Алматыда әлем мойындаған спектакль сахналанады
· 19 мамыр күні Almaty Theatre сахнасында алматылық көрермендерге ерекше әсер сыйлайтын қойылым ұсынылмақ. Ыстықкөл облыстық Қасымалы Жантөшев атындағы театр ұжымы Алматыға «Күнді ұстаған бала» спектаклін алып келеді. Бұл қойылым – XX ғасырдың сексенінші жылдарының соңындағы өтпелі кезең мен сол тұстағы адамдар тағдыры туралы философиялық драма.
Әр кейіпкердің өз шындығы, өз сыры бар. Бірі жарыққа қарай бет түзесе, енді бірі қараңғылықта қалып жатады. Спектакльдің басты кейіпкері – ерекше бала. Аутизм мен сал дертіне шалдыққан ол өз-өзіне күтім жасай алмайды. Анасы ғана оған қорған бола алады – оны бағып-қағып қана қоймай, сырт көздің қиянаты мен мазағына қарсы тұрады. Алайда бала тағдыр тауқыметіне қарамастан, жақсылыққа сенуден танбайды. Ол адамдарға тек күн сыйлағысы келеді.
Пьесаны қазіргі заманға лайықтап сахналаған – жас әрі талантты режиссер Ұланмырза Қарыпбаев. Бұған дейін халықаралық фестивальдерде үш мәрте Гран-при иеленіп үлгерген. Ұланмырза көрерменге жай ғана оқиға ұсынбайды – ол көрерменін адамның ішкі дүниесіне үңілуге мәжбүрлейді. Ол режиссер ретінде өзінің ұстанымы болмаса, сахнада жұмыс істеудің мәні жоқ екенін айтады. Оның пайымынша, бұл шығарма қазіргі қоғам үшін маңызды: бүгінгі күні бәрінен біркелкілік талап етіледі, ерекшелігі бар адамды қоғам қабылдамай, шеттетуге бейім. Ал шын мәнінде, кім нағыз қаһарман? Жақсылыққа сенген бала ма, әлде ауылын сатып, мансап қуған колхоз төрағасы ма? Неліктен баланы үнсіз жерлейді де, сатқын билік иесі қошеметпен шығарылады?
Басты рөлді сомдаған – Рыскелді Тынарбекұлы. Бұл оның театрдағы алғашқы рөлі болғанына қарамастан, ол бірден үздік дебют номинациясында марапатқа ие болды. Қойылымның тұсаукесері Қырғызстанда 2023 жылдың қаңтарында өтті. Содан бері спектакль Бішкек, Мәскеу, Баку, Уфа сынды қалаларда қойылып, халықаралық деңгейде мойындалды.
Театр сыншысы Жаныш Құлмамбетовтың айтуынша, Ұланмырза Карыпбаев – ерекше дарын иесі, оның туындылары әрдайым терең мазмұнымен ерекшеленеді: «Бұл спектакль Ыстықкөл театрының ғана емес, жалпы қырғыз театр өнерінің үлкен жетістігі. Тоталитарлық жүйенің табиғатын аяусыз шынайылықпен бейнелеген. Бұрынғы қойылымындағы тақырып жаңа туындыда тереңдей түскен. Бұл – адамдардың біркелкі ойлауға мәжбүрленген, өзгеше жандарды шеттететін қоғамына қарсы қойылған гуманистік үндеу», – дейді сыншы.Оның айтуынша, «Күнді ұстаған бала» – алғашқы тазалық пен үміттің символы. Бұл – адамгершілік пен мейірімге сенімді ұлықтаған көркем туынды. Сонымен қатар, әр актердің рөлі өзінше бір тұтас өнер туындысына айналған.
Алматылық көрермендер бұл әсерлі қойылымды 19 мамырда, Almaty Theatre сахнасынан көре алады. Спектакль тек бір-ақ рет көрсетіледі.
Т. ДЕРБІСАЛИН.
· Тақырыпқа орай
Сұлтан РАЕВ, пьеса авторы,
қырғыз драматургі:
Адам бойындағы жақсылықты іздеуге деген ұмтылыс бар
– Бұл оқиғаны мен студент кезімде, сексенінші жылдардың соңында жаздым. Бұл – жүйеге қарсылық, адам бойындағы жақсылықты іздеуге деген ұмтылыс еді. Ол кезеңде көпшілік үшін бір ғана баланың тағдыры маңызды емес-тін. Осы бала жалғыз өзі көпшілікке қарсы тұра ала ма? Алғашқы рет пьеса 1989 жылы сахналанды. Қазір ол жаңа көзқараспен қайта қойылып отыр. Алматыдағы көрсетілімде толық нұсқасын ұсынуды жоспарлап отырмын. Сыншылар тарапынан жақсы пікірлер айтылып жатқанын естіп, қуанып отырмын.
Ұланмырза ҚАРЫПБАЕВ,
режиссер:
Сахнада әсерлі сәттер көп
– Бастапқыда Сұлтан Раевтың «Тасқын» шығармасын қою жоспарланған еді. Бірақ «Күнді ұстаған бала» повесін оқығанда, оның тереңдігі мен мағынасы мені бірден баурап алды. Мен бұл туындыны түсінуге де, жеткізуге де дайын болуым керек деп шештім. Жұмыс алты айға созылды. Бұл мен үшін ұзақ мерзім. Бірақ бұл туынды сондай салмақты әрі бүгінгі күнге өте өзекті болған соң, барлығын жан-тәніммен беріп жасағым келді. Актерлерге әрдайым «бар жан-тәніңмен ойна, жүрекпен сез» деп отырамын. Олар сахнада сондай әсерлі сәттер тудырады, кейде өзім де таңқаламын. Сыншылар жағымды пікірлер айтуда. Алайда спектакль бәріне бірдей ұнамайтыны заңдылық. Бұл – әр адамның ішкі әлеміне байланысты. Маған маңыздысы – қойылымның талқыланып жатқаны. Демек, ол адам жанын түртіп отыр.