Алматыда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Департаменті әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен бірлесе отырып, "Адал білім – Адал ұрпақ" атты қалалық форум өткізді. Білім беру жүйесінде адалдық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған форум жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары, сала сарапшылары мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Іс-шара барысында "Адал білім" және "Адал ұрпақ" бастамаларын жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді. Қатысушылар жастардың құндылықтық бағдарларын қалыптастыру, отбасылық тәрбиенің рөлін күшейту және Алматы қаласының білім беру ұйымдарында енгізіліп жатқан тиімді тәжірибелер жөнінде пікір алмасты.
Форум жұмысын Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы Еркеболат Нұржігітов ашты. Ол кезекті басқосудың білім беру жүйесіндегі парасаттылық пен адалдық мәдениетін қалыптастыруға арналғанын баса айтты.
"Біз жастар мен балалардың бойындағы әділдік, ашықтық және жауапкершілік сияқты құндылықтарды қалай дарыту керектігін талқылаймыз. Іс-шараға мемлекеттік орган өкілдері, білім беру саласының мамандары, студенттер және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысуда. Жалпы, біздің департамент мұндай ауқымды шараны алғаш рет өткізіп отыр. Дегенмен алдағы уақытта осындай іс-шаралар жиі-жиі өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұнда біз көтеріп отырған негізгі мәселе – адал ұрпақты тәрбиелеу тәсілдерін қарастыру", – деді.

Ол сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыру бірінші кезекте отбасынан басталып, кейін мектеп және жоғары оқу орындарында жалғасуы керек екенін атап өтті. Былайша айтқанда, сыбайлас жемқрлыққа қарсы күрес бір кезеңдегі қоғамдық науқаннан көрі азаматтардың бойындағы ортақ құндылыққа айналуы маңызды деп санайтынын жеткізді.
Форумда білім беру саласында адалдық мәдениетін дамытудағы басым бағыттар мен қолданылып жатқан тәсілдер туралы баяндама тыңдалып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелері мен алдағы міндеттер ортаға салынды. Жиын қорытындысында білім беру жүйесіндегі ашықтық пен парасаттылықты нығайтуға бағытталған кешенді жұмыстардың маңыздылығы әр қырынан талқыланды.
Іс-шара "Адал білім" және "Адал ұрпақ" бастамаларын жүзеге асырудың маңыздылығын тіпті де айқындай түсті. Осы бағытта жастардың құндылықтық бағдарларын қалыптастыру, отбасының рөлін күшейту және Алматы қаласының білім беру ұйымдарында енгізіліп жатқан тиімді тәжірибелер де осы ортаның кең тақырыптық талқысында болды. Алматы қаласы бойынша ДАДГС басшысы Гүлнар Ермекбаева форумдағы баяндамасында білім беру саласында адалдық мәдениетін дамыту бағытындағы басымдықтар мен тәсілдер туралы терең талдауын ұсынды. Форум соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
"Жалпы, "Адал ұрпақ" тәрбиесі бағытын Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің халыққа арнаған Жолдауында бірнеше рет тоқталды. Қазіргі таңда бұл бағытта жастар ұйымдарында, жоғары оқу орындары мен мектептерде ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні аясында өтіп жатқан форум Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өтуде. Біз бұл басқосуға барлық мемлекеттік емес ұйымдар мен қоғам белсенділерін жинап, "Адал қоғам – Адал ұрпақ" тақырыбында ой бөлістік. Алматы қаласы бойынша "Алматы. Адалдық алаңы" жобалық кеңсемiз жұмыс істейді. Сонымен қатар, "Адал ұрпақ" және "Сыбайлас жемқорлықсыз болашақ" жобалары да іске асып жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы Алматы қаласының Ішкі саясат басқармасы мен агенттіктің тікелей қолдауымен жүргізілуде. Біздің жұмысымыздың ең басты мақсаты – жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Осы мақсатта біз форумдар, конференциялар, дөңгелек үстелдер өткізіп, жастармен кездесулер ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, бейнероликтер көрсетіп, адал қызметімен елге еңбегі сіңірген ардагерлермен кездесулер ұйымдастырамыз. Әрине, жүргізіліп жатқан ақпараттық жұмыстардың өз нәтижесін беріп жатқанын айтқым келеді", - деді "Парасатты ұрпақ үшін" қоғамдық қорының президенті, Алматы қаласы бойынша "Адалдық алаңы" жобасының жетекшісі Марат Қалимолдин.