұл туралы Ернар Алмабек тарқатып айтты.
Елшілік бұл ойды бірден қолдаған. Кейіпкерлердің тізімін дайындап, әрқайсымен сұхбаттасып, құжаттарын жасатып, елге қайтқанда қалай әрекет ету керек, қандай қиындықтар болатынын түсіндірген.
"Сабырдың құжаттарын Сағадат аға мен елшілік бірлесе жасады. Мен ол процеске араласпадым. Құжаттар дайын болғаннан кейін Сабырды Ауғанстаннан Қазақстанға алып келетін адам керек болды. Өйткені ол өмірінде ұшаққа отырып, шетелге шығып көрмеген. Мен көш жайлы фильм түсіремін әрі жанында серік боламын деп, бұл істі өз мойныма алдым", - дейді ол.
Осылайша блогер мамырда Ауғанстанға қайта барды.
"Адамды көшіру – шабадан тасу емес"
Сырт көзге бұл оңай нәрсе болып көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде, шекарадан адам өткізу, оны бейімдеу – жауапкершілікті талап ететін іс. Ауғанстанда қазақпын деп жалған құжат жасап алатын адам көп. Сондықтан Сабырдың түп-тамыры ұзақ тексерілді.
"Ал ол адам 50 жыл соғыс көрген жерден шықса, мәселе тіпті көбейе түседі. Сабырды Қазақстанға қайтарудың дайындығы алты айға созылғаны да сол. Біріншіден, құжат жинау, шақырту жіберу оңай емес. Екіншіден, Ауғанстанда өзін қазақпын деп жалған куәлік жасатып алған өзге ұлт өкілі көп. Сондықтан көшемін деген әр адам тексерістен өтеді. Үшіншіден, ауған қазақтарының бүгінгі тұрмысы бізден бөлек. Киімінен бастап, өмір салтына дейін басқа. Қазақстанға бейімделуі оңай емес. Сондықтан Сабыр қайда орналасатынын, не жұмыс істейтінін елге келмей тұрып шешіп алу маңызды болды. Мұның бәрін Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігі атқарды", - деді Ернар Алмабек.
Қазір Сабыр қайда?
Сабыр қазір Астанадан 160 шақырым жердегі Алтынды ауылында тұрып жатыр. Ол Сағадат Қабикеновтің шаруашылығында еңбек етіп жүр. Әзірге әртүрлі жұмыс істеп көрмек – трактор айдай ма, аспаз бола ма – бәрі өз таңдауына байланысты.
"Әріптестерін де көрдім. Бәрі құшақ жая қарсы алды. Келеді дегенді естіген күннен дайындалып, күтіп жүр екен. Сол ортаға тезірек сіңісіп кетсе, қуанамыз. Айтпақшы, кирилл әліпбиін үйрететін мұғалім жалдап, оқыту да жоспарда бар", - деді Ернар Алмабек.
Деректі фильмнің күші
Саяхатпен басталған өмір жолы ұлт үшін пайдалы іске ұласты.
"Бұл оқиғаға тап болғаныма және бір фильм арқылы бір отбасын атамекеніне қайтару мүмкіндігі туғанына қатты қуандым. Бір шетінен, менің де елге тигізген пайдам болды ғой деп толқыдым. Іште мақтаныш сезімі де жоқ емес. Әрекет етсе, адамның мүмкіндігі көп екенін де түсіндім", - деді ол.
Ернар Алмабектің айтуынша, әлі де үлкен уайым бар.
"Әсіресе, Сабырды ауылда қалдырып, өзім Алматыға кеткелі уайым күшейе түсті. Әрине, хабарласып тұрамыз ғой. Десе де, уайымдап, қорқады екенсің. Әйтеуір, Сабыр бірінші кезекте өзінің, ата-анасының үмітін ақтап, елге сіңісіп, тез үйреніп, аяққа тұрып кетсе деймін. Ары-бері жүрсе, адамдармен араласып, тезірек жергілікті қазақ болса, менің уайымым сол кезде ғана басылатын шығар", - деп түйіндеді ол.
Сабыр Қазақстанға әзірге жалғыз оралды. Ол аяққа тұрған соң отбасын көшіріп әкелетінін айтты. Ал Ауғанстандағы отбасы жетістікке жетуін күтіп, тақымын қысып отыр.