ffin.kz

Айтуған МҰҚАШЕВ, кәсіпкер: Бізде қазақтың жасаған дүниесіне деген сенім жоқ

Айтуған МҰҚАШЕВ, кәсіпкер:  Бізде қазақтың жасаған дүниесіне деген сенім жоқ Сурет видеодан алынды

  • Орайы келген әңгіме




Қымыздың сан түрлі емдік қасиеті ата-бабаларымызға ерте замандардан-ақ аян. Қазақты былай қойғанда, Еуропа елдерінің өзі бүгінде қымыздың пайдасын жақсы біледі және оны тұрақты түрде тұтынуға айналған. Олардың жанында қайта өзіміз оның емдік, дәмдік ерекшелігін ескере бермейміз. Қамбар ата түлігін қастер тұтып, «қымыз – Қазақстан бренді болуға лайық бірден-бір ұлттық өнім» деп мақтаныш еткенімізбен, оның өндірісін жүйелі түрде жолға қоюға құлықсызбыз.


Басқа-басқа, бұл мәселе аталмыш саланы дамыту құпиясын меңгеру мақсатында соңғы 20 жыл көлемінде әлемді шарлап жүріп тәжірибе жинаған Айтуған Мұқашевқа жақсы таныс. Күллі қазақ атаулы сияқты, ол да бала кезінен жылқыны жақсы көрген, қымызды құмартып ішкен. Бірақ оны осы ұлттық өнімнің басқа сусындар сияқты көпшілікке қолжетімді бола бермейтіні, дүкен сөрелерінде қысы-жазы тұрмайтыны ойландыратын. Ол үшін қымыз шығаруды өндіріске айналдыру керектігін түсінген Айтуған, бұл шаруаға құлшына кіріседі.  Туған өлкесі – Қарағанды өңірінде ауыл-ауылдан бие сүтін жинай жүріп, алғашқы жылы-ақ 100 күнде 100 тонна қымыз шығарады. Өнім үлкен сұранысқа ие болады. Қымыз цехының ашылуы нәтижесінде ауыл-ауылдағы жылқы саны да арта бастайды. Еңбегі еленіп, облыстың үздік кәсіпкері атанады. Ары қарай «Болашақ» бағдарламасымен Германияда оқудың сәті түседі. Бұл Айтуғанның жылқы шаруашылығының тиімділігіне және бие сүтінен қымыздан басқа да көптеген құнды өнімдер жасауға болатынына сенімділігі артуына үлкен септігін тигізеді. «Ғылыммен байланыстырмайынша, өндірісті дамыту мүмкін емес» деп шешкен ол,  жылқы шаруашылығының экономикасы бойынша докторлық диссертация қорғайды. Бұл әрекеті де текке кеткен жоқ. Бастапқыда инженер мамандығын игерген ол – бүгінде ұлттық сусын өндірісінің де үлкен білгірі, бие сүтін кептіріп, одан түрлі өнімдер жасаумен табысты түрде айналысып жүрген айтулы кәсіпкер. 


Ал елімізде жылқы шаруашылығы, оның ішінде қымыз өндірісі қаншалықты жолға қойылған, ол қайткенде өркендейді, қымыздың пайдасы, оны жасау мәдениеті, бие сүтін кептіру тәсілі және одан алынатын өнімдер туралы не білеміз? Бұл жөнінде біз Айтуғанның өзін тыңдағанды жөн көрдік.



– Жалпы, қымызбен емдеу тарихы 200 жылдан бері қарастырылып келе жатыр, – дейді Айтуған. – Өзімізде өткен ғасырдың 60 жылдары әр республиканың ғалымдарынан құралған комиссия үлкен жоба аясында мұны 3-4 жыл бойы арнайы зерттеп, кейін дәлелдемесі шыққан. Қымызбен емделген аурулардың барлығы жазылған. Дәріханада дәрілер өтпей қалған. Осыған байланысты жылқыға қатысты ғылыми шаруалардың барлығы тоқтатылған. Ал сол кезде Қазақстанда оншақты жылқы зауыты болған, олар жылқы тұқымын етті, сүтті бағытқа ауыстыруға көп жұмыс жасаған. Бірақ біртіндеп соның бәрі саябырсыған. Себебі, айналып келгенде, қымыздан, біріншіден, қазақтар жазылып кетеді, екіншіден, дәріхана бизнесі жүрмей қалады, үшіншіден, жылқысы көп ауылдың адамдары өте ширақ болады. Содан қазақты қайтадан атқа мінгізсе, ертең ие бола алмай қалатынын білген орталық, бәрін тоқтата бастаған. Осылайша, біздегі жылқы шаруашылығы күйреді. Қазақстанда ең жақсы көтерілді дегендегі жылқы саны 4 млн болса, 1991 жылдары ол 1 млн-ға дейін түсіп кеткен. Сол 1 млн мал қазір бізде 5 млн-ға жетіп қалды. Өйткені жылқыға деген сұраныс артты. Бір жағынан, басқа малға қарағанда оны асырап-бағу экономикалық жағынан аса тиімді. 


