Алматылық Дамир Әбдіғани құмырсқа өсіреді.
Оның асыраған еңбекқор жәндіктерінің арасында елдегіден бөлек экзотикалық түрлері де бар. Бір қараған адамға құмырсқа өсіру оңай іс көрінгенімен, олардың бабын келтірудің өзіндік қыр-сыры бар. Бұл іске жас жеткіншек 12 жасынан бастап ден қойған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Ерекше хобби иесі осындай іспен айналысқанына қарағанда болашағын ғылыммен байланыстыратын шығар десек, ол музыка саласын меңгеріп жүр екен. 18 жастағы Дамир Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектептен биыл түлеп ұшқалы отыр. Тіпті болашақ мамандығын да таңдап қойыпты, музыкалық бағытта дыбыс режиссері болғысы келеді екен. Дегенмен, бұл қалауы оның құмырсқа өсіріп, тіпті одан пайда табуына кедергі емес.
Бастапқыда баласының құмырсқа өсіруін ата-анасы қолдай қоймаған. Дегенмен уақыт өте келе, баласының ізденісі мен қызығушылығын көріп, ойларын өзгерткен. Ұлдарына ақыл-кеңесін бере отырып, сүйікті ісімен айналысуы үшін жағдай да жасап берген. Анасы Раушан Әнуарбекова өзінің шағын тігін цехынан баласының құмырсқаларды күтіп-баптауы үшін бір бұрышын жасақтап берген. Ата-анасы баласына бұл істің жай ғана хобби емес, табыс әкелуі керек деген бағыт-бағдар берген екен.
«Әрбір хоббиді бизнеске айналдыру керек. Ол тек қана хобби болмауы керек. Ол саған пайда әкелуі керек. Ол адамның соған жұмсаған сонша уақытын ақтауы керек. Соның ақысы болуы керек деген сияқты ақыл-кеңес беріп отырдық баламызға», - дейді анасы.
Осылайша баласына қосымша табыс көзін табудың жолын көрсетіп берген. Бүгінде сүйікті хоббиінен Дамир қосымша табыс көзін тауып отыр. Тіпті құмырсқа сатып, ата-анасына да қаржылай көмек көрсеткен кездері болған. Бастапқыда ғаламтордан көрген жай қызығушылықтан басталған бұл ісін ол алдағы уақытта да дамыта бермек ниетте. Емдік қасиеті бар құмырсқада алынатын қышқылға шетел тарапынан сұраныс көп екен.
«Құмырсқаларды әртүрлі елдерден аламын. Қытайдан, Австралиядан, Европадан, және оларды көбейтіп, қайтадан Еуропаға, Ресейге сатамын. Себебі ол - жақсы табыс көзі. Бір дана құмырсқаны мың долларға сатқан кездерім де болды», - дейді Дамир Әбдіғани.
Құмырсқа сатып алатын шетелдіктер оны көбіне дәрі-дәрмек шығаратын зауыттарға өткізеді. Ерекше кәсіпті қолға алған Дамирдің жанұясы елімізде сырттан әкелінетін осындай жәндіктерге сертификат алу жағы жолға қойылмағанын айтады. Осы жағынан елде заңдастыру жайы қолға алынса деген тілектерін айтты.
Қалауын тапса, қар жанар. Жай ғана қызығушылықтан басталған Дамирдің бүгінде әлеуметтік парақшасында одан ақыл-кеңес сұрайтын өзі қатарлас жастар, тіпті мирмекологияға қызығатын ересек адамдар да бар екен. Бұл Дамирдің көп ізденуінің арқасында тәжірибесі қалыптасып қалған кәсіби маманға айналғанын аңғартады. Жас та болса, ізденістің арқасында табысқа шыққан жастың ісі көпке үлгі.