ffin.kz

Ауғанстан–Пәкістан: Тәліптердің билікке келуі көрші елдерге қалай әсер етуде?

Ауғанстан–Пәкістан: Тәліптердің билікке келуі көрші елдерге қалай әсер етуде? Сурет ашық дерек көзінен алынды

Осы аптада «Талибан» ұйымының Ауғанстан билігіне келгеніне тура екі жыл толды. 2021 жылы 15 тамызда тәліптер соған дейін билік жүргізіп келген Ашраф Ғани үкіметін аударып, Кабулды өзіне қаратты. Шын мәнінде, көп тарапқа тәліптердің билікке келуі күтпеген жағдай еді. Бұл оқиға ел тарихында ғана емес, Ауғанстанға көршілес елдер мен аймақтар үшін де белгілі деңгейде ерекше сипатқа ие болды. Ресей, Қытай, Иран және Орта Азия елдері үшін қауіпсіздік пен тұрақтылық мәселесі өзекті бола түсті. Дегенмен, әу баста «тәліптердің билікке келуінен пайда көруші тараптар да бар» деген болжамдар да айтылған. Бұған Пәкістан мысал ретінде көрсетілген. Алайда, екі жылдан кейінгі жағдай бізге бұл болжамның дұрыс еместігін дәлелдегендей.



«ТАЛИБАННЫҢ» ҚҰРЫЛУЫНА ПӘКІСТАН ҚОЛДАУ КӨРСЕТТІ


«Талибан», яғни тәліптер (талибтер, та­лабалар – шәкірттер, тәлім алушылар) мод­жахедтердің тарихи мұрагері деуге де бола­ды. Кеңес Одағының әскерлеріне қарсы күрескен моджахедтердің балалары, соның ішінде Пәкістан жеріндегі медресе шәкірт­терінен құрылған қозғалыс. Ұзақ жылдық соғыстан шаршаған ауғандықтар үшін тала­балар бейне үміт шырағы сынды жарық етті. Бастапқыда талабалар бақылауына ұстаған аймақтар басқа өңірлермен салыстырғанда тұрақтылық пен бейбітшілік ішінде болды. Өсе келе тәліптер Кабулдың орталық билігі­не қарсы күшке айналды әрі елге толық билік жүргізіп, ислам шариғатымен жүретін мем­лекет құратынын ашық аңғартты.


Әрине, майдангерлердің балаларынан құралған медресе шәкірттері өздігінен топта­сып, ықпалды ұйымға айналмағаны анық. Оған белгілі бір сыртқы күштердің ықпалы болғанын көптеген сарапшылар өз зерттеу­лерінде көрсетеді. Осы жерде Пәкістан көбі­рек аталады. Кезінде Исламабад «Талибан­ды» жоба ретінде көтерді деген пікірлер де айтылған. Бір кездері Пәкістан үкіметін бас­қарған (премьер-министрі) Беназир Буходо ханымды кейбір зерттеушілер «Талибанның құрушысы» немесе «Талибанның анасы» деп атайтыны бар. Ол өзінің BBC-ге берген бір сұхбатында «Талибанның» құрылуына бірқа­тар араб елдерінің қаржылай қолдауы болға­нын, тіпті оның артында АҚШ пен Британия­ның да жатқанын айтқаны бар. Осы сұхбатында да Буходо ханым Пәкістанның «Талибан» ұйымының құрылуындағы ық­пал-орнын жоққа шығармайды.


«Талибан» Ауғанстанда билікке жету үшін құрылған ұйым болғанымен, оның Пәкістанмен тығыз қатынасы болды. Тіпті, ұйымның құрылуы мен дамуы үшін Пәкістан негізгі база болды деуге де болады. Билікке жеткенге дейін тәліптің жоғары жетекші­лерінің отбасы мүшелері, тіпті өздері де Пәкістан жерін паналап жүргенін ресми мәліметтер растайды. Бұл күрделі қарым- қатынасқа қатысты қарама-қайшы пікірлер бар. Қалай десек те, «Тәліптердің төркіні Ауғанстан болғанымен, төрі Пәкістан» бол­ған кезі бар. Ал тәліптер ауған жұртында билікті өз қолына алудан бұрын да Исламабад тарапынан жасырын болса да қолдау үзілмеді. Естеріңізде болса, сол кездегі Пәкістан премьер-министрі Имран Хан талай рет ашық қолдау танытқан еді. Бұл жағдайға қарай отырып, Кабулдың «Талибан» билігіне өтуі Пәкістанға зор пайда береді деп күтіл­ген. Бірақ осы тәліптер қазір Исламабад үшін пайдадан көрі проблемаға айнала бастады.



