Елімізде электр самокаттарға байланысты бірқатар заң қабылданды. Аталған заң жобасына қала тұрғындары мен самокатты жалға беретін кәсіпорындарының басшылығы екіұшты пікірде, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Тұрғындар самокат жүргізушілерінің жиі жол көлік апатына ұшырап, заң бұзушылық әрекеттерге баратынын атап өтті.
«Көшеде артымызға жалтақтап, қорқып жүреміз. Самокат пен мопедке мінгендер аяқ астынан, жоғарғы жылдамдықпен келе жатады. Меніңше, аталған заң жобасы тезірек қабылданып, самокатшыларды бір ізділікке түсірсе. Себебі, жолда кішкентай балалар да жүреді, олардың қауіпсіздігіне алаңдаймыз. Арнайы шлеммен, арнайы жолақтармен жүргенін қалаймыз», – дейді Назгүл Ержан есімді қала тұрғыны.
Күні кеше, Алматыда самокат жүргізушісі мотоциклмен соғысып мерт болды. Қайғылы оқиға түнде Тимирязев пен Сәтбаев көшелерінің арасында Сейфуллин даңғылының бойында болған.
Yamaha мотоциклін тізгіндеген жүргізуші Сейфулин даңғылының бойымен оңтүстік бағытта, ал самокатты жалға алған тұрғын солтүстікке қарай кетіп бара жатқан. Самокатшы Политехническая көшесіне қарай солға бұрылмақ болған. Бірақ арақашықтықты дұрыс есептемей, мотоциклдің алдында бұрылған. Қарсы беттен келген мотоцикл жүргізушісі жоғары жылдамдықпен оны қағып кеткен.
«Қазақстанның инфрақұрылымы велосипед жолағына 500 шақырым ғана береді. Сондықтан да самокаттарды жолдың оң жолағымен 18-ге толған, жүргізуші куәлігі бар, қорғау шлемі бар жүргізушілер айдай алады. Қалған жерлерде, мысалы, тротуарда жүретін болса, басымдық жаяу жолаушыларға беріледі. Биыл 1 қаңтардан бастап самокат жүргізушілерінің қатысуымен 44 оқиға тіркелді. Былтыр 1 адам қайтыс болды. Осындай статистика бар», – деп баяндаған Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.
Дегенмен, аталған заң жобасы самокатты жалға беретін компаниялардың табысына зиян келтірмек. Бизнесі енді ғана қарқын алып, табыс көзіне кенеле бастаған бұл заң аяққа тұсау келтіретінін атап өтті.
«Мәселен, бір ғана «Jet Sharing» компаниясының жалпы сату көлемі 2 жылда екі есеге өскен. Кәсіпорын 1200-ден астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, өткен жылдың өзінде ішкі қазынаға 458 миллион теңгеден астам қаражат аударды. Депутаттардың жүргізіуші куәлігі болу керек деген заңы бізді таң қалдырды. Менің ойымша, самокатты айдау үшін 3-4 күн уақыт кетеді. Ол үшін арнайы бір белгілерді жаттап алу қажет емес. Ал бас киімнің дуылғасы апат болған кездерде көметеспейді. Мені тағы бір таң қалдырғандары мопедшілерге неге заң әлі қарастырылмаған? Жол апатын жиі ұшырататын солар ғой», – дейді «Jet Sharing» компаниясының басшысы Мусалава Алибеков.
Қала жастарының пікірінше, бұл заң өте қатаң. Олар самокатты көбіне қызық үшін 1 сағатқа жетпейтін уақыт айдайтындарын айтады. Ал жүргізуші куәлігін алып жүруге көбісінің жағдайы, уақыты жетпейді.
- Жаяу жүргіншілер жолағында мопедпен жүргендерді де көзіміз шалады. Олар жылдамдықты асырып жүреді. Неге оларға заң қабылдамасқа?!. Менің ойымша, самокатты күнделікті қолданатындар жүргізуші куәлігін алмаса, жастардың шамасы келмейді. Онсыз да самокатқа отырғанға 1 сағатқа 4000 тг кетеді. Бұл кімнің болмасын қалтасына ауыр. Студенттер, оқушылар самокатты тек қызық үшін айдайды. Сол себептен бұл заң тым қатал деп ойлаймын, – дейді Ақбота Нұрмолда есімді студент.