«Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде» деген Жүсіп Баласағұнның философиялық ой-пайымы бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналғандай. Рухани өміріміздің ертеңін ойлап, кемел биікке көтереміз десек, оның басында адами ресурс тұр. Әдетте, жастар – болашағымыз, жастардың қамын ойлап жағдай жасау, жол көрсету – аға буынның еншісінде деп жиі айтамыз. Осы ретте жастарға жол көрсетіп, ақылшы ретінде бағыт беріп жүрген Абай атындағы ҚазҰПУ Ардагерлер кеңесінің төрағасы, қалалық Ардагерлер кеңесінің жастарға рухани-адамгершілік патриоттық тәрбие беру қоғамдық кеңесінің төрағасы, педагогика ғылымының докторы, профессор Берікжан ӘЛМҰХАМБЕТОВТІ әңгімеге тартқан едік.
Адами асыл қасиеттен арылмаған жөн
– Берікжан Айтқұлұлы, қоғамда «жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, іргетасын бекіту қандай ілімге негізделіп, неге бағытталуы керек?» деген мәселелер көп айтылып жүр. Бұл бағыттағы сіздің ұстанымыңыз қалай?
– Әрине, рухани өміріміздің ертеңін ойлап, оны өзінің кемел биігіне көтереміз десек, адами асыл қасиеттен арылмағанымыз жөн дер едім. Ұлттық руханияттың отын сөндірмей, әр заман өз тұлғаларының өмір тынысын жете түсініп, оларды келесі буын ұрпақтарымен қауыштыра білсе, біздің басты парызымыздың орындалғаны емес пе? «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» деген Әбіш Кекілбайдың сөзімен айтар болсақ, артымыздан ерген алтын тірегіміз жастарға көңіл бөліп, олар қоғамның әлеуметтік байлығы екенін назардан тыс қалдырмағанымыз абзал. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан азаматтарының, әсіресе, жастардың еңбекқорлық қағидатын ұстануы маңызды. Сырттан көмек күтудің қажеті жоқ. Қазір заман басқа, яғни маңызды шешімдердің уақыты, серпіліс жасайтын сәт. Жастар болмаса, мұнымен кім айналысады?» дей келіп, белсенді жас қазақстандықтарға әрдайым қолдау көрсетететін айтқан болатын. Қазақ халқының ғасырлар бойы тарихпен бірге біте қайнасып келе жатқан ұрпақ тәрбиелеудегі тәжірибелері, бізге сол рухани мәдениет, этикалық, эстетикалық құндылықтарын құрайтын ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр, әдеби-музыкалық, кәсіби-тұрмыстық фольклорлар мазмұны арқылы жетіп отыр. Міне, бүгінде осы мақсатта жоғары оқу орындары, колледж, мектеп дейсіз бе ұрпақ тәрбиесіне өз үлесін қосып жатыр. Жас буынның рухани дамуына, халқының өмір сүретін ортасына деген құрметі мен сезімін оқу орындарының қабырғасынан бастап үйрету, әр баланың ұлттық рухта тәрбиеленуіне негіз болмақ. Ұлттық рухты бойына сіңіре отырып, халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін санасына сіңіргенде ғана адамның бойында патриоттық сезім, Отанға деген сүйіспеншілік оянатыны мәлім. Ұлттық тәрбие алған ұрпақ дені сау, білімді, ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан да ұлттық тәрбие – ел болашағы екенін естен шығармаған жөн.
«Жастар – қарттардың көзі, қарттар – жастардың тезі»
– Қалалық Ардагерлер кеңесінің жастарға рухани-адамгершілік патриоттық тәрбие беру бағдарында атқарып жатқан жұмыстарына тоқтала кетсеңіз...
