Сонымен, 2 қыркүйекте елімізде жаңа саяси маусым ашылды. Әдеттегідей жаңа маусымды Мемлекет басшысы халыққа Жолдауы арқылы ашып берді. Жолдау – «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталды. Президент жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берді. Олардың басым көпшілігі әлеуметтік- экономикалық саланы реформалауды көздейді. Бұл былтырғы Жолдаудың логикалық жалғасы екеніне көзіміз жетеді. Алайда, саяси жүйені реформалау мәселесі де назардан тыс қалмаған.
Референдум тікелей демократияның көрінісі
Жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр энергиясын салу мәселесі бойынша референдум биыл 6 қазанда өтетінін мәлімдеді. Осындай ел үшін маңызды мәселені республикалық референдумда өткізу жайлы бастаманы былтырғы Жолдауында ұсынған болатын.
30 тамызда қазақстандықтар Конституция күнін атап өтті. Ата Заңымыздың 3-бабында мынадай сөздер бар: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық», «Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді». Яғни халық мемлекеттік биліктің бастауы ретінде билігін тікелей республикалық референдум арқылы жүзеге асыруға құқылы. Сондықтан республикалық маңызды АЭС салу мәселесін халықтың өзі шешуі тікелей демократияның көрінісі екенін айта кеткен жөн.
Былтырдан бері қоғамда, әсіресе, әлеуметтік желіде атом электр станциясын салу мәселесі қызу талқыланды. Әлеуметтік желідегі талқыға қарасақ, АЭС салу мәселесін қолдайтындар көп. Сыни пікір айтатындары да жоқ емес. Екі ойлы болып тұрғандары да жеткілікті. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік сауалнама да жүргізген. Оның қорытындысы да әлеуметтік желідегі талқының қандай екенін көрсетіп тұр.
Сауалнама биыл 7–18 тамыз аралығында өткізілген. Оған 17 облыстан және республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 1200 респондент қатысқан. Зерттеудің нәтижесі көрсеткендей респонденттердің көпшілігі, яғни 53,1%-ы АЭС салуды қолдаған. Олар АЭС салу энергетика тапшылығы мәселесін шешуге әсер етеді деген пікірде. Ал 32,5% респондент АЭС салуға қарсы болған. Себебі, ретінде ықтимал апат немесе қоршаған ортаға залалы болуы мүмкін деп есептеген. Респонденттердің 14,4%-ы бұл мәселеде әлі екі ойлы екенін айтқан.
Референдум туралы заңнамаға сәйкес, оған қатысқандардың жартысынан астамы қолдаса саяси үдеріс заңды болып табылады. Яғни 50+1% қағидасы сақталуы тиіс. Бұған қоса, азаматтардың белсенділігі де маңызды. Себебі, дауыс беруге құқылы азаматтардың жартысынан астамы референдумға қатысса ғана заңды болады. Сондықтан осындай маңызды сәтте азаматтардың саяси белсенді болғаны жөн.
Әкімдер сайланады
Соңғы жылдардағы қоғамдық-саяси оқиғалар азаматтардың саяси белсенділігін арттырды. Бұл – қуанарлық жағдай. Белсенді азаматтар саяси жүйені реформалауды талап ете бастады. Саяси билік мұндай талап-тілектерді ескере отырып, біртіндеп с аяси жүйені реформалауға көшті. Сондай талаптың бірі – әкімдерді сайлау екені бәрімізге мәлім. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса бермек.
Мемлекет әкімдерді сайлауды «төменнен жоғарыға қарай» қағидасы арқылы жүзеге асыруда. Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды ұсынған болатын. Оған дейін әкімдер тағайындалатын. Бұл жүйеге 2021 жылы көштік. Бүгінге дейін 2,5 мыңға жуық ауыл әкімі сайланды. 2023 жылы алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі сайланды.
Кейбір сарапшылар мен азаматтар бұл бағытт ағы жұмыс ары қарай жалғаспайды деген пікір де айтты. Себебі, былтырғы сайлау пилоттық режимде болған еді. Алайда, бұл күмәнді Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында сейілтті. Президент келесі жылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау арқылы ғана қызметке келетінін мәлімдеді. Осыған орай, Қасым-Жомарт Тоқаев: «Саяси реформа – бір реттік науқан емес. Мемлекеттің дамуына қажет болса, реформалар осылай үздіксіз жалғаса береді», – деп айтты.
Демократия заңсыздыққа айналмауы тиіс
Таяқтың екі ұшы болады. Демократия тек халықтың билігі ғана емес, билікті иеленушіден заңдылықтың орындалуы мен тәртіпті талап етеді. Сондықтан Президент: «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет», – деп мәлімдеді. Кейбір азаматтар бұл мәлімдемеден саяси астар іздеуі мүмкін. Дегенмен, мемлекетте тек саяси заңдылық пен тәртіп болмайды.
Қазір қоғамда цифрлық алаяқтық өршіп тұр. Сенгіш азаматтарды қаржылай зардапқа ұшыратуда. Сондықтан Мемлекет басшысы халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруды ұсынды. «Қарызсыз қоғам» сияқты әлеуметтік жобалардың маңызын айта отырып, құзырлы органдарды да заңсыз әрекеттердің алдын алуға шақырды.