Шаһарымызда қалалық Қоғамдық кеңестің ұйытқы болуымен «Синтетикалық есірткіқұмарлыққа қарсы іс-қимыл: Алматы қаласының тәжірибесі, кедергісі мен келешегі» атты алқалы жиын өтті.
Өзекті әлеуметтік мәндегі мәселеге арналған басқосу жиынына қалалық салалық басқарма мамандары, құзырлы орган өкілдері, дәрігерлер, психологтар, қоғамдық ұйымдар мен азаматтық қоғам мүшелері қатысты. Жиынды ашқан Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Алтынай Көбеева жиылған қауымға «дөңгелек үстел» үрдісіндегі басқосудың мақсатына тоқталып, игілікті істе сәттілік тіледі.
Шарада қаламыздағы синтетикалық нашақорлыққа қарсы күрестің өзекті мәселелері талқыланды. Басқосуда мемлекет тарапынан атқарылатын шаралар, мамандар алдынан шығатын кедергілер, есірткіге тәуелділіктің алдын алу мен оған көрсетілер көмекті жақсарту жолдары қарастырылды. Алқа-қотан басқосуға қатысушылар өзара тәжірибе алмасуға, аталған шараларды жергілікті деңгейде жүзеге асыруға қажет практикалық ұсыныстарды талдауға мүмкіндік тапты.
Алқалы жиынды Алтынай Орманқалиқызы мен Нұржан Бауыржанұлы жүргізіп отырды. ҚР Парламент Сенатының депутаты Жанна Асанова аталған жиынға онлайн түрде қатысып, әлеуметтік ауқымды басқосуға қатысушылардың жанды диалогқа ұласуына деген игі тілегін білдіріп, көбіне-көп отбасылық фактормен тығыз байланысты осы бір әлеуметтік кеселдің алдын алуға қатысты лайықты бағдарын берді. Модератор Нұржан Жақыпов 14 жасқа дейінгі жас өрендерді ұлттық идеологиялық тұрғыда тәрбиелеудің тұжырымдамасына тоқталды.
«Есірткіге әуес әр алуан мекемелерден келген ересектер ғана емес, кәмелетке толмаған жеткіншектер де кеңес беруімізді қалап, көмек сұрайтыны рас. Биылдың өзінде есіріткіге тәуелді 12 жасар балаға көмек сұрап, кеңес алуға келді. Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген бар, осындай жағдай орын алып отырған соң, мемлекет пен қоғам бұл өзекті мәселеге ерекше мән беріп, айрықша назар аударуы қажет. Мұның өзі бүгінгі күні есірткіге оңай қол жеткізуге болатынының дәлелі емес пе. Көңілге қаяу түсіретін мұндай келеңсіз көрініс қорқынышқа айналып, виртуальды түрде етек алып барады, – деген психолог-аддиктолог Ғалия Әлжапарқызы есірткіге тәуелділікке дейінгі тұлғаның қалыптасу факторларын айтып берді.