Әлеуметтік желіден футбол тақырыбын "шемішкеше шағып", "Реал Мадрид" клубына жанкүйер болып отырған әжейді көрген боларсыз. Оның теңбіл доп өнеріне деген қызығушылығы көптің таңданысын тудырып, желіде лезде көптеген қаралым жинады. Аqshamnews.kz тілшісі аяқ добы десе "ішкен асын жерге қоятын" қызылордалық Шәмшәгүл апаның әңгімесін сұрап білді.
"Футболға махаббатымды Роналду оятты"
Шәмшәгүл Мырзалықызы Қызылорда облысы, Арал ауданында дүниеге келген. 65 жастағы зейнеткер Жамбыл технологиялық институтында экономист-бухгалтер мамандығын меңгерген. Бүгінде жолдасы екеуі үш баланы тәрбиелеп өсіріп, бес немере сүйіп отыр. Ол өзінің футболға деген қызығушылығы 2004 жылғы Афина Олимпиадасынан басталғанын айтты.
"Балаларым футболды жақсы көріп, жастайынан әуес болды. Солармен бірге анда-санда көріп жүріп, біртіндеп қызыға бастадым. Ал шын қызығушылығым 2004 жылғы Афины олимпиадасынан басталды. Сол кезде Португалия ұлттық құрамасының ойынын көре отырып, Криштиану Роналдудың ойын шеберлігіне тәнті болдым. Осыдан кейін-ақ футболға шын қызығушылығым артты", – дейді Шәмшәгүл Мырзалықызы.
Шәмшәгүл апа қалай "мадридист" болды?
2009 жылы Криштиану Роналду "Реал Мадридке" ауысқаннан кейін, Шәмшәгүл апа да ресми түрде "мадридист" атанады. Десе де, апамызды португалдық сұрмерген ғана емес, өзге де футболшылар ойынымен тәнті еткен.
"2009 жылы Криштиану “Реал Мадридке” келді, осыдан кейін “Реалдың” жанкүйері бола бастадым. Реалға қызыққан себебім – әлемнің футбол жұлдыздары жиналған клуб екенін білдім. Зидан, Фигу, Бэкхэм, Пепе сынды “жұлдыздарды” бір топтан көре алдым. Ойыншылардың әрқайсы мақтауға өте лайықты, бірақ маған ойын шеберлігімен қоса, қарапайымдылығы, сыпайылығымен Лука Модрич деген ойыншы қатты ұнайды", - дейді ол.
Сондай-ақ, Шәмшәгүл апа 2017 жылғы Испания Суперкубогін ерекше атап өтті. Себебі бұл маусымда "Реал" өзінің басты қарсыласы "Барселонаны" тізе бүктірген еді.
"2017 жылы Испания Суперкубогінде “Реал Мадрид” “Барселонаны” бірінші матчте 3:1 есебімен жеңген еді. Қарымта ойында 2:0 есебімен тағы жеңіске жетеді. Криштианудың алыстан соққан голы дөп тиген болатын. Ол сәт әлі есімде. Бұл менің сүйікті матчтерімнің бірі", - дейді апа.
"Қайрат" пен "Реал" матчінде кімге жанкүйер болды?
Шәмшәгүл Мырзалықызы қазақ футболын да қадағалап отырады. Ол биыл ЧЛ-ға жолдама алған алматылық "Қайраттың" жеңісіне ерекше қуанғанын да жасырмады. Ал күллі қазақ көз тіккен "Реал" мен "Қайраттың" тарихи матчінде ол отандық клубқа жанкүйер болғанын айтты.
"Әрине, “Қайраттың” ойындарын көремін, жанкүйермін. Дастан Сәтпаевты ерекше атар едім. Ол “Қайратта” да, ұлттық құрамада да өзін жақсы көрсетіп жүрген жас ойыншы. "Реалға" қарсы матчте әлбетте алматылық клубқа жанкүйер болдым", - деп қосты ол.
"Эль-классиконы көру - арманым"
Шәмшәгүл апаның желідегі видеоларын ұлы жүктеген. Ол бұл оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
"Түнгі 2:30-дарда футбол көріп отырғанмын. Балам оны түсіріп алып, желіге салып жіберіпті. Мен қарсылық еткеніммен, кейін көбі қызығушылық танытып, түрлі сұрақ қоя бастады", – дейді ол.
Шәмшәгүл Мырзалықызының армандары да футболмен байланысты:
"Сантьяго Бернабеу стадионына баруды, Реалдың керемет ойынын тамашалауды кім армандамайды? Егер мүмкіндік болса, Эль-Классика ойынын көргім келеді", – деп қосты ол.
