ffin.kz

Көзбояуы жоқ көріністер

Көзбояуы жоқ көріністер goodfon.ru

«АҚШАМНЫҢ» КІТАПХАНАСЫНАН



КІТАП ПЕН ШАПАН


Жақынымның 70 жылдығын­да сөз сөйлеп, «әркім барын бе­реді» деп жаңа кітабымды ұстат­тым да, иығына шапан жаптым. Бәрін байқап тұрмын, жұбайы жалма-жан кітапты даяшылар тамақ қоятын үстелге тастай сал­ды. Шапанды әспеттеп орап, қа­нар қапқа сүңгітті.


Адамзатқа кітап қымбат па, шапан қымбат па?


Осы сауал сұрау белгісі боп иіліп тұр.




ТӨРТЕУ МЕН АЛТАУ


Шерхан Мұртаза Қазақ Теле­радио корпорациясында төраға боп тұрған кездері бір хабар жүргізді (1990–1992 жылдар ара­лығы). Бейнетаспа айқын, бірақ дауыс көмескі, қалта телефонды қырық минут құлағыма тақап ұстадым.


Хабарға қатысушылар: Әнуар Әлімжанов, Қадыр Мырза-Әлі және Әбіш Кекілбай. Төртеуі тө­бедей боп төрде отыр. Шерағаң шамырқанып, кері кетіп бара жатқан заманның заңсыз себеп­терін іздеп, ұры қалтада қымқы­рылып бара жатқан байлықты өзгеге қимай ауырсына сөйлеп, «Ал сендер, не дейсіңдер?» деп әріптестеріне мойын бұрды. Негізгі тақырып – қазақтың ұлт ретінде өзгелерден оза шабуы екендігін де баса айтты.


Әнуар Әлімжанов негізі орыстілді қаламгер, елдегі саяси ахуалға жалпылама баға берді.



Қадыр ақын «Жаным – арым­ның садағасы, арым – малымның садағасы» деген қазақ мақалына «арым – мансабымның садағасы» дегенді қосар едім. Қазір кәсіпті жете білмейтін білімсіздердің мансабы қатты етек алып кетті. Олар қызмет үшін әкесін де ая­майды. «Қой маңырапты дейді, сойса қасап сойса екен» деп. Қазір қой соя білмейтіндер құш­ханаға директор, күріш пен би­дайды ажырата білмейтіндер егін шаруашылығымен айналысатын өңірлерге әкім боп кетіп жатыр» деп біраз нақты мысалдар келтірді.



Сөз Әбіш Кекілбайға тиді. Әбекең аттай желіп отырып біраз мәселенің басын қайырды. Қазақ­тың табиғатты тап басатын ал­ғырлығын, болашақты болжағыш әулиелігін бәрінен озық қойды. Бір мысал келтірді. Бұрынырақта Түркіменстанға барғанда сонда мұнай тартып, көлік жүргізіп, күнін көріп жүрген қазақтарды көргенін, арада талай жыл өтіп, тәуелсіздік алғасын жұрттың өз жерінен жұмыс таппай шетелге жалданып, ауа көшкенін майдан қыл суырғандай маңғаз отырып жеткізді. «Бұған кім тыйым сала­ды?» деген күретамыр сауал сол сәтте көрерменнің көкейінде бүлкіл қаққаны айдан анық. Осындай аса қабілетті де ер мінез халықтың өз байлығына өзі ие бола алмауы қандай мінез-құлық­тан туындаған мініміз екен деген жауапкершілігі көп жанашыр сөздің шылбырын Әбекең алысқа лақтырды. «Дұ-рыс, жөн сөз, енді басқалар не дер екен?», – деп жүргізуші Шерағаң әріптестеріне қарады.


Көп нәрсе айтылып, ұлты­мыздың бүгініне баға беріліп, ертеңіне арнап тарам-тарам сы­зықтар сызылды.


Төртеу түгел отыр.


Алтау не дер екен?



ДИПЛОМ


Қадыр ақынның «Жаным – арымның садағасы, арым малым­ның садағасы» деген мақалға «арым – мансабымның садағасы» деген сөзді қосып қойса артық болмас еді» деп көгілдір экран­нан айтқан сөзін құптаймын.


Қазір кейінгі жастар арды мансапқа айырбастап жіберді. Тіл мен халық дәстүрі олар үшін екінші кезектегі нәрсе. Бәрінің шетелдік дипломы бар. Тек өзіміздің «Қасиет» деген қазақы диплом қолдарына тимеген.



ӨМІР МЕН ӨЛІМНІҢ АРАСЫ


– Бір өлімнен қалдым. Бұ жалғанның айықпас дертіне анық көзім жетті, – деді 75 пайыз ін­деттен сауығып, қатарға қосыл­ған туыстай боп кеткен құдайы қоңсым бір мал сойып, көрші-қо­лаңға ас беріп отырып. – Жансақ­тау бөлімінде жеті адам жатыр­мыз. Халім мүшкіл. Үш күннен кейін кісі тани бастадым. Бетім бері қараған кезде қасымдағы шашына ақ кірген қария сөз бас­тап, жөн сұрады.


– Қай жердің қазағысың?


– Сыр бойы...


– Руың не, жүзің қандай?


– Қыпшақ...


– Сені өліп қала ма деп едім, тірілейін дедің. Өлгенде бір қып­шақтың саны азаяр еді.., – деді.


Мен үн-түнсіз аспалы укол алуға әзірлене бастадым. Екі күн­нен кейін менің қамымды жеген қария о дүниелік болды. Тегін білмедім, қара желеңге орап алып кетті. Қазақтың саны бір адамға кеміді, өзіміз 13 миллион­ға әрең жеткенде... Су тамызып жатып та руға бөлініп, айықпас дертке шалдыққан қазағым-ай! Оу, дәм алып отырыңдар, менің тірі келгеніме қуанбайсыңдар ма? – деп жігіт ағасы көзінің ас­тын сипады.



ШОҚ ГҮЛДІҢ ШЫНДЫҒЫ


Бір көрініс көңілімді күпті қылады.


Көрші үйдегі республика про­куроры Ғалым Елемесов, жазушы Сайын Мұратбек ескерткіш-тақ­таларының тұсы туған күндері мен атаулы мереке сайын гүлге толып, өліге деген құрмет өмір шіркінге өрнек сап жатады. Бұл – жақын-жұрағат пен оқырманның ықылас-пейілі. Солармен қатар тұрған Фариза (Оңғарсынова) ақынның жансыз бейнесінің тұсы тап-таза, тек жаңбыр тамшысы­ның ізі ғана байқалады. Ес­керткіш-тақтаның астындағы гүл салғышта әркез қара торғай қо­нақтап отырады. Марқұм Есенға­ли туған күнінде бір рет гүл шо­ғын қойып кеткені е сімде. «Фариза, Фаризажан, Фариза қыз, Өмірде ақындардың бәрі жалғыз» деп аудиторияда күңі­реніп жыр оқысақ та өлі рухқа тәу етуді ұмытып кетіп жүрміз.


Шоқ гүлдің шындығы осы.



Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32