Әр сәттің әдемі көрінісін қалт жібермей, мәңгілік тарихқа айналдыратын қырағы фототілші – кез келген басылымның бағы. «Жақсы таңдалған тақырып – жарты мақала» дегендей, кейде баспасөзде жарық көрген бір ғана сәтті сурет журналистің жазған дүниесін жарқыратып жіберетіні бар. Қазақ басылымдарын қалдырмай оқитын ойлы оқырман Самат Құсайыновтың есім-сойына қанық деп білеміз. Ширек ғасырдан бері қолынан фотоаппараты түспей келе жатқан әріптесіміз жақында бауырлас Түркия мемлекетінде жеке фотокөрмесін өткізіп қайтты.
Өмірін фотоөнермен егіз өрген ағайыды Самат, Мақсат, Азамат Құсайыновтар – еліміздің белді басылымдарында қызмет етіп жүрген танымал фототілшілер. Бүгінгі әңгіменің өзегі фотоөнер әлеміне алғаш қадам басқан үйдің үлкені – Самат Құсайынов. Оның объективіне ілінген тақырыптардың аясы кең. Қазақ халқының әдет-ғұрпы, салт-санасы, дала дәстүрі, ұлттық ойындары мен қонақжайлығын арқау еткен мыңдаған суреттің өне бойынан өз ісін құлай сүйген шебердің қолтаңбасын көресіз. «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» «Әдебиет айдыны», «Сақшы», «Президент және халық», «Алматы ақшамы» газеттерінде, «Парасат», «Айгөлек», «Алтын бесік» журналдардарында табанды қызмет еткен «Ақпарат саласының үздігі» жемісті еңбегі үшін Президенттің Алғыс хатымен марапатталды.
Қырағы фотографтың жұмыстары тек елімізде ғана емес, Германияның Штутгард, Түркияның Ыстанбұл, Оңтүстік Кореяның Тэгу қалаларында көрмеге қойылған. Қазақ даласының бай табиғатын паш ететін туындыларының тағы бір легі таяуда Түркияның «Анадолы өркениеттері мұражайында» салтанат құрған «Ұлы дала мәдениеті» көрмесі арқылы туысқан халықтарға жол тартты.
– Менің мақсатым – қазақ мәдениетін, ұлттық ойындарды, әдет-ғұрыпты сурет өнері арқылы дәріптеу. Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығын ту еткен шара ТҮРКСОЙ ұйымының және өзім қызмет етіп жүрген «AIatau Aqparat» медиахолдингінің қолдауымен өтті. Суреттерімде түбі бір туысқан халықтарға ортақ құндылықтарды да көрсетуге тырыстым. Фотосурет – әрбір сәтті ұстау. Біраз жыл бұрын Астанадағы Ұлттық кітапханада «Сайын даланың – салт дәстүрі» деп аталған фотокөрмемді өткіздім. Сол көрмеге келген шетелдіктердің қызығушылығын көріп, тағы да шабыт ала түстім. Журналист әрбір мақаланы ашу үшін қалай ізденетін болса, фотография да үлкен ізденісті қажет етеді. Бір суретпен бір мақаланы ашуға болады. Фотоаппараттың ішінен, объективтің ар жағынан өмірді көріп тұруың керек. Менің ұғымымда суретке түсіру – өнер. Суретке түсірген кезде адамның портретінен тірі дүние шығаруың қажет. Пейзаж бен портрет жаныма жақын жанрлар, – дейді С.Құсайынов.
Үнемі ізденіс үстінде жүретін фотогердің «Сарысудың сырлы суреті», «Сарысу саялы мекенім», «Мерейлі өлке – Мойынқұм» атты фото жинақтары көпшілікке жол тартты. Сәкеңнің жеке продюсерлігімен жарық көрген «30-дан асып барамын», «Бізді күтер бір бақыт» толық метражды фильмдері де – үлкен еңбектің жемісі. Ердің жасы елуді еңсерген әріптесімізге толайым табыс тілейміз!
АЛМАТЫ
https://egemen.kz/article/379523-samattynh-syrly-suretteri