– Қалайша?


– Жылқы жыл он екі ай далада жүреді, оған жылқышыдан  басқа ешкім керек емес, артық шығын жоқ. Негізі, баяғыда жылқы шаруашылығымен айналысқан совхоздардың барлығы бай болған.


Қазіргі жағдайда  бізде бір биенің жылдық кірісі – 5 мың доллар. Бұл тек – сүтінің кірісі. Ал біз болашақта өнімдер түрін көбейту арқылы кірісті арттырсақ дейміз. Сөйтіп, мысалы, ауылдың бір тұрғыны 2 жылқы ұстаса соның өзінің кірісі жылына 10 мың доллар болады. Қазір біз Талғарда 2-3 шаруашылықпен жұмыс жасап жатырмыз.


Біздің қателігіміз – бәрін өзіміз істегіміз келеді: бірақ қазіргі нарықтық жағдайда әркім өз кәсібімен айналысуға тиіс. Германияда жылқы өсіретін адам тек өсіреді, екінші адам сауады, үшінші адам сүтті кептіреді, төртінші адам одан басқа бір өнім жасайды, бесінші адам оны сатады. Яғни әр нәрсені өзінің маманы істеуі керек. Ауыл шаруашылығының дамымай тұрған себебі, біз қой, сиыр, жылқы, бәрін топырлатып бір қорада бағамыз. Ол санитарлық норма бойынша да дұрыс емес. Бұл – совет өкіметінің мал бағуда бізге кіргізген қате түсінігі. Қазақ еш уақытта малдың барлығын бір қорада ұстамаған: ол не жылқылы, не қойлы бай болған. Қазір өкінішке қарай, сиыр пұл болған заман болды, барлық жерде – сиырдың сүті, сиырдың құрты. Ал қойдың сүті, қойдың құрты жоқ, өйткені сұраныс болмағаннан кейін оны сауып, жасап жатқан ешкім жоқ. Енді осының бәрі немен келеді дегенде, ғылым керек. Адамдарды оқытып, пайдасын экономикалық тұрғыда есептеп беру керек. Өндіріс сосын барып дамиды.


– Өзің бие сүтінен қандай өнімдер шығарып жүрсің?  


– Германияда оқып жүргенде көрдім, биенің сүтінен тек қымыз ғана емес, немістер одан шоколад, балмұздақ, йогурт, сабын, шампунь сияқты әртүрлі нәрселер жасай алады. Мен өзім де оны институттарға беріп, жасатқызып көрдім, болады екен. Сөйтіп, Қазақстанға келген соң осы өндірісті жолға қоюға кірістім. Біраз жұмыс жасап жүріп тапқан қаражатқа сүт кептіретін аспап алдырттым, сосын кепкен сүтті капсулаға салып бердік. Сүттің ұнтағынан сабын, шампунь жасадық. Сосын сол ұнтақты апарып, Кореядан косметика жасап әкелдім. Олардың бәрі бір айналымда жақсы сатылды.


– Ал түйе сүті ше? Оны да қарастырып көрдің бе?


Бәрінің негізі сүт қой. Сондықтан бие сүтінен не істеуге болса – түйе сүтінен де соның бәрін істеуге болады. «Ауырып ем іздегенше ауырмайтын жол ізде» деген бар. Ол үшін біздің күнделікті тағамымызда ағзамызға қажетті нәрселер болуы керек. Таңертең үйден саумал ішіп шықсақ, кешкі тамақтан кейін бір кесе қымыз ішіп ұйықтасақ, бізге ешқандай дәрі-дәрмектің қажеті жоқ. Қазір біз неге ауырамыз? Себебі генымыздағы дәрумендер жетіспейді. Оны жеміс-жидектен ала алмаймыз. Бала кезімізден жеп өспегеннен кейін асқазанымызда оны қорытатын фермент жоқ. Ал түнгі 12-де ет жесе де біздің қазақ ауырмайды. Өйткені асқазанында оны қорытып жіберетін фермент бар. Сол сияқты, шарап ішсе неге итальяндар, шампан ішсе неге француздар, сыра ішсе неге немістер мас болмайды? Өйткені ол – ата-бабасынан келе жатқан нәрсе. Олар үшін ол пайдалы. Ал біз соның қайсысын ішсек те мас болып қаламыз. Себебі ағзамызда оны ыдырататын фермент жоқ. Ал қымыз ішсек қызара бөртіп отыра береміз. Қымыз ішіп алып біреуді өлтіріп кетіпті, мас болып, есін білмей қалыпты деген әңгіме жоқ. Иә, қымыз масайтады, құрамында спирт бар екені рас. Бірақ ол – биологиялық спирт. Ол сүттің құрамындағы әртүрлі бактерияларды өлтіру үшін қажет. Ол ана сүтінің құрамында да бар. Бірақ біз оны түсінбейміз. Не нәрсеге болсын біржақты қараймыз.


