«Тері илеп, темір түйіп, ер шауып, сурет салып, мүсін жасап, тас қашап, сүйек жонған» белгілі суретші-этнодизайнер, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Еуропадағы қыпшақтар қауымдастығының басқарма мүшесі, Қырғыз Республикасы Дизайн академиясының корреспондент-мүшесі болған Дәркембай Шоқпарұлы құжаттарға қолын араб әріптерімен «Дәркембай ұста» деп қоятын болған екен.
Біз бүгін қазақ өнерінің өз өкілі жайында өзгеден емес, оның өз ұлынан – белгілі қолөнер шебері Дәулет Дәркембайұлынан сұрайтын боламыз.
– Ұсталық – ұстамдылықты ұнататын, атадан балаға қанмен келетін киелі өнер деген ұғым бар. Әке мен балаға қатар қонған өнердің таралу жолына тоқтала кетсеңіз?
– Әкемнің әкесі Шоқпар, оның тете інісі Алдамберді мен кенже інісі Ахмет – Жетісу өңіріне аты шыққан әйгілі ағайынды зергер-ұсталар болыпты. Олардың әкелері Ерғожа мен арғы аталарымыз Абайыл да осы кәсіппен айналысқан. Әкем бала күнінен атамыз Шоқпардың қасынан қалмай жүріп, қолөнердің қыр-сырына қанығып өседі. Өкінішке орай, әкемнің 13 жасында атамыз көз жұмады да, Ахмет көкеміз әкемді өз қамқорлығына алады. Сөйтіп ол ағасының көмекшісі бола жүріп, Шоқпардан қалған көрік пен төс, темір балғаға ерте ие болып, атакәсіпті жалғастырып әкетеді.
Мектепті бітірген соң Алматыдағы Гоголь атындағы көркемсурет училищесіне (қазіргі О.Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжі) кітап безендіруші мамандығына қабылданады. Ол уақытта қолөнер бұйымдарын жасауды үйрететін бөлім мүлдем болмаған. Қалай десек те, қолөнердің негізі – сурет. Дипломдық жұмысы мен қолөнерді қатар алып жүріп, ауыл-ауылдарды аралап, тері, ағаш, металл өңдеудің ескі тәсілдерін қойындәптеріне түртіп қойып, халықтық қолөнер шығармашылығының үлгілерін жинайды.
– «Қолөнердің негізі – сурет» дедіңіз, әкеңіздің ұсталықтан бөлек, суретшілік әрі мүсіншілік өнері де болған деседі.
– Ол рас. «Студент қыз», «Алтын адам», «Қарасай батыр» сынды портреттері бар. Абдолла Розыбақиев, Құланаян Құлманбет, Мұстафа Шоқай, Мұхтар Әуезов, Қашаған Жаманқараев, Рақымжан Тоқатаев сынды тұлғалардың мүсін-ескерткіштерін металдан, ағаштан, тастан қашап жасаған. Сонымен қатар, көптеген тарихи сәулет ескерткіштерінің қалпына келуіне үлес қосқан.
– Дәркембай Шоқпарұлының ғылыми-танымдық зерттеу жұмыстарымен айналысқанынан да хабардармыз. Бәріне қалай үлгерген деп таңданбасқа шарамыз жоқ.
– Иә, дұрыс айтасыз, ғылыми-зерттеу тұрғысында 200-ден астам мақаласы жарық көрген. Сондай-ақ, «Өрім өру», «Домбыра жасау», «Бесікке бөлеу», «Қазақтың қолданбалы өнері», «Қазақтың қолөнері» сынды 30-ға жуық кітап пен оқулықтардың авторы. Ақын ретінде танылған «Ай-алқасы» да бар.
Осындағы бір ғана «Қазақтың қолөнеріне» тоқталып кетер болсам, кітап 8 бөлімнен тұрады: ою-өрнек; тері өңдеу; ағаш өңдеу; металл өңдеу; ер-тұрман, қару-жарақ; саз аспаптары; жиһаз, ыдыс-аяқ. Әкем осы атаулардың бәрін жіктеп, түсіндіріп өтеді. Әр бөлімнен талай танымдық тың дүние алуға болады. Мәселен, төрт түлік малдың терісі өте қымбат шикізат. Соның ішінде ірі қараның терісін – сиыр, өгіз, тайынша, бұзау терісі деп төртке бөлген. Жылқы терісін бие, жабағы және құлын терісі деп үшке, ал түйе терілерін атан және бота терісі деп екіге бөлген. Біздің қазақ осы терілерден күнделікті тұрмыста қолданылатын торсық, мес, саба сынды ыдыс-аяқтар жасаған. Ал көннен (малдың иленбей, кептіріліп, қатты күйге түскен терісі) тулақ, торсық, кеукерін, бұлқыншақ, талыс, т.б. бұйымдар әзірлеген.
