Уақытты мақсатты жұмсаған жан пайдаға кенеледі!
АҚШ өнертапқышы және әйгілі кәсіпкері Томас Эдисон «Уақыт – әр адамның еншісіне бұйырған әрі зая кетіре алмайтын жалғыз капитал» депті. Шынтуайтында, сөзінің жаны бар. Сонау XIX ғасырда айтылса да, өзектілігін әлі күнге дейін сақтап келе жатыр.
Шапшаң болсаң ұтасың. Қазіргі біздер өмір сүріп отырған қоғам бәсекелестік пен шапшаңдықты талап етеді. Бұрынғыдай адамдар бір сарынды жүруге мұрша жоқ. Олай жасауға да болады. Бірақ, сөйтер болсаңыз, көштің соңына қалуыңыз бек мүмкін. Жоғарыда айтылған тәмсілде «капитал» деген сөз бар. Бұл өте орынды айтылған. Өйткені, қаржы-экономиканың тілімен айтқанда, жеке тұлғаның әлеуметтік статусы көтерілу үшін міндетті түрде капиталды арттыру керек. Сонда іс оңалмақ, шаруалар өз ретімен шешілмек.
Әрбір сәт - ақша. Заманында Бенджамин Франклин «Уақыт - ақша» деп қысқа ғана қайырыпты. Осы ойды терең талдап, айтар болсаңыз, нағыз шындық екеніне көз жеткізесіз. Уақытпен санасып іс қылсаңыз, төмендегі әрекеттер тізімі пайда болады:
- Табыс артады;
- Ынта пайда болады;
- Тірлігіңіз қалыпқа түседі;
- Мақсатыңызға жетесіз;
Табыс кілті – уақытта. Сол уақытты тиімді пайдаланса, онда тірлігіңіз қалыпқа түсіп, ойлаған арман-мақсатыңызға жететініңіз анық. Осы аталғандарды кез келген адам іске асыра алады.
Жақында америкалық сарапшылар жүргізген мәліметті көзіміз шалды. Сондағы олардың пайымдауы бір нәрсеге түйінделеді. 2050 жылға қарай әлем мүлде басқа кейіпте ғұмыр кешуі ықтимал. Сондықтан олардың ұсынатын формуласы да біреу. Ол – «мобильді» болу. Кез келген ортада тез, жылдам қимылдап, бір уақытта бірнеше істі қатар атқару керек. Шынымен де осыны жүзеге асырар болсаңыз, онда ақша сізге қызмет істейді. Тек тетігін тауып, жүйелі қызмет істеу қажет.
Ғалымдардың осы айтқандарына қосылуға болады. Ондай жандарды жиі кездестіріп жүрміз де. Бірді екіге жалғап, оны одан ары ілгерілетіп жатқандар қаншама?! Ондайлар табыстың көзін тапқандар десек, дәл тұжырымдаған болар едік.
Соңғы уақыттары бір емес, бірнеше жерде қатар іс атқаратындардың қатары көбейген. Бір жағынан, бұл да жөн. Себебі, күнде, тіпті сағат сайын заман өзгеруде. Күніне жүздеген жаңалық, түрлі қылық көретін болдық. Сол себепті де қазіргі адамзат нарық заманына әбден бейімделуде. Тіпті, кейбірі соған үйренген де.
Түйіндей келе, ең бастысы, жаныңызға жағатын іспен айналысқан дұрыс. Қытай ойшылы Конфуций «Өзіңіздің жаныңызға жақын жұмыс таңдаңыз, сонда өмір бойы жұмыс істемегендей өмір сүресіз» деп айтыпты. Қай жағынан алып қарасаңыз да, солай екені рас. Ойлаған игі істеріңіз әрдайым орындалсын демекпіз.