Әрине, әр адамның білімі, түсінігі әртүрлі. Неге сен қымызды білмейсің деп айта алмайсың. Өйткені ол оған сен сияқты қараған жоқ. Ортақ нәрсе болған кезде ғана адамдарда ортақ түсінік, ортақ әңгіме пайда болады. Сосын барып көзқарасы үйлеседі. Бұрын бәріміз батырлар жырын, қиссаларды жаттап өстік. «Абай жолын», «Махаббат, қызық мол жылдарды» оқыдық. Сондағы жағымды кейіпкерлерге ұқсағымыз келді. Соның арқасында әңгімеміз де жарасатын. Қазір біз неге қазақтың басын қоса алмай отырмыз? Өйткені ортақ ештеңе жоқ.


– Косметика жасатудың қандай маңызы болды? Мәселе – өтімділігінде ме?


Бұл нарықтың талабы қандай дегенге байланысты. Қай жақтан көбірек сұраныс болады, соны жасау керек. Бірақ бұл идея да бостан-босқа туған жоқ. Айналып келгенде адал, арам деген нәрсе бар. Біздің қыз-келіншектер тұтынып жүрген косметиканың көбі зиян. Құрамында, негізінде, 99 пайызға дейін шошқа майы бар. Ыстыққа да, суыққа да төзімді, формасын жоғалтпайтын болғандықтан, оны не нәрсеге болса да қоса береді. Өсімдік майы қымбат тұрады, өндірушілердің көбінің оған қолы жете бермейді. Ал харам нәрселерді неғұрлым көп тұтынған сайын әйел затының соғұрлым қылықтары да өзгере бастайды. Содан мұны да неге халал ғып жасамасқа деп, соны қолға алуды ұйғардық. Қазақстанда косметика зауыты жоқ. Бір жағынан, оны жүргізетін, жұмыс істейтін маманға да зәруміз.


– Бізде бұл мәселеде де олқылық бары рас. Мысалы, қай сала бойынша маман тапшы дегенге көңіл бөлінбейді...


Біреуінен біреуі туындайды ғой. Әйтпесе зауыт ашу қиын емес. Сырттан сатып алып келіп, қоя салуға болады, бірақ кімге істетесің? Бізде сабынның, шампуньнің, косметиканың технологі жоқ. Университеттердің барлығы жылда үйреншікті мамандықтар бойынша маман шығарады, керек пе, керек емес пе, қарамайды. Қаншама грант бөлініп, ақша далаға кетіп жатыр! Сол үшін қандай маман керек екенін кәсіпкерлерден сұрау керек қой, негізі. Бизнестің дамымай жатқан себебі де сол, кәсіпкерлерге қажетті маман жоқ. Сүт технологтерін оқытады, бірақ солардың ұлттық сусындармен айналысып жатқан біреуі жоқ. Өйткені оларға оны оқытпаған, оның ғылымы қалыптаспаған.


– Оқытқан күнде де, бізде әрекетсіздік басым ғой. Жоғары оқу орнын бітіріп алып жұмыс таппай жүретін жастар көп...


Негізі, біз адамның түсінігін ретке келтіруіміз керек. «Мемлекет маған не істеді?!» емес, «Мен мемлекетке не істеймін?!» деу керек қазір. Егер оқу бітіріп, жоғары білімді бола тұрып жұмыс таба алмасақ, ол – біздің сорымыз. Жоғары оқу онын бітірмей-ақ жұмыс істеп жүрген адамдардың жанында сен ешкім емессің. Оқыдың ба – сен өзіңе ғана емес, өзің сияқты 10 адамға жұмыс тауып беретін жағдайда болуың керек. Сол кезде ғана сен зиялы азаматсың. Ал жоғары оқу орнын бітіріп алып: «маған жұмыс тауып бер» дейтін болсаң, онда зиянды азаматсың. Біз қазір осылай, зиялы мен зияндыны шатастырып алған күйдеміз.


