Экономиканы сапалы әртараптандыру үшін туризмнің озық дамуы маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл туралы ОКҚ брифингінде Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев журналистерге айтты.
Алматы Орталық Азиядағы жетекші туристік дестинация ретінде позициясын нығайтуда. 2024 жылдың 9 айында Алматыға 1,7 миллион турист келді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14,2%-ға көп. Олардың 507,6 мың шетелдік турист, өсім – 24%.
«Алматының өңірлік туризм орталығы ретіндегі мәртебесі халықаралық рейтингтермен расталады. Қала Condé Nast Traveller нұсқасы бойынша тау-шаңғы бағыттарының үздік бестігіне және New York Times нұсқасы бойынша саяхаттауға арналған үздік 10 орынның қатарына кірді. Сонымен қатар, 2024 жылғы Qatar Travel Mart халықаралық көрмесінде Алматы 60 елдің қатысушылары арасынан үздік туристік бағыт мәртебесіне ие болды», – деп мәлімдеді қала әкімі Ерболат Досаев.
Естеріңізге сала кетейік, британдық Wanderlust журналы Қазақстанды, атап айтқанда Алматыны, 2024 жылы баруға міндетті 24 орынның қатарына қосты. Бұл жетістіктер Алматының жарнамалық науқандардың қамту аясын 2,4 есе ұлғайтып, 300 миллион аккаунтқа жеткізуге ықпал етті.
Бұған қоса, Алматы шетелдік туроператорлармен белсенді жұмыс істейді. Халықаралық туристік көрмелерде Алматы шетелдік туроператорлармен 230 меморандум жасасты, бұл алдағы үш жылда 190 мыңнан астам туристің келуін қамтамасыз етеді және 285 млн АҚШ доллары көлемінде экономикалық әсер береді (орташа есеппен 1500 АҚШ доллары).
Алматының Қазақстандағы жалпы туристік ағындағы үлесі 25%-ға жетті, бұл қаланың елдің негізгі туристік орталығы ретіндегі мәртебесін растайды. Туристер негізінен мына елдерден келеді: Ресей (117 534 адам; үлесі 23,2%), Үндістан (82 731; 16,3%), Қытай (73 328; 14,45%), Түркия (26 273; 5,2%), АҚШ (21 561; 4,25%) және Оңтүстік Корея (15 775; 3,11%).
Туристік саланың белсенді дамуы инвестицияның айтарлықтай өсуімен қатар жүрді. 2024 жылдың 10 айында инфрақұрылымды дамытуға, жаңа нысандарды құруға және қызмет көрсету сапасын арттыруға 86,6 млрд теңге инвестиция салынды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 29,3%-ға көп. Туризм саласынан түскен салық түсімдері екі есеге артып, 76,9 млрд теңгеге жетті.
«Туристің портреті» сияқты зерттеулер орташа шығыны ішкі туристердің шығынынан 8,7 есе көп екенін, сондықтан шетелдік саяхатшыларды тартуға стратегиялық назар аударылады. Осы мақсатқа жету үшін Қытай, Түркия, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Германия, БАӘ, Италия, Малайзия, Сауд Арабиясы және Сингапур сияқты 11 негізгі нарықтан туристерді тартуға күш салады. Бұл елдерден келген туристердің әрқайсысы сапар барысында орта есеппен $750–1 500 жұмсайды, бұл туризмнің дамуына үлкен үлес қосады.