«БІРЕУГЕ МЫЛТЫҚ ҮЙРЕТТІМ...»


Ауғанстанда билікке тәліптердің келуі қазір Пәкістан үшін күтілгеннен керісінше әсер етуде. Бұл Пәкістан жеріндегі тәліп­тердің күшеюіне әсер еткен және олардың шабуылдары көбейген. Бұл арада шабуыл­дардың Пәкістан жерінде болып жатқанын айта кету керек. Ауғанстанмен шекаралас аймақта елдегі тұрақсыздықтан бас сауғалап барған миллиондаған ауғанстандықтар жа­сайды. Пәкістандық тәліптер де солардың арасында. Пәкістандық тәліптердің ұйымын «Техрик-е-Талибан Пәкістан» (ТТП) деп атайды. 2021 жылы ауғандық тәліптер билік­ке келгеннен бері ТТП-ның Пәкістандағы іс-әрекеттері белсенді күйге өткен. Лаңкестік шабуылдар да көбейген. Соңғы екі жыл ішін­де Пәкістанда террорлық шабуылдар саны 73 пайызға дейін көбейген. Мұның арасында биыл қаңтар айында болған Пешавар мешітінде болған жарылыс та бар. Онда 300- ден астам адам қаза тапқан еді.


Исламабад билігі ТТП күштерімен сонау 2014 жылдан бастап «айналысқан» еді. Олар­дың қауіпті қарулы күштерін талқандау үшін арнайы әскери операциялар да күшейткен. Бірақ олар Ауғанстанға өтіп бас сауғалап құтылып отырған. Бұл кезде Исламабад Ка­булды айыптап, лаңкестік күштерге баспана беріп отыр дегені бар. Ал 2021 жылы ауғанстандық «Талибан» билікке келгеннен кейін ТТП күштерін қандай да бір басу, тежеу әрекеттерін жасамады. Керісінше, пәкістан­дық тәліптердің де күші нығая түскен.


Анығында, Кабулде билікке жеткен ау­ғандық тәліптер көрші елдерге жасаған мәлімдемесінде Ауғанстан басқа елдерге шабуыл жасаушы күштердің баспанасына айналмайтынын бірінші кепілдік ретінде ұсынған. Бірақ Пәкістан тұрғысынан олай болмай шықты. ТТП-ның барған сайын кү­шеюі тәліптердің екі тармағында астыртын байланыс бар ма деген күдікті күшейтуде. Бұл күдік керек болса, Қытайды да ұйқысы­нан оятары анық.



СЕРГЕК ҚАРАУҒА ШАҚЫРАДЫ


Болған жағдай бізді сергек қарауға ша­қырғандай. Тәліптердің екі тармағы арасын­дағы байланыс тым күрделі. Олардың ара­сындағы қатынас тікелей қолдау немесе қарсы тұру жағдайында ма, нақты айту қиын. Ауғандық тәліптер НАТО күштеріне қарсы күресте ТТП-ның пәрменді қолдауын алған. Бұның өзі біраз сұраққа жауап болатындай. Біз үшін негізгі мәселе болған оқиғалардың жалпы сипатында тұр. Егер «Талибан» өзге елдерге қауіп төндіретін күштер үшін Ау­ғанстанның база болмайды деген кепілдігін орындай алмайтын болса, бұл аймақ үшін тіптен салмақты мәселе екенін көреміз. Сон­дықтан қазіргідей аумалы-төкпелі жағдайда оңтүстік тарапты да ұдайы бақылау міндетін жүктейді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32