Орта Азия елдерін қандай тосын сыйлар мен сын-қатерлер күтіп тұр?
- Қазір біз өмір сүріп жатқан дәуір өркениеттің бетбұрыс нүктесі сынды. Себебі, өркениет болашағына қатысты үлкен сұрақтарға тап келдік. Айталық, климат өзгерісі және энергияға деген сұраныстың артуы. Бір-біріне кереғар осы жаһандық мәселені қалай шешсек, болашақ адамзат тағдыры да солай қалыптаспақ. Адамзат ауылы ұлғайған сайын энергияға деген сұраныс та артты. Халық саны көбейген сайын азық-түліктерден тартып табиғат құшағынан алатын ресурстардың мөлшері де еселенді. Міне, сол еселене қазылып, артығымен алынып жатқан ресурстар табиғи экологиялық жүйенің теңгерімін теңселтіп, өркениет тағдырына қауіп болып қайта оралуда. Бүкіл ғаламның ертеңіне саятын бұл мәселе ешқашан бірер мемлекеттің ғана мәселесі емес. Ендігі жерде жасыл экономика, қайта туындаушы энергия көздері, жасыл энергия деген сөздердің жиі айтыла бастауы да әне содан.
Әлемнің ортақ мәселесі ішінде бізді де өз еліміз бен оны қамтыған Орта Азияның болашақ тағдырына қатысты сұрақтар мазалайды. Күллі әлем ресурстар үшін күреске түсіп, жаһанның жер түкпірінен соғыс дүмпулері естіліп тұр. Мұндай шақта табиғи ресурстарға бай Кіндік Азия өзінің болашағын қалай елестетсе болады? Әлемнің беталысы, аяқ алысы қалай? Орта Азия елдерін болашақ бәсекелі дәуірде қандай тосын сыйлар мен сын-қатерлер күтіп тұр? Әңгіме ауаны осы сауалдар төңірегінде болмақ.
Әлемнің жаңа беталысы
Көзіқарақты оқырманның есінде, жақында ғана Дубайда COP28 климаттық саммиті өтті. Онда әлем елдері Парижде өткен тарихи саммиттен кейінгі ең маңызды құжаттарға қол қойды. Яғни 2030 жылға қарай жаңартылатын энергияны пайдалануды үш есеге, энергия тиімділігін екі есе арттыру бойынша келісімдер жасалды. Бұған қоса «Таза әрі салауатты экономикаға көшуді жеделдетуге» бағытталған келісімдер де ортаға салынды. Бір жағынан бұндай келісімдерге қол қоюдың өзі кісі қуантарлық іс. Себебі, әлем тағдыры сынға түсіп тұрған шақта адамзат баласының мәдени, діни алшақтыққа қарамай, ортақ мәселеге жұмыла алатынын көрсеткендей.
Бұған дейін де айтып келеміз, енді онжылдықтар тұтас әлемнің даму бағыты «ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА» ұранымен бірге жүрмек. Түсіндіре айтқанда, қайсы мемлекет қоршаған ортаға зияны барынша аз экономикалық бағдарламаларды жүзеге асырады соның халықаралық аренадағы асығы алшысынан түспек. Сауда келісімдердегі жеңілдіктер, импорттық-экспорттық тарифтердің кедергісін азайту сынды жеңілдіктерге ие болады. Тіпті, асыра айтқандық емес, алдағы уақытта климаттық өзгеріске қатысты тақырыптар халықаралық қарым-қатынастарда демократия сөзінен де маңызды бола түсуі бек мүмкін.
Энергия көздері қымбаттайды
Қазірге дейін әлем экономикасында мұнайдың аса маңызды болып келгені шын. Мұнай бағасының өрлеуі мен құлдырауы Қазақстан сынды шикізаттық елдердің ішкі әлеметтік әлеуетіне де тікелей әсер етуші фактор болып келді. Ол ғана емес, алып қаржы орталықтарындағы тұрақтылықтың өзі мұнай бағасына тәуелді болған кездері көп. Бірақ енді олай болмайды. Дүние арбасының дөңгелегі басқа бағытта айналуда. Енді жаңа энергия көздері, қайта туындаушы немесе жасыл энергия көздері жаһандық экономикалық атмосфераны қалыптастырады.
Дегенмен, мәселе мынада, әлем энергия ауысымын мақсат еткенімен, оны жалаң ұрандар жүзеге асыра алмайды. Ол үшін мұнай және табиғи газ, көмір секілді қазір энергия алып отырған ресурстардың баламасы табылуы керек. Және сол балама көздері қоршаған ортаға қалдықсыз, зиянсыз болуы керек. Міне, осы кезде сирек кездесетін элементтердің (кейде сирек жер қазбалары немесе элементтері деп те аталады) маңызы айқындала түседі. Бұл сирек қазба металдар электр қозғалтқыштағы көліктерден тартып, робототехникаға, дрондар мен ІТ технологияларға және озық есептеуші жүйелерге дейін ауадай қажет. Дамып келе жатқан бұл саланың бәрі дерлік сирек жер элементтерін қажет етеді.
Бір сөзбен айтқанда, болашақ онжылдықтарда жаһандық экономика мен адам өмірі үшін сирек металдардан маңызды ештеңе болмауы мүмкін.
Орта Азияның табиғи мүмкіндігі
Болашақтың бұл сұранысын қамтамасыз етуде Орта Азия елдерінің табиғи мүмкіндігі көп. Қазақстанды қамтыған аймақта сирек жер металдары мол қорының бар екені белгілі. Бұл осы аймақтағы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Моңғолия және Ауғанстан сынды елдерге қазіргі араб әлемінің мүмкіндігін сыйлары анық. Араб түбегі, Ефрат пен Тигр арасы мұнай арқылы қалай елеулі болған болса, жаңа энергия көздерін өндіруші Кіндік Азия тап сондай елеулі бола түседі. Бұл толассыз инвестиция мен қисапсыз қаржы ағынын аймаққа ала келеді деген сөз. Өркениеттің жаңа сұранысы тудырған мүмкіндік Қазақстанды, ондағы Алматы сынды мүмкіндігі мол шаһарларды болашақтың Дубайына айналдырып жіберуі әбден мүмкін.
Дегенмен, қос жүзді қанжар іспетті, бұл үрдістің де тартымды және қауіпті жақтары көп. Байлық пен мүдде қашанда геосаяси тартыстарды қоса ілестіріп жүрмек. Қазіргі Орта Шығыс секілді біздің аймақ та көптеген державалардың назарында тұр және тіпті бәсекелестік алаңына айналуы да мүмкін. Яғни аймақ қызу саяси қысымдарға тап болады. Бұл кездерде аймақ елдерінің сыртқы күштер теңгерімін ұстап тұруы тіпті де қиындай түседі. Аймаққа іргелес жатқан Ресей және Қытай сынды ойыншылар бұл тұста өзге әріптестерінен гөрі аймаққа ықпалды бола түсуі мүмкін. Сондықтан да Батыс елдерінің, ЕО және АҚШ-тың қазірден бастап аймақ елдерімен әріптестікті нығайтып жатуы өзінше түсінікті. Мейлі қалай десек те, осындай үлкен бұрылыс кезеңінде еліміз алдағы күтулі сын-қатер мен жаңа орайларды алдын ала байыптап отыруы аса маңызды міндет.