– Үлкен қаланың тыныс-тіршілігімен біте қайнасып, қоғамның дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан Алматы қалалық, аудандық Ардагерлер кеңестерінің жұмыстарының аса маңызды екенін өзім көріп, біліп жүргендіктен, тілге тиек еткенім жөн сияқты. Қалалық Ардагерлер кеңесі және шаһардағы сегіз аудандық Ардагерлер кеңесі бірегей кешенді бағдарлама бойынша ардагерлерді қолдау, көмек көрсету, жастармен кездесу ұйымдастыру, мәдени іс-шараларға қатысу бағдарларын жұмыс жоспарына сай жүргізіп жатыр. Жалпы, қалалық Ардагерлер кеңесіне қарасты сегіз қоғамдық кеңес бар. Олар құқық қорғау нормативтері, денсаулық сақтау, әлеуметтік-тұрмыс, рухани адамгершілік-патриоттық тәрбие, Отан қорғау ерлігін насихаттау, ұлтаралық мәдениет қарым-қатынасын дамыту, спорт және дене шынықтыру, салауатты өмір салты, қоғамдық-әдістемелік үйлестіру кеңестері деп аталады. Бүгінде аталмыш кеңесті қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы, белгілі қоғам қайраткері, саясат ғылымының докторы, профессор Ақан Бижанов басқарып отыр. Өздеріңізге де белгілі Ақан Құсайынұлы қоғамдық кеңеске бағыт сілтеп, бағдар бергеннен жалыққан емес. «Үлкен бастар, кіші қоштар» демекші, ұлттық құндылықтың негізінде «Жастар – қарттардың көзі, қарттар – жастардың тезі», жастар – қарттардың көзі болу үшін, қарттардан жақсы қасиеттерді бойына сіңіре білуі қажет дер едім. Сонда ғана жастарымыз – қариялардың жалғасы болмақ.
Аға буынды дәріптей білейік
Осыдан аз уақыт бұрын «Балықты бұлақ» этноауылында Медеу ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Алмас Тілеубаев мен этноауыл иесі Болат Сауранбаев «Көшпенділер» ұлттық ойын сауық кешін ұйымдастырды. Іс-шараға 500-ге жуық қонақтар, аудан ардагерлері қатысты. Жоғарыда айтылған ұлттық рухты, патриоттықты бойға сіңіру осының айғағы.
Отанды сүю мен туған елге, туған жерге қызмет ету, сөздің емес, істің жемісі. Бүгінгі таңда әлемдегі барлық мұсылман түркі мемлекеттерінің ішінде жер байлығы мен жер көлемінің аумағы жағынан бірінші орында тұрмыз. Бұл кездейсоқтық дүние емес. Жаратушы иеміздің бізге деген мейірімі мен қамқорлығының арқасы. Кезінде Міржақып Дулатов: «Уақыт әлденелерді көнертіп, өшіреді, әлденелерді кенелтіп өсіреді. Көне тозады, жаңа озады» деген-ді. Осы тұрғыдан қарағанда, қазақ халқы тарихында да, педагогикасында да тозған дәуір-дәурені өткен, көнерген қағидалар жоқ емес. Бұл көненің көзіне сүйене отырып, жаңашыл көзқарасты дамыту керектігін білдіреді. Әрине, қай кезде болмасын, жүріп өткен жол әрқашан тегіс болмаған. Сол жолдан сүрінбей өткен аға буынды дәріптей білейік. Қалалық, аудандық Ардагерлер кеңесі төрағаларының ауқымды жұмыстарына тәнтімін, өткізілген іс-шараларға қатыстып, рухты сезіндім.
«Шалдың: бүтін шал, күтім шал және түтін шал
деген үш түрі болады»
– Әдемі қартаю туралы жиі сөз етеміз. Теріс пікірлерді де естіп жүрміз. Әрине, бұл да бір рухани көрініс қой. Қартайған шақта да кей жандардың жүзінен нұры төгіліп тұрады. Мұның сыры неде дер едіңіз?
– Бұл ең алдымен, адамның жүрегінің тазалығынан екен. Еңбектен қол үзгенмен, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға үлес қосып келе жатқан ардагер аға буынның жастарға тәрбие беруде алар орны ерекше. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, осындайда ертеректе оқығанымды тағы да қайталауға тура келіп тұр. Бала күнімде ауылдың үлкендерінен: «Шалдың: бүтін шал, күтім шал және түтін шал деген үш түрі болады» дегенді естігенім барды. Дегенмен, оның астарына үңілмеппін. Есейе келе, бүтін шал әулеттің ғана емес, бүкіл ауыл-аймақты аузына қаратқан ақсақал, күтім шал жұртқа пайдасы тимесе де пайдасы жоқ момын қарт, түтін шал жасы келсе де жағымсыз қылығын тастай алмай, жүрген жерін айқай-шу етіп жүретін қияңқы шал екенін түсініп жатырмыз. Тұнық бастауында уызына жарып, дәстүріне қанып өскен қыздан ақ жаулықты әже, жас шағында жігері мен намысын жерге таптатпаған жігіттен түйгені мол, танымы терең – қария шығары анық. Тек, текті тәрбиенің тігісі сөгіле бастаған бүгінгідей уақытта, қай «шалдың» қатары көбейіп кетер екен деген күдік те жоқ емес.
