29 тамыз – еліміз үшін ғана емес, әлемдік қоғамдастық пен жаһандық антиядролық қозғалыс үшін маңызды күн. Осыдан 32 жыл бұрын дәл осы күні Семей өңіріндегі ядролық полигон жабылды.
Ядролық әлеуетінің жойқын күші бойынша әлемде 4-орын алатын бұл полигон КСРО Министрлер Кеңесінің Қаулысымен 1947 жылы құрылып, шартты түрде «№2 оқу-жаттығу алаңы» деп аталды. Ең алғашқы жарылыс мұнда 1949 жылы 29 тамызда жүзеге асырылды. Ол биіктігі 30 метрге жуық арнайы құрылғыда, жердің бетінде жасалды. Қуаты 22 килотонналық жарылыстың толқыны 5 шақырымға жетті. Сынақ орны үлкен шұңқыр болып опырылып түскен бұл жарылыс өзінен кейінгілермен салыстырғанда ойыншық болып қалды, өйткені одан кейінгі уақытта сыналған атом бомбаларының қуаты одан ондаған есе жоғары болды.
II дүниежүзілік соғыстан кейін екі алып империя – АҚШ пен КСРО-ның текетіресі өршіп кетті. Екі алпауыт ел жаппай қарулану жолындағы жарысқа бас қойды. Екі тарап та өзінің атом қаруын сынай бастады. Кеңес Одағы бұл үшін Семей өңірін таңдады және полигон 18,5 мың шаршы километрлік өте үлкен аумақты алып жатты.
Семей полигоны – бірде-бір географиялық картада белгіленбеген қала. Аса құпиялылығына орай оның аты да: «Москва-400», «Семипалатинск-21», «Конечная» болып құбылып отырды, тек таяу жылдардан бері ғана «Курчатов» ретінде мәлім болды. Онда тұрған әскерилер мен және қарапайым халық ядролық сынақтарды жүргізу жұмыстарын қамтамасыз етті. Қалада ғылыми-зерттеу лабораториялары, медиктер мен биологтар, математиктер мен физиктер, сондай-ақ, шахта салушылар, бұрғылаушылар, геологиялық барлаушылар, құрылысшылар шоғырланды. Қаланың Мәскеуден ұшақ қабылдайтын өз әуежайы, теміржол және автобус бекеттері болды. Ядролық дүмпулер жүріп жататын алаңқайларға дейін жүздеген километрлік бетон жолдар салынып, ал жердің астымен құпия байланыс құралдары тартылды. Полигонның сынақ алаңдары мен орталықпен байланысты қамтамасыз ететін радиоантенналар, радар қондырғыларын бақылаушылар күндіз-түні вахталық әдіспен жұмыс істеді.
Полигон аумағындағы тротилдік жарылыс кәдімгі жарылғыштардан мың есе қуатты болды. Аталған жарылыстың көмегімен көптеген нысандардың сейсмикалық төзімділігі тексерілген. Ол үшін сынақ алаңының жанында түрлі ғимарат үлгілері тұрғызылған. Соның бірі, мысалы, Мәскеу метросы. Яғни, оның жарылыс кезіндегі соққы толқынына төзімділігі сыналған және нысан соққыға төтеп берген. Сөйтіп, метроны бомбадан бас сауғалайтын жер ретінде пайдалануға болатыны анықталған.
Жалпы, Семей ядролық полигонындағы сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Олардың 116-сы ашық түрде, яғни жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жасалды. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды.
Жарылыстардың шырқау шегі 1961-1962 жылдарға тура келді. Екі жыл ішінде 68 ядролық жарылыс жасалды, 1961 жылы тек қыркүйек айының өзінде ғана 15 атомдық сынақ өтті. 1964-1989 жыл аралығында Семей полигонында қуаты 150 килотонналық 352 жерасты жарылысы болды. Осылайша, қазақ жерінде жасалған ядролық жарылыстардың қуаты 50 мегатоннадан асып, радиоактивті жауын-шашын 1,7 миллионнан астам халық тұратын 304 мың шаршы километрге таралды. Семей өңірі экологиялық апат аймағына айналды.
Жарылыс зардаптары тек Семей облысын ғана емес, полигонға іргелес жатқан Павлодар және Қарағанды облыстарын да шарпыды. Соның салдарынан бұл өңірлерде онкологиялық ауруға шалдыққандар саны күрт өсті. Ресми деректерде 40 жыл ішінде бір миллионнан астам адам сынақтардан зардап шеккені көрсетілген, кейбір дереккөздер бойынша, олардың саны 1,5 миллионға дейін барады.
Алайда, бұл соңғы мәлімет те емес, өйткені онкологиялақ ауруларға шалдығу көрсеткіші бұл аймақта қазір жас ұрпақ арасында да кездесетіні айтылуда. Яғни жабылғанына ширек ғасырдан астам уақыт өткеніне қарамастан мұндағы радиация деңгейі қалыпты нормадан жоғары және жарылыс болған маңайда жүру әлі де қауіпсіз емес.
1989 жылы елімізде белгілі ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің ұйытқы болуымен «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы құрылды. Халықтың қолдауының арқасында қозғалыс Семей полигонында жоспарланған 18 жарыстың 11-ін тоқтата алды. Қалған 7 сынақтың соңғысы 1989 жылы 19 қазанда болды. Ал 1991 жылы 29 тамызда Семей полигонын жабу туралы Қаулы қабылданды. Қазаққа таңылған ядролық қасіретке нүкте осылай қойылғанымен, полигон жабылғаннан кейін де сол кездегі жас мемлекет шешуге тиіс бірқатар мәселе туындады. Атап айтқанда, әскери-өнеркәсіп кешенін сақтау мәселесін шешу, атом энергетикасын дамыту үшін технологиялық және кадрлық база құру қажет болды. Осы мақсатта ядролық ұлттық орталық құрылды.
Бүгінде елімізде аталған орталық атам энергетикасын дамыту, термоядролық және ядролық технологиялардың зерттеу, ядролық қаруды таратпау және кадр саясатын дамыту сияқты стратегиялық міндеттер бойынша жұмыс істеуде.