Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, продюсер Баян Алагөзоваға арнайы өтініш жасады, деп хабарлайды Аqshamnews.kz тілшісі.
Өнер жұлдызы марқұм композитор Арман Дүйсеновтың жұбайы Айсұлудың қиын жағдайға тап болғаны туралы айтылған видеолардың көпшілікке ауыр тиіп жатқанын жеткізді.
«Айсұлу ханым үйім жоқ, далада қалдым деп айтып жатыр. Ол бәріміздің жүрегімізге батады. Қолымнан келсе өзім-ақ алып берер едім, бірақ миллионердің әйелі емеспін, артық ақшам жоқ. Сол үшін әкімдіктің жігіттеріне хабарласып, қандай көмек беруге болатынын сұрадым. Бірақ әкімдік балансында үй жоқ екенін білдім. «Үй бере қоюы қиын» дегенді де естідім», – деді Мақпал Жүнісова.
Әнші осы ретте бірден сенім артатын жалғыз адамның Баян Мақсатқызы екенін атап өтті.
«Арман Дүйсенов Баянды қатты сыйлайтын. Қашан көрсең, жоғары бағалап отыратын. Оның көп жобасында еңбек етті, “Кешьюдің” әндерін жазды. “Досым” деп айтатын. Сол үшін осы мәселені Баян ғана түсінеді деп ойлаймын. Жолдасы екеуі ақылдасып, бір шешім қабылдар деген үміттемін. Баянжан, қолдан келсе бірдеңе қылып бір үй алып берсеңдер абыройларыңыз одан сайын өседі. Жарты ақшасын өзіміз жинауға тырысармыз. Екі тойға барып, түсетін қаражатты көмегім ретінде берейін», - деді халық әртісі.
Ол сонымен бірге «халықтан ақша жинау ұят болар» деп, бұл істің қайырымдылық емес, достық пен сыйластық деңгейінде шешілгенін қалайтынын айтты.
Айта кетейік, 2023 жылы 24 қаңтарда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, продюсер әрі тележүргізуші Арман Дүйсенов өмірден өткен еді.