Бұрындары 40-қа толғандарды қара сақал деп, 60-тан асқаннан ақыл сұра деп отырушы еді... Қариялар адам бойындағы мың құбылған мінезді, пенделік тіршілікті, ашкөздікті, тойымсыздықты, қанағаттың жоқтығы, дүниеқоңыздыққа, теңсіздікке, алыпқашпа сөзге, еліктеушілікке тосқауыл болатын, оймақтай ой айтып, ұтқыр байлам жасайтын ерекше құрметке ие жандар ғой. Міне, осы тұста мен өз ұлтыммен мақтанамын! Өйткені, біз бойында тектілік, кеңпейілділік, абырой, мызғымас күш пен ынта-жігері мол халықпыз.
Табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар
қашанда құрметті
«Жанжалдың шоғы қызарса, ақылдың суын сеп» деген бар. Біз ежелден достыққа, бірлікке құштар халық едік қой! Дос болу оңай, оны сақтау қиын. Әкім, билік басындағыларда көктен түскен жоқ, оларда өз ортамыздан шыққандар. Дегенмен, «Арғымаққа міндім, шылбыры қолымда» деп топтан адасқандар да бар шығар... Ондай сәтте алған білім мен жиған ғылымның пайдасы қайда?! Адасқанды жолға салып, білмегенді білдіру аға буын ақсақалдардың, яғни ардагерлердің міндеті.
Қазіргі кезде Мәдениет Тастанұлы, Сағатұлла Үсембайұлы, Батима Сапиқызы, Батай Маманұлы, Тамара Мұхтарханқызы, Ғалия Асқарқызы, Жангелді Сәденұлы, Алмас Абраманұлындай азаматтар басқарған қала аумағындағы Ардагерлер кеңестері шаһардың, ауданның ішкі саяси ісіне рең беріп, қолдау көрсетуде. Табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы келеді. Өйткені, олар «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидасына сай жандар.
«Өткен тарих жаңамен бірге жаңаруы тиіс»
Алматы қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы отырысында шаһар басшысы Дархан Сатыбалды: «Өткен тарих жаңамен бірге жаңаруы тиіс. Мақсатымыз – ұрпақтар жалғастығы арқылы қоғамдық бірлікті нығайту» дей келе, отбасылық, үй-ішілік, ішкі қауымдастық ұлт татулығына, ұлттық құндылығымызға жеткілікті мән беріп, жұмыс атқару қажеттігін атап өтті. Атқарылып жатқан игі іске жағдай жасау, қолдау көрсету керектігін де тілге тиек етті. Әрбір ұлт өнерінің өзіндік өсу, қалыптасу жолы және өзіндік даму сипаты болады. Рухани өмірдің барлық саласы өнерде бір-бірімен байланысып, әсерін тигізіп отырады. Өміріміздің бастау қайнары бабаларымыздың дәуірінен туындаған болса, қазіргі кезде өміріміз әлемдік өнер көшінің қатарында екендігі дәлелденді. Ары қарай дамыту – парызымыз.
Білім саласында – имандылық, рухани тәрбие жағын күшейту қажет. Осы орайда, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің жергілікті Ардагерлер кеңесімен бірге атқарылған жұмыстарды атап өтуге болады. Басқарма төрағасы ректор Болат Тілеп жоғары оқу орында әмірлік билік емес, ақыл-парасат билігіне үстемдік беруде. Факультеттер «Ата, Әже, Ата-Ана құндылығы, отбасы» тәрбиесіне кеңінен көңіл бөлуде. Шыны керек, соңғы уақытта отбасы тәрбиесінде олқылық бар екендігін мойындағанымыз жөн. Ақпараттық желі, интернет әлемі арқылы көптеген теріс бағыттар енді. Осыны ескерсек, оқу ордалары ата-аналармен, Ардагерлер кеңесімен, үлкен буынмен біте қайнасып, жұмыла жұмыс жасауымыз керек. Саясат пен ақиқат мәселесін әділдік үшін айтар болсақ, халықтың ақиқатқа деген сүйіспеншілігі шексіз. Сондықтан әр қадамды байқап басу, даурықпай, аптықпай ілгері жылжуымыз шарт. Мен өз ойымды «Көңілдегі көрікті ойды ауыздан шыққанда өңін қашырып алмайық» деп Абаймен түйіндегім келіп отыр.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Рая ЕСКЕНДІР.