– Елдегі жалпы жағдайдың өзіңе, өндірісіңе әсері қалай болуда?


Шынын айтқанда, кедергілер көп. Адамның бәрі сен сияқты ойламаған соң, сен сияқты істемеген соң, оның бәрі – кедергі. Сондай-ақ, бізде қазақтың жасаған дүниесіне деген сенім жоқ. Сауда үйіне кірсеңіз, миллион түрлі зат тұрады. Соның ең болмағанда оны Қазақстанда істелінген бе? Міне, үлкен проблема. Біз өзгенің дүниесін дамытып отырмыз. Сонда өзіміз орыстың сүтінен, печеньесінен жақсы нәрсе істей алмаймыз ба? Олар несімен алып отыр: бағасымен. Бірақ Қазақстанда шығарылған нәрсе бәрібір сапалы. Біз қымбат болса да өз өнімдерімізді алуға тырысуымыз керек. «Қазақтың заты мен Қазақстанда жасалған затты ғана аламыз, басқаныкін тұтынбаймыз» десек өз өндірісіміз дамиды. Халықта патриотизм болмаса, ешқандай бизнес жүрмейді. Мысалы, қайсымыз күніне бір кесе қымыз ішіп жүрміз? Есесіне кола ішеміз. Апельсин, банан жейміз. Сонда бұл жерде не нәрсе керек дегенде, бізде ұлттық идеология жоқ. Болса – біз соны ұстанатын едік. Онда мен күніне 1 тонна қымыз шығарсам да сатылып кететін еді. Одан мен байысам – қайда апарам? Осы Қазақстанға салам ғой.


– Сеніңше, ұлттық идеология деген не сонда?       


– Айналып келгенде, ұлттық идеология – экономиканы тарту күші. Мысалы, жапондар өздерінікінен басқаны тұтынбайды: жапонның машинасы, жапонның киімі деген сияқты... Біз де өзімізге тән нәрселерге жұмыс істеуіміз керек. Қарапайым нәрсе: мысалы, «жылқы – қазақтыкі» дейміз. Оны немен дәлелдейсіз? Яғни, жоқ дегенде жылына бір жылқы сойып жеп, күніне бір кесе қымыз ішуіңіз керек. Сіз сөйтіп ұлттық идеологияны жасайсыз. Былайша айтқанда, ауылда бір отбасын бағасыз. Сіз үшін ауылда жылқының саны көбейеді, 2-3 бие сауылады. Сондай ұлттық идеология экономикаға керек пе? Әрине, керек.


– «Қымыз мәдениеті жоғалды» деп жүрсің. Бұл ретте, нені меңзедің?


Мысалы, биені қалай сауамыз, сүтті қайда құямыз, қандай температурада сақтаймыз, ыдысты қалай жуамыз, қай уақытта пісеміз, неше рет пісеміз деген сияқты, қымызды баптаудың өзі – үлкен өнер. «Технология» деп айтқанымызбен, бұл – жалпы, қымыз жасау мәдениеті. Бізде сол жоғалған. Қазір қымыз істеп жүрген адамдардың 10 пайызы ғана күбіде істейтін шығар. Саба деген жоғалды. Қалғандарының барлығы қолына түскен ыдыста жасайды. Бірақ ол дұрыс емес. Сол үшін біз жақсы қымыз іше алмаймыз.  Өйткені «қымыздың жақсы болуы – сабасынан» дейді. Мен, мысалы, қымызды ішем де, біріншіден, ол қай өңірдің қымызы екенін айтып бере аламын. Екіншіден, қымыздың жасалғанына қанша уақыт болғанын, үшіншіден,  қандай ыдыста жасалғанын білемін. Яғни, мен – оның маманымын. Ешкім өтірік айта алмайды. Бұл – мәдениет. Ал «жоғалтты» дегенге келсек, баяғыда үйдегі апамыз, атамыз: «әй, ана күбіні піспепсіңдер, күбіні жумапсыңдар» деп бәрін айтып, реттеп отыратын. Бұрын оны әрбір қазақ білетін. Ал қазір ол мектеп жоқ. Келіндер биені сауып, пластмасса ыдысқа құя салады. Шындығында, ол қымыз ашымайды. Өйткені демалмайды. Ал күбіде, сабада тұрған қымыздар демалады. Ол әдемі ашиды. Оны бір ішкен адам іше бергісі келеді. Қазір Семейде Сарыжалдан, Қарағандыда Жаңаарқадан, Торғайдан келетін қымыздар жақсы. Сұраныс көбейген сайын мәдениет қалыптасады. Адамдар жақсы қымыздың дәмін білетін болады. Күбіге, сабаға сұраныс көбейсе шеберлер жұмысы жанданады. Сонда бір қымызды дайындауда қаншама адамның еңбегі бар! Осылай, бір мәдениет бір мәдениетті дамытады.



