Егер ұлт өзінше ойламай, өз тілінде сөйлемесе, онда ұлт тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің де мәні жоқ. Ал ұлттық сананы, ұлт танымын қалыптастыратын оның тілі.
Тіл ғылымы жүйеленбей, тілдің болмыс-бітімін, қасиетін танып-білмей ұлт тілінің де қадір-парқы жалпыға ұғынықты бола бермейді. Осы тұрғыдан қарағанда, тіл ғылымына еңбек сіңірген ғалымдар белгілі деңгейде ұлттың сақталып, өмір сүруіне, дамуына қызмет етті деуге әбден болады. Ал бұл қатардан Рәбиға апайды атамасақ, Қазақ тіл ғылымы дейтін үлкен саланы көз алдымызға елестету мүмкін емес.
Биыл қазақтың осы бір айтулы перзенті, ескінің көзін көріп, есті қазаққа тіл қадірін түсіндірген әйгілі ғалым Рәбиға Сыздықтың дүниеге келгеніне 100 жыл. Жыл басынан бері Қазақ тіл ғылымына орасан зор еңбек етіп, аталған ғылым саласының кәсіби деңгейге жетуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның ғасырлық мерейтойы республика көлемінде аталып өтуде. Сондай шараның бірі өткен аптада Алматыдағы Ұлттық кітапханада өтті. Оған Рәбиға Сәтіғалиқызының ғылымдағы шәкірттері, филологтар мен тілші ғалымдар, сондай-ақ, тарихшылар мен түрлі саланың зерттеушілері қатысты.
«Ана тілінің абызы» атты ғылыми-теориялық конференцияда Рәбиға Сыздықтың өмірі мен тұлғалық болмысы, ғылымдағы соны іздері, кісілік қасиетінен бастап, құнды мұраларына дейін талдаған баяндамалар жасалды. Сонымен қатар, Ұлттық кітапхананың Н.Дәулетова атындағы залында ғалымның өмірі мен еңбектеріне арналған көрме де ұйымдастырылған.
Ғылыми шараның тізгінін академик, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, профессор Кәрімбек Құрманәлиев ұстады. Алғашқы сөз алған академик Мұрат Жұрынов Р.Сыздық мұраларын дәріптеудің маңызы мен мәні туралы тоқталды. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан жыл басынан бері Рәбиға Сыздықтың ғасырлық мерейтойына арналған ғылыми шаралардың ретін таныстырып өтті.
Институт директоры сондай-ақ, ғалымның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында ең айтулы ғылыми шараның бірі алдағы қазан айында өтетінін жеткізді. Яғни, келесі айда Қазақ тілі мен тіл ғылымының жайына қатысты Республикалық конгресс өтпек. Туған тілді тақырып еткен алғашқы жалпы республикалық конгресс те Р.Сыздықтың атында өтетіні айтылды. Рәбиға Сәтіғалиқызына арналған ғылыми шаралардың бәрі дерлік туған тілдің бүгіні мен ертеңіне қатысты екеніне тоқталған Анар Фазылжан қазіргі қазақ тілін қолданушылар арасындағы сауатсыздық деңгейінің жоғарылай түскенін және ұлт болып туған тілдің болашағын ойлануға тура келіп отырғанын да жасырмады.
Бұдан кейін Р.Сыздықтың ғылымдағы «сіңлілері» немесе «қыздары» атанған бірқатар тілтанушы ғалымдар, филологтар ғалымға арналған баяндамаларын жасады. ҚР ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Фаузия Оразбаева «Академик Рәбиға Сыздық: тұлға жаратылысы және ұлттық сана» атты ғылыми баяндамасында ғалымды ұлттық рухани тамырдан нәр алып, әлемдік озық өркениет жетістіктерін қоса қамтыған, ұлтына қалтқысыз қызмет еткен біртуар перзент, ҒАСЫР ТҰЛҒАСЫ әрі ҒАСЫР АДАМЫ» деген қорытынды жасады.
Ал «Сөз әлеуетіндегі көркем әлемнің даму үдерісі» атты баяндамасында филология ғылымдарының докторы, профессор, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Жамал Манкеева Рәбиға Сыздықтың ғылыми мұраларын ары қарай зерттеп-зерделеу болашақ тіл мен тіл ғылымында аса маңызды екенін түсіндірді.
Айта кетейік, туған тіл мен туған елге елеулі еңбек еткен ғалым Рәбиға Сыздық бұдан 4 жыл бұрын 96 жасқа қараған шағында Алматыда көз жұмды. Өмірінің соңына дейін өзі бата алған М.Әуезов пен Ә.Марғұлан сынды ұлылардың аманатына, өзінің бекзат бітімін, дегдар қалыбын бұзбай, ғылымдағы антына адал болды. Талан-тараждан Ғылым академиясы жұртының аман сақталып қалуына да Рәбиға апайдың зор ықпалы болғанын ғылыми орта айрықша атап өтті.