«Ағаш өңдеу» бөлімі де қызықты мәліметтерге толы. Әкем кітабында ағаштардың ішіндегі ең «шешені», сөйлегіші қарағай дейді. Хас шеберлер қарағайдың тербелу арқылы дыбыс шығару қабілетінің өте жоғары болатындығын дәл таба білген. Ал Дәркембай Шоқпарұлы тұт ағашы, үйеңкі, емен, қайың, терек, тал, жеміс ағаштарын зерттеп, оларға анықтама беріп, қандай ағаштан қандай музыкалық аспап жасауға болатынын баяндайды.
«Қазақтың қолданбалы өнері» деген кітабында да кейінгі ұрпақ білуі тиіс мәліметтер өте көп. Мәселен, «Сүйектерге жан бітсе» деп аталатын бөлімінде наным-сенімдер туралы айтады. «Қазақта сүйекті қастерлеу салты ерте замандардан қалыптасқан. Сондықтан бақи дүниеге сапар шеккен адамның мәйітін кіндік қаны тамған жерге әкеліп жерлегенді жөн көрген. Жаугершілік замандарда шейіт болған жауынгерлердің сүйегін «қорлайды» деп жат жерде қалдырмай, мәйітін сілтеге салып, қайнатып, еттен ажыраған сүйекті тері қапқа салып, киізбен орап, қапқа салып, туған жердің топырағына әкеліп қоятын рәсім болған. Әлдебір жағдай туып, сүйекті түгел әкеле алмаса, бір саусағының сүйегін алып келген», – деген зерделі зерттеулері бар.
Әкем қолына балғасын алып, шеберханасында бұйымдарын тып-тыныш жасап жүрсе де болар еді ғой. Бірақ ол келер ұрпаққа, жастарға қазақтың қолданып жүрген бұйымдарының жасалу технологиясын атын атап, түсін түстеп көрсеткісі келді. Бұл оның қазақ мәдениетіне қосқан үлкен еңбегі де білемін.
– Демек, шәкірттері де көп болды ғой?
– Иә, әкемнің шәкірттері өте көп болды. Ол кісі алдымен жастардың төзімділігін сынайтын. Басында жеңіл-желпі шаруаларға жұмсаған. Оларға ең бірінші құрал-саймандардың атауын дұрыс атауды үйрететін. Сосын барып қана қолөнер бұйымдарын жасауға рұқсат беретін. 1996 жылы туған жері Ақшидан «Асыл» мектебін ашып, онда еліміздің әр өңірінен келген шәкірттерді тегін оқытты. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Сәндік өнер және дизайн» факультетінде «Металды көркемдеп өңдеу» мамандығында студенттерге дәріс оқыды. Бірдеңе үйренсем деп өздері іздеп келген жастардың бетін ешқашан қайтармайтын. Абылайхан Асылбайұлы деген шәкірті болды. Сол жігіт бес жыл әкемнің жанында жүріп, ұсталық өнерге ден қойды.
– Әкеңіздің еліміздегі бірнеше музейдің ашылуында да қолтаңбасы бар деп естиміз, осы жөнінде толығырақ тарқатсаңыз?
– 1980 жылдардың ортасында қазақ мәдениеті мен ғылым тарихында «Халық музыка аспаптары» музейі дүниеге келеді. Осы мұражайдың дүниеге келуіне себепші болған әкем екен. 1979 жылы Венгрияға досы Иштван Қоңырға қонаққа барып, сол елдегі бір шағын қалада болып, бір поляк азаматының 700-ден асатын саз аспабы бар мұражайын көріп таңдай қағады. Елге келген соң сол кездегі Мәдениет министрінің орынбасары болып тұрған Өзбекәлі Жәнібековке ұсыныс-ойын жеткізеді. Сөйтіп «Халық саз аспаптары» мұражайы ашылады. Осы мұражайдағы шындауыл, дауылпаз, шың, сақпан, адырна аспаптарының көне нұсқалары қайтадан қалпына келтіріледі. Көптеген ұмыт болған музыкалық аспаптарды этнограф-ғалымдар Х.Арғынбаев, О.Хаймолдин сынды көнекөз қариялардың айтуымен жаңғыртып, нәтижесінде кең шанақты, үш ішекті, қуыс мойын, әмбебап атты домбыралардың түрлері көбейеді.
Қазақтың халық аспаптары мұражайының алғашқы талантты қызметкерлерінен «Сазген» ансамблі құрылады. Ансамбльде алғаш қолданылған қолөнер заттарының бәрі әкемнің қолынан шығып, бидің 5-де қолданылады. Мәселен, «Шалқыма» биіндегі – торсық, тостағандарды, «Жезтырнақ» биіндегі жезден ойып жасалынған тырнақтарды, «Қылыштағы» – алмас қылыш, «Ай қосақтағы» кепшік, асатаяқты әкем жасаған.
