Қазақстан мен Қытай арасында 2050 жылдарға дейінгі стратегиялық әріптестікке қадам жасалды
3 шілдеде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин елімізге мемлекеттік сапармен келді. Бұл оның Қазақстанға жасаған бесінші ресми сапары. Биылғы сапары ШЫҰ-на мүше-мемлекет басшыларының 24-отырысымен тұспа-тұс келді. Ақордада өткен екі жақты, шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесу нәтижесінде 31 құжатқа қол қойылды. Кездесулердің басты нәтижесі қазақ-қытай қарым-қатынасының «Алтын 30 жылдығына» бастау болды.
Көпжақты дипломатияның жемісі
Қазақстан ұлттық мүддені қорғайтын сыртқы саясатын жалғастыруда. Бұған өңірлік және көпжақты дипломатия арқасында жетіп отыр. Оның басты мәні тікелей әскери-саяси, геосаяси және геоэкономикалық қақтығыстардан өзін алшақ ұстап, алға қойған мақсатына жету. Басты мақсат Алматы қаласындағы БҰҰ хабына Тұрақты даму мақсаттары бойынша БҰҰ-ның Қазақстандағы өңіраралық орталығы мәртебесін беру және оның Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстандағы қызметіне жәрдемдесу. Сондай-ақ, Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылығын нығайту.
Қазақ-қытай қарым-қатынасын осы контексте түсіну қажет. Себебі, Қытай еліміздің сыртқы саясаттағы басым бағыттарының бірі. 2020–2030 жылдарға арналған еліміздің сыртқы саяси тұжырымдамасында өңірлік және көпжақты дипломатия саласындағы басымдықтар ретінде келесі елдер көрсетілген: Ресей, Қытай, АҚШ, Орталық Азия, ЕО.
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев та Си Цзиньпинмен болған кездесуде мәлімдеді. Оның айтуынша: «Қытай Халық Республикасы – тату көрші, маңызды стратегиялық серіктес әрі басты одақтас мемлекеттің бірі». Көрші ел басшысы да Қазақстанның сыртқы саясатын құрметтейтінін астарлап жеткізді. Ол: «Халықаралық жағдай қалай құбылса да, достықты сақтауға ұмтылысымыз, сан қырлы ынтымақтастықты дамытуға деген табандылығымыз, негізгі мәселелер бойынша бір-бірімізді өзара қолдауға бейілділігіміз және ұлттық даму міндеттерін орындауға сеніміміз өзгермейтінін растағым келеді», – деді.
Бұдан бөлек, Си Цзиньпин Қазақстанның халықаралық аренадағы орта держава ретіндегі конструктивті рөлін қолдады. «Орта держава» ұғымы БҰҰ деңгейінде саяси шешім қабылдауға ықпал ету, Қауіпсіздік Кеңесін реформалауға ұмтылыстан пайда болды. Қытай Халық Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің бірі. Сондықтан оның біздің бастаманы қолдауы БҰҰ-ның негізгі құрылымын реформалауға Бейжіңнің де мүдделі екенін аңғартады.
Сенімді тірек болады
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпиннің шағын құрамдағы кездесу барысында Қытай басшысы «Алтын 30 жылдық» жайлы: «Былтыр екеуіміз Сиань мен Бейжіңде екі рет кездесіп, жаңа жоспарларды белгіледік. Сондай-ақ, «алтын отыз жылдықта» қытай-қазақ қатынастарын қарқынды дамытудың негізгі бағыттарын айқындадық. Қытай Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты әрдайым стратегиялық тұрғыдан және ұзақмерзімді перспектива деңгейінде қарастыратынын растағым келеді. Сондай-ақ, көршілес елдерге қатысты ұстанатын өзінің сыртқы саясатында Қазақстанға басымдық береді және Орталық Азиядағы маңызды серіктес ел санайды. Қытай-қазақ байланыстарын қамтамасыз етуде біздің ерік-жігеріміз бен ұстанымымыз өзгермейді және конъюнктуралық ықпалға ұшырамайды. Қытай әрқашан Қазақстанға сенімді тірек болатынын мәлімдеймін», – деді. Осылайша Қытай Қазақстанды Орталық Азиядағы көшбасшы ел екенін мойындай отырып, алдағы 30 жылға стратегиялық басым бағыттардың бірі болып қала беретінін мәлімдеп отыр.
Бұдан мынадай қорытынды шығаруға болады. Қазақстанға байланысты Қытайдың саясаты 2050 жылдарға дейін өзгермейді. Еліміздің сыртқы және ішкі саясатын құрметтеп, сенімді тірек болмақ.
Мәдени-гуманитарлық байланыс бекімек
Жалпы Си Цзиньпин Төрағалық қызметке тағайындалғалы бері биыл бесінші рет мемлекеттік сапармен елімізге келді. Бұған дейін 2013, 2015, 2017, 2022 жылдары келген. Барлық сапарлары Орталық Азия елдеріне тур немесе ШЫҰ кездесулері аясында ұйымдастырылған. Биыл бізден бөлек Тәжікстанға ресми сапармен бармақ. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Си Цзиньпиннен кейін Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесуі де бекер емес.
Көрші ел басшысының логикасына сүйенсек әр екі жыл сайын Қазақстанға ресми сапармен келеді екен. Бұл дәстүр 2019 жылы бұзылды. Бұл бір жағы пандемиямен, екінші жағынан Қазақстанда басталған билік транзитімен байланысты болуы мүмкін. Қалай дегенмен де соңғы екі ресми сапары қазақ-қытай қарым-қатынасының жаңа кезеңіне бастау болды.
Екі жақты кездесулердің соңында партияаралық, мемлекетаралық, ведомствоаралық және коммерциялық 31 құжатқа қол қойылды. Құжаттарды талдай келе, екі жақты қарым-қатынастың тереңдей түскеніне көзіміз жетеді. 2022 жылға дейін мемлекеттер сауда-экономикалық байланысқа аса мән берген. Одан бері мәдени-гуманитарлық байланыс күшейе түсті. Екі жақты визалық режимді алып тастау да мұның айғағы. Бұл азаматтардың емін-еркін жүріп тұруына жағдай жасайды. Екі халық жақын тілдесуге мүмкіндік алды. Жалпы визалық режимді алып тастау Қазақстан дипломатиясының жетістігі. Себебі, Қытай өзге әлемге ашыла бермейді. «Ашық есік» саясатының шығу төркіні де осында.
Енді Астанада Бейжің Тіл және мәдениет университеті филиалы мен «Лу Бань шеберханасы» ашылып, екі елдің ғылым және білім салаларындағы байланысы кеңеймек. Бұл бастамалар екі жаққа да тиімді.