Соңғы уақытта жасөспірім қыздардың бір-біріне күш көрсетуі, әлімжеттік жасауы жиілеп бара жатқаны байқалады.
Осыдан бірнеше күн бұрын ғана әлеуметтік желіде, басқа да түрлі ақпарат көздерінде Семейдегі оқушы қыздардың топтасып төбелесіп, шаш жұлысқаны туралы ақпарат тарады. Оған сүйенсек, 7-8 сыныптың қыздары тапа-тал түсте қатарластарын жерге итеріп құлатып, мазақ қылады. Ол аздай, екі қыз қақаған қыста сырт киімдерін шешіп тастап кірісіп, бір-бірін бас-көзге қарамай төмпештейді. Қалғандары ажыратудың орнына, ұялы телефонға түсіріп, қызықтап қарап тұрады, ол аздай бейнежазбаны әлеуметтік желіге жүктейді.
Бұл көпшілік куә болған бір ғана жағдай емес. Былтыр күзде Ақтөбе облысында да осындай оқиға болып, екі оқушы қыз бір-бірін аяусыз соққыға жыққан. Бөтелкенің сынығымен бірі екіншісінің қабағын жарып, қанын судай ағызған. Сол кезде де көшенің қақ ортасында қырылысып жатқан жасөспірімдерді ешкім ажыратпағаны, ақырында қан-жоса күйдегі қыздың бірі есінен танып, ауруханаға түскені мәлім болған.
Айта берсек, мысал көп. Ал осы жасөспірім қыздардың өшпенділікке, зорлық-зомбылық көрсетуге бейім тұратындығына, агрессиялық мінез-құлқына не себеп? Заманауи психологиялық зерттеулер нәтижесі мұның түп-төркінін отбасындағы осы сыңайлас қарым-қатынаспен байланыстырады. Яғни мамандар үйде ата-анасынан қаталдық, тіпті қатыгездік көрген бала өз қатарластарымен қарым-қатынаста өте агрессивті болатынын айтады.
«Қараш-Қараш оқиғасындағы» Аханқұл тәрізді: «Ертең өмірден таяқ жегенше, бүгін менің таяғымды жеп өссін» деп, баланы жастайынан «таяққа пісіруге» тырысатын, қит етсе қатаң жазалап, қия бастырмайтын ата-аналардың бар екені, әрине, жасырын емес. Баланы қатал ұстауға қатысты олардың да өз ұстанымы бар. «Заман да, адамдар да қазір баяғыдай емес. Алысқанмен алысып, жұлысқанмен жұлысып, күресіп, тіресіп тұрмасаң – күнің «күн» емес, текке қор боласың» деп үйретеді, одан қалса: «Аясаң – аяма» деп, бейнелеп айтқанда, перзентінің қаққанда қанын, соққанда сөлін алады. Түптеп келгенде, оң-солын әлі танып үлгермеген жеткіншек, ол мейлі ұл болсын, қыз болсын, агрессияны, өктемдікті мына әлемдегі өмір сүру құралы ретінде қабылдайды. Осыдан келіп ұл бала қатайған үстіне қатайса, қыз бала өзінің табиғи жаратылысынан, нәзіктігінен ауытқып, еркекшора кейпіне ойысады.
Мамандар қатыгез, тұла бойы өшпенділікке толы қыздар әдетте өзін қорсынып, өзгелерден төмен санайтынын, адамға жаны ашымайтынын айтады, сондай-ақ әр нәрсеге күдікпен қарап, құрбыларының арасына лаң салуға, оларды бір-біріне айдап салуға дайын тұратынын ескертеді. Бір жағынан, ғаламтор арқылы тарап жатқан түрлі жағымсыз жайттар, келеңсіз көріністер де еліктегіш жасөспірімдердің жаға ұстатар іс-әрекетін құдды бір қалыпты мінез-құлық іспетті қабылдатуға жол ашуда. Қатарласына әлімжеттік көрсеткенінен бөлек, жасөспірімдер сол әрекетін әлеуметтік желіге салып, «тәжірибесін» кеңінен тарату тұрғысынан да алдына жан салмауға көшті. Олар мұндай бейнежазбаларды түсірудің және оны ғаламторға жүктеудің салдары мен осы тұрғыдағы жауапкершілікті сезіне бермейді. Керісінше, «неғұрлым көбірек қаралым жинаса және ол көп адамға ұнаса, соғұрлым танымал боламын» деп ойлайды, өз-өзін сөйтіп көрсеткісі, мойындатқысы келеді.
Бір анығы, әлімжеттік пен зорлық-зомбылық жасөспірімдер арасында кең таралғанына қарамастан, қатарластарынан зәбір көргендер бұл туралы көп жағдайда ешкімге тіс жармайтын көрінеді. Мамандардың сөзіне сүйенсек, жеткіншектердің оннан бір бөлігі ғана болған жағдайды ата-анасына айтады және тек жиырмадан бір бөлігі мектеп әкімшілігінің немесе психологтің көмегіне жүгінеді екен. Қалғандары мәселені өз бетінше шешуге тырысады. Алайда, жауырды осылай жаба тоқу салдарынан әлімжеттік жалғаса береді және бұл жасөспірім психикасына өте қатты зиянын тигізеді.
Семейдегі қыздар төбелесіне қайта оралар болсақ, жұдырықтасқан жасөспірімдердің ата-аналары бала тәрбиесіне қатысты міндетін тиісінше орындамаған болып танылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, бейнежазбаны әлеуметтік желіге жүктеген қыздың заңды өкілдеріне айыппұл салынды. Білім мекемесінің өкілдері оқиғаның сабақтан тыс уақытта болғанын мәлімдеп, ақталуға тырысқаны аңғарылды. Әрине, мұнымен ештеңе шешілмейді. Бұл жерде кикілжіңнің неден туындағанын анықтау және ендігәрі оған жол бермеу маңызды.
Аталған жайтқа орай әлеуметтік желіде пікір білдірген жандар мұны мектептегі тәрбие жұмысының олқылығына балайды және «мектептің қандай екенін сондағы оқушыларға қарап-ақ білуге болады: балалар сабаққа неғұрлым салғырт қараса, соғұрлым бір-бірімен аңдысуға, жаға жыртысуға құмар болады» дейді.
Қалай дегенмен де, мәселе жасөспірімдерге қатысты болғанда мектеп те, мұғалім де одан тысқары қалмасы анық. Бұл бала тәрбиесіндегі отбасы, ата-ана жауапкершілігін жоққа шығару емес. Алайда, жас жеткіншектің өмірге көзқарасы мектепте қалыптасады, өзгелермен дұрыс қарым-қатынас жасауды да ол дәл сол мектеп қабырғасында үйренеді десек, бұл ретте, әрине, білім ұясына, ұстазға жүктелер жүк ауыр.