ffin.kz

Мұстафа Шоқайдың құнды жазбалары туған елімен қауышты

Мұстафа Шоқайдың құнды жазбалары туған елімен қауышты Сурет: Самат Құсайынов

Белгілі ғалым, мұстафатанушы Әбдуақап Қара аударып дайындаған сүбелі тарихи еңбек қазақ, түрік, орыс және француз тілдерінде жарық көрді. Таяуда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде аталған кітап оқырмандарымен қауышты.


«Кеңес Одағының түркі әлемі саясаты» деп аталатын кітапқа Мұстафа Шоқайдың француз тілінде жарық көрген 40-тан астам мақаласы енгізілген. Онда Кеңес Одағының түркі әлеміне қатысты әр кезеңдегі саясатынан тартып, сол тұстағы түркі елдеріндегі экономикалық, саяси жағдайлар турасында жазылған мақалалары жинақталған. Автордың айтуынша, Мұстафа Шоқайдың өз кезінде баспа бетінде жарық көрген 700-ден астам мақаласы табылған. Соның 120-ға жуығы француз тілінде шыққан. Оқырмандарға жол тартып отырған жаңа жинаққа солардың ең таңдаулылары аударылып, түпнұсқасымен қатар берілген.




Аталған еңбектің Алматыдағы тұсаукесерін ҚазҰУ-дың Тарих факультеті ұйымдастырды. Іс-шараға тарихшы ғалымдар, шоқайтанушы зерттеушілер, әдебиет пен өнертанушы, сондай-ақ, өзге де салалардан бірқатар зиялы қауым қатысты. «Кеңес Одағының Түркі әлемі саясаты» деп аталған еңбек әуелі Анкара қаласында, кейін Мұстафа Шоқайдың туған өлкесі Сыр жерінде, Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде және Астанада арнайы тұсауы кесіліп, жұртқа таныстырылған болатын. Дегенмен, еңбектің авторы қара шаңырақ ҚазҰУ-да өткен іс-шараның тарихи мәні айрықша екенін айтты. Әрі бұл осы ғылыми еңбекті таныстырудың қорытынды іс-шарасы екенін де атап өтті. 



Іс-шараға қатысқан тарихшылар, зерттеуші зиялы қауым аталмыш еңбекті Қазақстандағы тарих ғылымына қосылған құнды еңбек ретінде бағалады. Бұл, әсіресе, отандық мұстафатанушыларға зор мүмкіндік бермек. Жинақта Мұстафа Шоқайдың төл туындылары түпнұсқаға қоса берілгендіктен, оның өмірі мен күрес жолын зерттеушілерге үлкен бағыт-бағдар бере алатындығымен ерекше.



Сондай баға берушілердің бірі белгілі шығыстанушы, тарихшы ғалым Нәбижан Мұқаметханұлы болды. Ол сөзінде еңбек авторын құттықтай келіп: «Бұл еңбек біздің тарихты жаңа қырынан зерттеуге, әсіресе өткен ғасырдағы қазақ интеллигенциясының ой-танымын түсінуде деректік, құжаттық еңбек ретінде бағалы. Әбдуақап Қара Мұстафа Шоқайға қатысты шетелдегі деректер арқылы біздің ХХ ғасыр басындағы тұлғаларды тануға деректік, құжаттық негіздерді ғылыми айналымға ұсынып отыр. Мұстафа Шоқайды біз тек қазақтың тарихи тұлғасы, сол кездегі Алаш лидерлерінің бірі деп қарамауымыз керек. Ол – әлемдік тұлға. Сол дәуірде әр ұлттың көсемдерімен иық тірестіретін, ойшылдарымен салыстыруға болатын тұлға. Ондай тұлғаның тарихи негізін міне осы секілді тарихи құжат арқылы бекемдей аламыз», – деген пікірін ортаға салды.



Еңбекті құрастырушы Әбдуақап Қара қорытынды сөзінде кітаптың қазірше төрт тілде жарық көргенін, алайда өзге түркі тілдес ағайындардан, Еуропа жұртынан түскен сұранысқа байланысты өзбек, қырғыз тілдерінде, ағылшын және неміс тілдерінде шығаруға дайындалып жатқанын жеткізді. Ғалымның айтуынша, тұтас Түркі жұртының азаттығын аңсаған қазақтан шыққан айрықша тарихи тұлғаға қатысты қызығушылық елімізде ғана емес, шетелде де жоғары деңгейде. Бұл сұранысты өтеу үшін М.Шоқай мұралары шет тілдерінде де жарық көруі тиіс. Бұл еңбекті ол Мұстафа Шоқай сынды тарихи тұлғаны қазақ аудиториясына ғана емес, тұтас әлемге кеңірек насихаттау үшін дайындағанын айтты.




Әбдуақап Қара мұстафатану бағытындағы әр іс-әрекет үлкен тарихи тұлғамызға жабылған ауыр жалалардан арылтуға бағытталуы керек деп атап өтті. Бұған қатысты сөзін Ә.Қара былай деп түйіндеді: «Білесіздер, Мұстафа Шоқайға кезінде үлкен жала жабылды. Ол кісі нацистермен ымыраласудан бас тартып, регионнан бас тартқаннан кейін, кейбір болжамдарға қарағанда нацистер жағынан у беріп өлтірілген. Кейбіреулер сүзектен қайтыс болды дейді, бірақ өлтірілген болуының ықтималдылығы жоғары. Сондай ымырадан бас тартып құрбан болған адамға «нацистермен ымыраласты», «сатқын» деген жала жабылды. Бұдан үлкен жала болмасы анық. Мінеки, Кеңес Одағы құлағалы 30 жылдан асты, бірақ әлі де оған жабылған жала біздің алдымыздан шыға береді. Оны ақтарлық бұлжытпас деректер зерттеушілеріміз жағынан жарыққа шығып та жатыр. Бірақ өзгелердің оны білмей жатуы бұл еңбектердің көбі дерлік қазақ тілінде шығуында. Өзге жұрт зерттеушілері бұл деректермен таныспай жатыр. Сондықтан алаштанудың, мұстафатанудың негізгі мақсаты әдейі тағылған түрлі жаладан арылту болуы керек», –  деп түйді автор.


Айта кетейік, ұлтымыздың тәуелсіздік жолындағы күрес тарихында Мұстафа Шоқай аса көрнекті, әрі күрделі тарихи тұлға саналады. Қазақ жерінде және оған іргелес түркі жұртында кеңестік билік орнағаннан кейін ол 1921–1941 жылға дейін, яғни өмірінің соңғы 20 жылын Францияның астанасы Парижде өткізді. Француз жұртында ол Еуропаның бірқатар еліндегі баспасөз арқылы кеңестік биліктің езгісіне қарсы қарусыз майдан ашты. Ол неміс, француз, ағылшын, поляк, орыс және түрік тілдерінде кітаптар мен мақалалар шығарып жариялап тұрған. «Кеңес Одағының түркі әлемі саясаты» атты кезекті мақалалар жинағы елге жеткен М.Шоқай мұраларының бір парасы ғана.




Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51