Жыл сайын 1 мамыр күні атап өтетін Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында, Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сесиясы болып өтті.
Алматының делегациясы сессияның жұмысына белсене қатысып, өңірлік коммуникациялар қызметінің сұқбат алаңында ол жақтан қандай әсер алып қайтқандарын айтты, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Алматыдан сән-салтанаты келіскен – 64 адамнан тұратын делегация барды. Араларында – этномәдени орталықтың, жастар мен аналар ұйымының өкілдері мен азаматтық бастама көтеріп жүрген белсенділер де болыпты.
Делегация жастардың дамуы мен тұрғындардың аз қамтылған бөлігін қолдауға арналған бірнеше жоба ұсынды онда. Әсіресе Медеу ауданының комьюнити-орталығына ерекше ықылас білдірді жиындағылар. Қазір осы орталықта 200 адам оқып, 1200-ден астам адам жұмысқа тұрып, әртүрлі қауымдастықтар мен клубтар да құрылған.
«Таза Қазақстан», «Рақмет Жер-ана» секілді экологиялық акциялар, «Jastar Generation» дейтін халықаралық лагерь мен «Болашақтың топ 50 мамандығы» деген білім бастамасы да көп қолдауға ие болды осы сессияда. 2024 жылдың басынан бері 9400 адамды қамтыған «Жомарт жан» орталығының жұмысы да ескерусіз қалған жоқ.
Алматыдағы ҚХА төрағасының орынбасары Всеволод Лукашевтің айтуынша, осы жолғы сессия «Бір¬лік. Жасампаздық. Өрлеу» деген атпен өткен. ҚХА-ның 2025-2030 жылдарға арналған даму концепциясын әзірлеп, ұлтаралық татулықты нығайтатын жұмысты жан-жақты күшейтіп, «Елдесу және татуласу» жобасын әлі де ауқымды ете түсу негізгі міндет боп қалды.
«Бірлігі жарасқан ел» ұстанымын мәдениет және өнер арқылы жүзеге асыру үшін Астана мен Алматыда Александр Пушкиннің, Тарас Шевченконың, Феодор Достоевскийдің, Михаил Шолохов музейлерінің көрмесі өтпек. ҚХА-ның 30 жылдығында Алматыда Қазақстандағы ұлттардың өнеріне арналған театрландырылған фестиваль да өтеді», — деді В. Лукашев.
Түрік этномәдени орталығының аналар кеңесінің төрағасы Зульфия Хусеинованың айтуынша, жиында көтерілген тағы бір маңызды мәселе - отбасылық құндылықтарды дамыту болыпты.
«Биыл отбасы институтын қолдауға ғана емес, жастардың бастамашылдығына, жастарды әлеуметтік, этномәдени жобаларға тартуға да назар аудардық. Жастарды ұйыстырып, ұлтаралық байланысты нығайтуға бағыталған бұл бағдарламаларды ерекше атап өткім келеді», — деді төраға.
«Қазақстандағы ұйғыр жастары одағының» төрағасы Рустам Қайрыев те өз кезегінде сессияның жұмысында қарапайым мамандықтарды қадірлеуге, жастардың мамандық таңдауына көп көңіл бөлініп жатқанын атап өтті.
«Қазір ҚҚА-ның жастар қанаты мемлекеттік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға атсалысып жатыр. Сессия барысында президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың арасында жұмысшы мамандықтарды беделді етуге көп көңіл бөлу керектігін атап өтті. Беті жылтыраған адамдары ғана емес, нағыз жұмыстың бел ортасында жүрген дәнекерлеушілерді, құрылысшыларды, экономиканың өсуіне атсалысып жүрген адамдарды көп көрсету керек. Нарықта білікті жұмысшылар жетіспей жатқанда, оқушылар әлі экономист, қаржыгер болуды армандап жүр», — деді.
Қазақстан ұйғырларының республикалық мәдени орталығын басқаратын Абдулхалил Долқунтай да бірлік болса ғана жетістікке жететінімізді айтады.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде жастар тәрбиесіне ақсақалдарды тартудың маңызын атап өтті. Әр ұлт ақсақалдары арқылы жастарды тәрбиелеуге атсалысуы керек. Оларға дұрыс білім беріп, дұрыс тәрбие беріп, дұрыс жолға салуымыз керек. Біз Алматыда жастармен кездесіп, оқу орындарында, ұйымдарда әртүрлі іс-шара өткізіп жатырмыз қазір. Алматыда ақсақалдар кеңесі мен «Жомарт жан» жобасы осы бағытта жақсы жұмыс істеп жатыр», — деп атап өтті ол.
Сессия барысында көтерілген осындай өзекті мәселелерден соң, Алматы ана мен баланы қолдауға бағытталған, ҚҚА жастар клубтарының желісін ұлғайтып, жаңадан ұлтаралық ынтымақты арттыратын бірнеше қалалық бастаманы жүзеге асыруды жоспарлап отыр.