– Қазір енді өзің жүргізіп отырған қымыз цехының өнімділігі қандай? Күніне қанша көлемде сүт кептіріледі?


Біздің қазіргі аппаратқа күніне 200-250 литр ғана сүт сияды. 22 сағаттың ішінде сүтті кептіріп шығады. Ол өте үлкен өндіріс емес. Бірақ қазіргі сұранысымызға жетеді. Ең бірінші ішкі нарықты қамтамасыз етіп алуымыз керек. Әрине, менің өнімдерімді Америка, Франция, Германия, Түркия, Қытайдан да тапсырыс беріп алатындар көп. Бірақ бұл арнайы сол жаққа шығарып жатырмын деген сөз емес, ол үшін көлем болуы керек. Осы мәселеге келгенде: «Неге осы машинаны өзіміз жасамаймыз?» деп ойландық.


Негізі, арнайы сүт кептіретін аспап жоқ. Немістің аспабы дәрі жасауға,  қытайдыкі жеміс кептіруге арналған. Содан мен биыл жоба жасап, үлкен көлемде грант ұтып алдым. Сөйтіп, Қытайдың бірнеше компаниясымен келісімшарт жасастық. Кейбір детальдарын шетелден әкелгенімізбен, бие және түйе сүтін кептіретін аспапты өзімізде, Қазақстанда құрастырып шығарамыз. Алдағы уақытта немістермен де сөйлесеміз. Өндірістер жұмыс істеуге дайын. Біз қазір, ең бастысы, соны жасауға болатынын дәлелдеп және мамандарды оқытып-үйретіп шығаруды мақсат етеміз.


Біз құрастыратын аппаратта дәрі де, сүт те, шөп те, әртүрлі нәрселерді кептіруге болады, тек температурасын, басқа да режимдерін туралап қою керек. Ол немістің аспабынан арзан, қытайдыкінен сапалы болады, болашақта оған сұраныс артады. Өйткені әлемде «сүт кептіретін аппарат керек» деп оны іздеп жүргендер көп. Біз біреуін жасап шығарамыз да, сосын оны сериялық өндіріске қоямыз.


– Идеяңды түсінетін, бірге жұмыс істеп, ары қарай алып кете алатын мамандар табылды ма? Жалпы, өндірістің болашағын өзің қалай елестетесің?


Жоба жасаған кезде кімді қосатынымызды да ойластырдық. Әкенің, көкенің балалары керегі жоқ, осы жұмысқа қажетті салалар бойынша нақты нәтиже көрсете алатын адамдарды тауып алдым. Технологымыз Малайзияда оқыған, сүтті зерттеген жігіт екен, «кептірілген сүттермен жұмыс жасағанбыз, бірақ онда пайдалы ештеңе болмайтын» дейді. Ал біздің кептіруіміз суықпен кептіру ғой, «бұл тәсіл арқылы кептіргенде  ешқандай дәрумен жоғалмайтыны мені таң қалдырды» дейді. Сөйтіп, ол да іске кірісті. Жобаға 20 шақты маман тартылды, барлығы – жастар. Бәрі оңынан болып ойымыз іске асса – ертең барлығы зауыттың бір-бір бөлімін басқаратын болады және әрқайсысы өзінен кейінгілерді үйретеді. Ғылым, өндіріс адамдарды бірігуге әкеледі. Өзіміз бірдеңе өндірмесек өндіріс дамымайды. Саусақ бірікпей – ине ілікпейді.


Мемлекеттік грант ұтып алғанымыз үлкен дәреже болды. Енді идеяны жүзеге асыру да – үлкен жауапкершілік. Бір анығы, бүгінде жастардың көпшілігі жаңалық іздеуге құмар емес. Себебі жаңалық оған ақша әкеліп тұрған жоқ. Ал біз өндірісті ғылыммен ұштастырудың пайдасын және жаңалық ашсаң – еңбегің зая  кетпейтінін дәлелдегіміз келеді. Жастар соған құлшынса дейміз. Адам бір нәрсеге қызыққан кейін жаңалық ашады. Жаңалық ашса – өндіріс болады. Өндіріс болса – экономика дамиды.


– Әңгімеңе рахмет. Жұмысың жемісті болсын!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58

08:49

08:05