Ұлттық салт-дәстүрді, этнография тарихын жетік білгендіктен Дәркембай Шоқпарұлы 1980 жылдардан бастап музыкалық фольклор саласына, аспаптану ғылымының дамуына, ұлттық киімдерге, қолөнер саласының барлық түрінің қалпына келуіне ықпал жасаған. 1981 жылы «Ықылас атындағы саз аспаптар музейінің» құрылу кезеңінде әкем өз шәкірттерімен бірге 100-ден астам саз аспабын жасап, музейдің ашылуына тікелей мұрындық болады.
Әкемнің тағы бір еңбегі – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының 60 жылдық мерейтойында құрылған «Ақтұмар» мұражайын ашуға үлес қосады. Осы мұражайға Дәркембай Шоқпарұлының «Әйел әлемі» атты этнографиялық композиция қойылған. Бүгінгі таңда бұл музей Қазақстандағы әйелдер тарихына арналған тұңғыш музейге айналған.
– Ал қазіргі кезде өзіңіз тізгінін ұстап отырған «Ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің» де іргесін өзі қалап кеткен болар?
– Мұражай ашу – әкемнің үлкен арманы еді. Ақши ауылындағы (Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, – Н.Ә.) бұрынғы жүзім шаруашылығының қаңқасы ғана қалған ғимаратын өз қаражатына сатып алды. Алайда, оған күрделі жөндеу жүргізу үшін қыруар қаражат керек болды. Сөйтіп жүргенде ауыр науқасқа шалдығып, көп ұзамай өмірден озды. «Қайтсең де осы мұражайды аш, балам! Саған сенемін», – деген әке аманаты көкейімде тұрып алды. Арманы 2007 жылы орындалды. Ата-кәсібіміздің ауыр жүгін арқалап өткен ұста Дәркембайдың мұралары бүгінде мемлекеттің меншігінде. Мекемеде бес адамнан құралған шығармашылық топ жұмыс істейміз. Әкемнің қолынан туған ұлттық бұйымдарды, дәстүрлі төл өнерімізді тек Қазақстанға емес, шет елдерге де таныту мақсатында көрмелер ұйымдастырып тұрамыз. «Жігітке жетпіс өнер де аз», «Үй жиһаздары мен ыдыс-аяқ», «Халық саз аспаптары және зергерлік бұйымдар», «Саятшылық, аңшылық», «Ер-тұрман, қару-жарақ, құрал-саймандар», «Дәркембай Шоқпарұлының үй жиһаздары» деген 6 көрме залынан тұратын музейде 2400-ден аса жәдігері бар. Музей жанындағы шеберханада жас ұрпаққа шеберлік сабақтарын өткізіп тұрамыз. Бізге шет ел туристері де жиі келеді.
– Міне, ұстаның соңында мәңгілік өлмейтұғын із қалды. Инемен құдық қазғандай тірнектеп жинаған жәдігерлеріне ие болып сіз қалдыңыз. Әкеңізбен байланысты отбасылық естеліктермен бөлісе отырсаңыз?
– Әкемнің маған ұсынған домбырасы да сақтаулы. Күнделікті өмірде жақсы көргенін білдіртпесе де, бар мейірімі сол домбырада тұрғандай сезімде болатыным бар кей-кейде. Ол негізі алма ағашынан жасалған домбыра. Мен туған кезде әкем сол ағашты кесіп әкеп, қораның бір бұрышына қойған екен. 7 жасымда мектепке барар кезімде осы домбыраны әкем өз қолымен жасап, маған сыйға тартты. Бір бүйірінде «1979 жыл» деген жазу бар. Сонда әлгі ағаш 7 жыл бойы кеуіп тұрған ғой. Әкем бәлкім мені болашақта домбырашы, әнші, күйші болсын деген арман-тілегімен ұсынған болар. Өнерден алыс кеткенім жоқ. 7 жасыма дейін ауылда, нағашы ата-апамның қолында өстім. Мектепке баратын жылы әкем қалаға алып кетті. Алматыдағы №12 мектеп-интернатта оқыдым. 1-сыныптан бастап ұсталық өмірге араласып, әкемнің шеберханасында өстім.
Ол кісі маған өте қатал қарады. Сабақтан шығып үйге келгенде үстелдің үстінде қағаз жататын. Онда сол күні істейтін тапсырмаларым жазылып тұрады. Оларды міндетті түрде орындауың керек. Әрине, ол кезде ойын баласымын, кейде ішің пысып, жалығып, балалармен бірге доп қуып кететінің бар. Ондайда әлгі тапсырмалардың бір-екеуі қалып қояды. Кешқұрым үйге оралған әкем қағазына қарайды. Қалыс қалдырған жұмыстарымды ұйқыдан тұрғызып алып орындататын. Қазір ойлап қарасам, әкем мені үлкен тәрбие мектебінен өткізген екен ғой. Осы әдетімді әлі күнге дейін тастамаймын. Одан ұтпасам, ұтылған жерім жоқ. Әкем – менің жүрегімде.
Сұхбаттасқан Нұржамал ӘЛІШЕВА.